Демографиялық ауысу және жаһандық демографиялық үрдістер
16.10.2024
Әлемде болып жатқан демографиялық үрдістер "Демографиялық ауысу" деп аталатын теориямен түсіндіріледі. Демографиялық ауысу — тарихи тұрғыдан туу мен өлім-жітімнің тез төмендеуі, бұның нәтижесінде халықтың көбеюі қарапайым ұрпақты алмастыруға дейін азаяды, ал соңғы кезеңде туу деңгейінің халықтың көбею деңгейінен төмендеуіне байланысты (бір әйелге шаққанда 2,1 туу), халықтың қартаюына байланысты және біртіндеп артып келе жатқан өлім-жітімнің салдарынан туу деңгейі өлім деңгейінен төмендейді және депопуляция туындайды. Алғашқы демографиялық ауысу байырғы дәуірден бастау алып, әлемнің көптеген елдерінде әлі де жалғасып келеді. Елдер өздерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму ерекшеліктеріне сүйене отырып, бірінші демографиялық ауысудың әртүрлі кезеңдерінде тұр. Кейбір елдер тіпті екінші демографиялық ауысуға көшті. Бірінші демографиялық ауысудың байырғы кезеңі алғашқы дәуірге сәйкес келеді. Сол дәуірде туу мен өлім деңгейі жоғары болды. Нәтижесінде төмен табиғи өсім халық санының өсуін тежеді. Қазір барлық елдер осы кезеңнен өтті. Екінші кезең өлім-жітімнің төмендеуімен сипатталады, бұл медицинадағы алғашқы жетістіктермен байланысты. Бірақ туу әлі де жоғары деңгейде тұр. Халық санының бастапқы өсуі байқалады. Бүгінгі таңда бұл кезең Африканың көптеген елдеріне тән. Үшінші кезең өлім-жітімнің төмендеуінің жалғасуымен, бірақ туудың одан да тез төмендеуімен сипатталады. Табиғи өсім төмендей бастайды, бірақ халық санының артуы жалғасуда. Батыс және Оңтүстік Азияның көптеген елдері, оңтүстік және Солтүстік Африка елдері осы кезеңде тұр. Төртінші кезеңде бала туудың одан әрі төмендеуі және тұрақтануы байқалады. Бұл кезеңге енген алғашқы аймақ Еуропа болды. ХХ ғасырдың аяғында оған Солтүстік Америка, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Австралия, Жаңа Зеландия елдері қосылды. Қазіргі уақытта Еуропа, Солтүстік Америка, Австралия, Жаңа Зеландия елдері, Шығыс Азияның дамыған елдері қазірдің өзінде-ақ "Екінші демографиялық ауысуға" көшті. Бұл елдерде туу халықтың қарапайым көбеюін қамтамасыз ететін деңгейден төмен (1 әйелге шаққанда 2,1 тірі туылған нәресте). Соңғы уақытта көші-қон анағұрлым дамыған елдердегі халық санының серпініне елеулі үлес қосады. Осыған байланысты Үшінші демографиялық ауысу теориясы — халық санының, этникалық құрылымының өзгеруіне және, тұтастай алғанда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көші-қон әсер ететін ел халқының дамуының ерекше кезеңі пайда болды. Қазақстандағы қазіргі демографиялық жағдай ауысу теориясымен түсіндірілмейді. 2000-шы жылдардың басынан бері елде бала туудың өсімі байқалады және оның бір әйелге шаққанда 2,1 туылғаннан төмен көрсеткіштен төмендеуі туралы болжам жасауға әлі ерте.
Қарау саны: 80 |
|
|