Фискалдық орталықсыздандыру туралы зерттеу семинары.
21.10.2024
2024 жылғы 18 қазанда Экономикалық зерттеулер институтының (Институт) алаңында Азия Даму банкімен (АДБ) бірлесіп, фискалдық орталықсыздандыру мәселелеріне арналған семинар өтті. Аталған зерттеу Білім мен тәжірибе алмасу бірлескен бағдарламасының (БТАБ) аясындағы жоба болып табылады. Анықтама үшін: 2013 жылы Қазақстан Үкіметі мен АДБ Білім мен тәжірибе алмасу бірлескен бағдарламасын (БТАБ) бекітіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бағдарламаның мақсаты – сұранысқа сай, уақтылы және озық зерттеулер жүргізу арқылы саяси диалогты кеңейту және әлеуетті арттыру. Фискалдық орталықсыздандыру мәселелерін талқылауға Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Ұлттық банктің, ҚСЗИ, AERC, NAC Analytica, «Зерттеу, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС, Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің өкілдері және басқа да мамандар қатысты. Семинардың ашылу салтанатында Институттың Басқарма төрағасы Әсел Ерболқызы Сарсенбаева және АДБ-ның Бас экономика маманы Альберт Парк мырза құттықтау сөз сөйледі. Құттықтау барысында екіжақты серіктестік қатынастардың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның Өңірлік әл-ауқат индексін (Regional Well-being Index) әзірлеу сынды бірлескен зерттеу нәтижелерін баяндап, алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен қатар, Әсел Ерболқызы фискалдық орталықсыздандыру бойынша қазіргі жұмыс БТАБ-тың бесінші фазасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қазақстанның даму басымдықтары және қазіргі фискалдық ахуал жөнінде баяндама жасаған Институт Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов болды. Негізгі презентациямен АДБ-ның халықаралық кеңесшісі, Лондон экономика мектебінің (LSE) профессоры Андрес Родригес-Позе мырза сөз сөйледі. Ол қатысушыларға ОЭСР елдерінің бюджеттік кіріс құрылымын зерттеу, бюджеттік деңгейлер бойынша кіріс ағындарын сандық талдау және әрбір аймақтың салық ауыртпалығының шекті деңгейін бағалауды қамтитын жұмыстың алдын ала нәтижелерін ұсынды. Аталған жұмыстың қорытынды нәтижелері 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында фискалдық орталықсыздандыру сценарийлері бойынша ұсыныстар түрінде жарияланатын болады. Іс-шараның соңында Институттың Басқарма төрағасы Әсел Ерболқызы жобаның командасы алынған ұсыныстарды мұқият зерттейтінін және Институттың ашық диалог пен ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
Қарау саны: 86 |
|
|