ШОБ сандармен: білім беру
06.11.2024
Қазақстанның білім беру секторы заманауи стандарттарға сәйкестендіру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында үлкен өзгерістерден өтуде. Бүгінде білім беру жүйесі цифрлық дәуірдің сын-тегеуріндеріне бейімделіп, білімге қолжетімділікті арттырып, онлайн-оқыту инфрақұрылымын дамытуда. Қазақстан әлемдегі білім беру сапасы бойынша 93 елдің ішінен 62-орынға ие болды, бұл саланың мықты тұстарымен бірге әлі де жақсартуды қажет ететін әлеуетінің бар екенін көрсетеді. «ШОБ сандары» айдары аясында біз білім беру секторына назар аударамыз. Бұл сала тек әлеуметтік институт ретінде ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін де маңызды алаң болып табылады. Білім беру стартаптары, онлайн-платформалар мен жеке мектептер өздерінің орнын алуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және кең көлемде білімге қолжетімділікті жақсартуға ұмтылуда. 2024 жылдың 1 қазанына сәйкес білім беру саласында 47 782 ШОБ субъектілері тіркелген, оның ішінде 93.4% (44 628 бірлік) белсенді жұмыс жасауда. Белсенді ШОБ үлесі білім беру саласында елдегі жалпы белсенді ШОБ-тың 2.2%-ын құрайды, бұл кәсіпкерлердің білім беру ландшафтының қалыптасуына атсалысуға деген ұмтылысын көрсетеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім беру саласындағы бір ШОБ қызметкері 3.1 млн теңге көлемінде қызмет көрсеткен. Өнімнің жалпы көлемі 495 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 1.5 есе өскен. Бұл әсіресе цифрлық сегментте білім беру қызметтеріне сұраныстың артқанын көрсетеді. Жұмысбастылық бойынша білім беру секторы басқа салалар арасында 8-орында, 159 971 адамға жұмыс орындарын ашып, ШОБ-те жалпы жұмысбастылардың 3.7%-ын қамтамасыз етеді. Бұл сектордың ел экономикасындағы маңыздылығы мен өнімділігін айқындайды. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында білім беру секторының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 4.7%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0.1 пайыздық тармаққа өскен. Бұл білім беруді бәсекеге қабілетті ету үшін реформалар мен инвестициялардың қажеттілігін айқындайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2023 жылдың соңында PISA-2022 оқу жетістіктерін бағалау бағдарламасының нәтижелерін жариялады, онда Қазақстан математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша үздік 50 ел қатарына енді. Сондай-ақ, PISA-2022 нәтижесі бойынша қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалды. Білім министрі Ғани Бейсембаев мұндай нәтижелердің мұғалім мәртебесін арттыру, олардың жалақысын көтеру және оқушылар үшін қауіпсіз ортаны құрумен байланысты екенін атап өтті. Алдағы уақытта білім беруді цифрландыру және жаңа стандарттарды енгізу оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру саласында инновациялық әдістерді енгізуге және тұрақты дамуға ұмтылған кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қарау саны: 31 |
|
|