Денсаулық сақтауға инвестициялардың өсуі – реформалардың нақты нәтижесі
07.11.2024
Динара Мукушева, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директор орынбасары Қазақстандағы қазіргі реформаларды талқылағанда, фактілерге және көзбен көретін өзгерістерге назар аудару маңызды. Аймақтық дамуды, әсіресе ауылдық аймақтарды зерттей отырып, жаңа тәсілдердің өмір сапасын арттырудағы тиімділігіне көз жеткізуге болады. Өзімнің жеке тәжірибем: жақында Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданының Алтын дән ауылдық округіне барып, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарына назар аудардым. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды оқиға, себебі енді адамдар «үйінің қасынан» медициналық көмек ала алады, бұл әсіресе жедел жағдайларда өте маңызды. Медициналық көмектің қолжетімділігі, әсіресе егде жастағы тұрғындары басым шалғай ауылдарда, адамдардың әл-ауқатының маңызды аспектісі болып табылады. Жалпы, денсаулық сақтау саласы – өмір сапасын анықтайтын негізгі салалардың бірі екеніне дау айту қиын. Сондықтан осы бағытта қысқа мерзімде қол жеткізілген тағы бірқатар маңызды нәтижелерді атап өткім келеді: 1. Соңғы 5 жылда медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есе өсті – 2019 жылы 6 млрд теңгеден 2023 жылы 78,1 млрд теңгеге дейін. 2. 2019 жылдан бері амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2 еседен астам ұлғайып, 237 млрд теңгені құрады, оның ішінде сирек кездесетін ауруларды емдеуге – 51,8 млрд теңге бөлінген. Жалпы, 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. 3. Денсаулық сақтаудағы негізгі капиталға инвестициялар жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар (НКИ) 257,2 млрд теңгені құрады, жоспар бойынша 248,5 млрд теңге (103%). 4. Соңғы 5 жылда 400-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды, 4 000-нан астам нысандар жөнделді, 75 млрд теңгеден астам сомаға медициналық жабдықтар сатып алынды, бұл еліміздің денсаулық сақтау инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартуға ықпал етті. 5. Ауылдық тұрғындарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету деңгейі, өңірлердің медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілуінің ең төменгі нормативіне сәйкес, 2022 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша әр 10 мың ауыл тұрғынына шаққанда 91,3-ті құрады. Қол жеткізілген деңгей жоспарлы көрсеткіштен 87,3-ті құрады, бұл 4,6%-ға жоғары. Айтпақшы, бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған шаралардың тиімділігін бағалау үшін пайдаланылады. Қуанышты жаңалық – 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет әлеуметтік бағытта қала береді. Бюджетте медициналық инфрақұрылымды жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған шығыстарды жыл сайын арттыру қарастырылған. 2025 жылы шығындар 2,568 трлн теңгені, 2026 жылы – 2,644 трлн, ал 2027 жылы – 2,649 трлн теңгені құрайды. Жалпы, Қазақстан денсаулық сақтауға шығыстар үлесін 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-ына жеткізу мақсатына сенімді түрде жылжуда.
Қарау саны: 56 |
|
|