«Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?» айдары
25.11.2024
Келесі жарияланымдарда біз елдің қаржы саласының даму деңгейін көрсететін халықаралық рейтинг көрсеткіштерін қарастырамыз. «Қаржылық карталар бойынша операциялар» көрсеткіші IMD Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингі (әрі қарай – IMD) аясындағы «Қаржы» субфакторына кіреді. Бұл көрсеткіш бір адамға шаққандағы АҚШ долларымен есептеледі және карталар арқылы төлемдер мен банкомат операцияларын (дебеттік, кредиттік, комиссиялық төлемдер, нақты уақыттағы және алдын ала төлемдер) қамтиды. IMD 2024 рейтингінде 2023 жылдың деректері пайдаланылған. IMD 2024 нәтижесінде Қазақстан 67 елдің ішінде 14-орынды иеленіп, бір адамға шаққандағы 18 010 АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан өткен рейтингпен салыстырғанда (20-орын, 13 750 АҚШ доллары) 6 позицияға жоғарылаған. Позицияның жақсаруы келесі факторлармен байланысты: ⦁ қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымын дамыту, ⦁ халықаралық төлем жүйелерімен ынтымақтастықты кеңейту, ⦁ жаңа цифрлық шешімдерді енгізу, ⦁ банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, ⦁ халықтың қаржылық сауаттылығын жоғарылату. Дереккөз: IMD Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингі 2020-2024 2024 жылғы рейтингте көшбасшылар: Тайвань (39 794), АҚШ (36 734) және Финляндия (27 673). Қазақстан ОАЭ-ның (18 644) және Ирландияның (17 478) ортасында орналасқан. Артта қалған елдер: Иордания (26), Гана (456) және Үндістан (505). Әлемде қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсу үрдісі байқалуда, оған COVID-19 пандемиясы да ықпал етті. Mastercard Inc. компаниясының «Цифрлық төлемдер трендтері» жаһандық шолуына сәйкес, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің жылдам өсуі: ⦁ халықтың орта жасының 29,9 жыл болуы, ⦁ интернет пен мобильді байланыстың жоғары деңгейі (91%), ⦁ банк қызметтерінің (81%) және цифрлық төлемдердің (78%) кең таралуымен байланысты. Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейі бойынша ТМД елдері арасында көшбасшы. Елімізде цифрлық қолма-қол ақшасыз экономикаға көшу шаралары жан-жақты қолдау табуда. 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасында цифрлық теңгені енгізу, жаңа қаржы технологиялары мен қаржы нарығының цифрлық сервистер жүйесін дамыту көзделген. Бұл шаралар жаһандық қаржы саласының даму трендтеріне толық сәйкес келеді.
Қарау саны: 48 |
|
|