Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясында Қазақстан заңнамасын мониторингтеудің 5-кезең нәтижелерін бағалаудың таныстырылымы

26.11.2024

2024 жылғы 20-21 қараша аралығында Астана қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясында Қазақстан заңнамасын мониторингтеудің 5-кезең нәтижелерін бағалауға арналған кездесу өтті. Іс-шараны Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі (бұдан әрі – ЭЫДҰ СЖҚЖ) Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл іс-шара ЭЫДҰ СЖҚЖ жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық жоба аясында өткізілді. Оның мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілерін тергеу сапасы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ активтерді тәркілеу және санкциялар қолдану шараларын күшейтуге жәрдемдесу.

Қазақстан тарапынан талқылауға Президент Әкімшілігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Парламент, Бас прокуратура, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың, Парламентаризм институтының, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өкілдері қатысты.

Кездесудің бірінші күні сараптамалық пікірталастың жеке тақырыптары ретінде заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілігін енгізу, активтерді қайтару, тәркілеу және сыбайлас жемқорлық істері бойынша санкциялар мәселелеріне арналған зерттеулердің нәтижелері қарастырылды.

ЭЫДҰ сарапшылары заңды тұлғалардың жауапкершілігін реттеу тәсілдері бойынша халықаралық табысты кейстерді ұсынды. Олар қолданыстағы әкімшілік шаралар жүйесін, оны күшейтуге бағытталған заңнамалық бастамаларды, сондай-ақ бизнестің ашықтығы мен адалдығын арттыруға бағытталған балама шараларды қамтыды.

Қатысушылар ЭЫДҰ елдерінің үздік тәжірибелерін және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

Кездесудің екінші күні Қазақстан заңнамасын мониторингтеудің 5-раундының нәтижелерін бағалау бойынша презентацияға арналды.

ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жетістіктерін, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың институционалдық негіздерін нығайту және құқықтық механизмдерді дамыту бағыттарын атап өтті.

Сонымен қатар, жетілдіруді қажет ететін аспекттер де көрсетілді, олардың қатарында ақпараттандырушыларды қорғау, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның қызметін күшейту, прокуратура мен сот органдарының тәуелсіздігі бар.

Сондай-ақ, ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша ЭЫДҰ тарапынан техникалық көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Қазақстан тарапы сарапшыларға терең талдау мен ұсынымдары үшін алғыс білдірді. Бұл ұсынымдар ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру барысында, оның ішінде халықаралық стандарттарды енгізу бағытында ескерілетін болады.

ЭЫДҰ-мен бірлескен жұмыс Қазақстанның құқықтық жүйесін нығайту және қоғамның билік органдарына деген сенімін арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.



Қарау саны: 54
Сақталған: 28.11.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!