«Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?» айдары

02.12.2024

Аталмыш көрсеткіш сауалнама нәтижесінде есептеледі. Сауалнамада респонденттерден үкіметтің киберқауіпсіздік қатерлерінен болатын залалды азайту үшін жеткілікті білікті мамандар мен ресурстарға ие екенін бағалау сұралады. 

Көрсеткіштің мәні 0-ден 10-ға дейінгі аралықта өлшенеді, мұнда 0 – үкіметтің қарапайым киберқатерлерге де қарсы тұра алмайтынын, ал 10 – күрделі кибершабуылдармен күресу үшін қажетті ресурстардың бар екенін білдіреді.
  

Қазақстанның көрсеткіштері мен позициялары

IMD рейтингісінің 2024 жылғы нәтижелері бойынша Қазақстан 67 елдің ішінде 5,16 ұпаймен 48-орынға ие болды. Өткен жылмен салыстырғанда, елдің позициясы 4 тармаққа, ал көрсеткіш мәні 0,26-ға төмендеді (2023 жылы 5,42 ұпаймен 64 елдің ішінде 44-орын). 

Соңғы бес жылда Қазақстан үкіметінің киберқауіпсіздік саласындағы қабілеттілігіне қатысты респонденттердің бағалауы 5,45-тен 5,16-ға дейін төмендеді. Осыған сәйкес елдің рейтингі 2020 жылы 43-орыннан 2024 жылы 48-орынға сырғыды. 

Бұл ең алдымен, елде интернет алаяқтық, соның ішінде фишинг, деректерді ұрлау және алдау схемаларының көбеюімен байланысты. Сонымен қатар, рейтинг нәтижелері бойынша, әлемдік орташа мәннің шамалы өскені байқалады (2023 жылғы 5,90-дан 2024 жылғы 5,92-ге дейін). 

Киберқауіпсіздік бойынша көшбасшылар қатарында Сауд Арабиясы (8,44), Катар (8,02), Сингапур (7,83), Финляндия (7,82) және Бахрейн (7,65) бар. Ал ең төменгі көрсеткіштер Венесуэлада (2,98), Мексикада (3,50), Моңғолияда (4,00), Перуде (4,02) және Болгарияда (4,06) тіркелді.  

Қазақстан Чили (5,06), Түркия (4,82), Жаңа Зеландия (4,82), Колумбия (4,79), Словакия (4,54) және Венгрия (4,45) сияқты ЭЫДҰ елдерін басып озды.

Киберқауіпсіздікті күшейту шаралары

Киберқауіпсіздіктің маңыздылығы артқандықтан, Қазақстанда соңғы жылдары пайдаланушылардың деректерін қорғау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейі 48,65%-ды құрады. Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сәйкес, киберқауіпсіздік саласында кадрлық әлеуетті арттыру жұмыстары жүргізілуде. 

Мысалы, ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша білім гранттарының саны жыл сайын артып келеді: 2021-2022 оқу жылында 2 600 грант бөлінсе, 2022-2023 жылдары – 3 009, ал 2023-2024 жылдары – 3 723 грант бөлінді. Халықтың ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен жеке деректерді қорғау туралы хабардар болу деңгейі де өсуде: 2021 жылы – 75%, 2022 жылы – 77,4%, ал 2023 жылы – 80,4%.  

Ұзақ мерзімді перспективада киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де шешімін табатын болады. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында қорғау инфрақұрылымын дамыту арқылы киберқауіпсіздікті нығайту көзделген.

Әсіресе, жеке деректерді қорғауға арналған техникалық құралдарды күшейтуге ерекше назар аударылатын болады. Пайдаланушылардың мінез-құлқын және контексттік факторларды (мысалы, орналасқан жері мен пайдаланатын желісі) талдау үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолдану деректерді қорғау деңгейін арттыруға және рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмауға мүмкіндік береді.
 

Сонымен қатар, 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы аясында да тиісті шаралар қарастырылған. Бұл шаралар Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позицияларын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.



Қарау саны: 50
Сақталған: 02.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!