Өңірлер: апта оқиғалары (2024 жылғы 25 қараша – 1 желтоқсан)

02.12.2024

Ақтөбе облысы. Ақтөбе қаласында 2049 жылға дейін жұмыс істейтін «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылмақ. АЭА Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай маңындағы 858 га аумақты қамтиды. Жоба инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және жалпы қосымша құнды арттыруға бағытталған.

АЭА-ның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне жақындығы логистика мен өндірістің дамуына ықпал етеді. Аймақ қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылып, бұл отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды болады.

Жамбыл облысы. Шу ауданында жел энергетикалық станцияларына (ЖЭС) арналған компоненттер шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Құны 53,6 млрд теңге болатын жобаны қытайлық Sany Renewable Energy компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС жүзеге асырады. Зауыт 2 ГВт қуаттылыққа арналған ЖЭС жабдықтарын өндіреді және 300 жұмыс орнын ашады. Пайдалануға беру мерзімі – 2025 жылдың соңы.

Облыс жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. Мұнда 571,3 МВт қуаттылыққа ие 22 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, олардың қатарына су, жел және күн электр станциялары кіреді. 2024 жылы жалпы құны 214 млрд теңгеге 35 инвестициялық жоба, соның ішінде «Жібек Жолы» АЭА-дағы жобалар іске асырылмақ. 

Түркістан облысы. Кентау қаласы ресми түрде экологиялық апатты аймақ деп танылды. Бұл шешім тұрғындарға жалақыға 20% үстемақы алуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Д.Сатыбалдының айтуынша, шешім экология мен денсаулық сақтау министрліктері жүргізген зерттеулер негізінде қабылданды.

Экологиялық апатты аймақ мәртебесін іске асыру үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге қосымша қаржы бөлу жоспарланған.

Жамбыл облысы. Облыстың инвестициялық штабының отырысында аймақ басшысы Е.Карашукеев «Zhambyl Invest» дирекциясының жаңартылған жұмыс форматын таныстырды. Дирекция 757 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Негізгі бастамалар қатарында: Қордай ауданындағы тау-кен металлургиялық комбинат (61,1 млрд теңге), «Тараз» индустриялық аймағындағы және «Жібек Жолы» АЭА-дағы металлургиялық зауыттар, Тараздағы тракторлар жинау желісі мен шағын өнеркәсіптік аймақтағы тамшылатып суару жүйелері, Шу ауданындағы ЖЭС компоненттерін шығару зауыты.

Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Әкім инвестицияларды тиімді тарту үшін әкімшілік кедергілерді жою қажеттігін атап өтті.

Алматы қаласы. Қала әкімі Е.Досаев Қытайдың Эксимбанк вице-президенті Ян Дуннинмен кездесу өткізіп, инфрақұрылымдық және «жасыл» жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ туризмді дамыту перспективаларын талқылады. Кездесудің негізгі тақырыптары: жаңа метро желілерін салуды қаржыландыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жобаларын жүзеге асыру, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, туризм саласындағы ынтымақтастық.

2024 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы, ал 2025 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған. Тараптар мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Алматы қаласы. Қаржы басқармасының басшысы К.Сұхамбеков жас мамандарға ипотекалық займдар беру үшін қосымша транш бөлінетінін хабарлады. Бұл транш әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық және басқа да салалардың 80 жас маманына ипотекалық займ алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының 2 510 қызметкерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

2023 жылы тұрғын үй бағдарламасына 7 072 өтінім түскен, олардың 1 924-і мақұлданды. Жыл соңына дейін 1 200-ден астам займ беріледі деп жоспарлануда.

Ақмола облысы. Облыстың шалғай аудандарында интернетке тұрақты қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті. Әкім орынбасары Е.Жаркешовтің айтуынша, «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 2027 жылға дейін 243 елді мекенді қосу және Көкшетауда 5G желісінің 56 базалық станциясын орнату жоспарланған. Шалғай ауылдардағы 264 мектеп «Starlink» пилоттық жобасы аясында қосылған. Қазірдің өзінде 333 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған, Ақкөл, Жақсы және Ерейментау аудандарында үш антенна-діңгек құрылғысын орнату жоспарлануда.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымын жақсарту үшін алты антенна-діңгек құрылғысы орнатылған, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. 

Шығыс Қазақстан облысы. Зайсан ауданында Сатпай елді мекенінде жаңа әуежай салу бойынша ЖСҚ әзірлеу басталды. Жоба туризмді дамыту және көліктік қолжетімділікті жақсартуға бағытталған. Бұл Омбы – Майқапшағай автожолын қайта жөндеуді де қамтиды, оның бюджеті 17,4 млрд теңге.

Павлодар облысы. Өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 10 айда 2,8 трлн теңгеге жетіп, өңдеу өнеркәсібі 8%-дан астамға өсті. Өңір ауыл шаруашылығы секторына инвестиция салу бойынша көш бастап тұр.

Түркістан облысы. Өңірде мақта кластерін құруға 226 млрд теңге инвестиция салынады. Тоғыз жоба жүзеге асырылып, мақта өнімділігі үш есе артады (70 ц/га дейін), 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 50 мың гектар жерге суды үнемдейтін технологиялар енгізілуде.

Жыл басынан бері аймаққа құйылған инвестициялар 17,7%-ға өсіп, 888,5 млрд теңгені құрады. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 685 млн АҚШ долларына жетті. Аймақта дрондар, бейнебақылау камералары, тұрмыстық техника өндірісі және өнеркәсіптік нысандар салу бойынша алты ірі жоба жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысы. Байқоңыр қаласында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жобасы іске қосылды. Жыл сайын 65 мың тонна қалдық қайта өңделіп, 36 жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны 560,2 млн теңге, оның ішінде 504,2 млн теңге ҚР Индустрияны дамыту қоры арқылы бөлінеді.

Астана қаласы. 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында қаланың ЖӨӨ 5,5 трлн теңгеге жетіп, шағын және орта бизнестің үлесі 72%-ды құрады. Инвестициялар көлемі – 1,3 трлн теңге. Қаланың негізгі жобалары қатарында Digital System Service (жылына 720 мың телекоммуникациялық құрылғы шығару), Wabtec локомотив зауыты (611 тепловоз құрастыру, локализация деңгейі – 75%, 742 жұмыс орны), Ashina KZ тігін фабрикасы (жылдық қуаты – 24 мың өнім), «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты (336,7 тонна алтын және 64,2 тонна күміс өндірілді).

 2035 жылға дейін елордада 2 мың гектар аумақтағы ескі ғимараттар сүріліп, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер мен жаңа көшелер салынатын болады.



Қарау саны: 85
Сақталған: 02.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!