Моноқалалар: Ақсай

06.12.2024

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында орналасқан моноқала Ақсай – өңірдің маңызды өнеркәсіптік және экономикалық әлеуетін көрсететін орталық. Қала ерекше тарихымен, стратегиялық орналасуымен және Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының игерілуімен тығыз байланысты, бұл оны Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытудағы маңызды орталыққа айналдырды.

XX ғасырдың ортасына дейін қазіргі Ақсай аумағында тұрақты елді мекендер болмаған. 1936 жылы Орал – Соль-Илецк темір жолының құрылысы басталып, жобалаушылар «Қазақстан» деп аталатын станция орнын таңдады. Осы станция негізінде 1967 жылы қала мәртебесін алған және Ақсай деп аталған елді мекен құрылды.

Қаланың тарихындағы маңызды оқиға – 1979 жылы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының ашылуы. Бұл оқиға экономикалық дамудың негізіне айналып, Ақсайды Қазақстанның мұнай-газ өндіру саласының ірі орталықтарының біріне айналдырды.

Қаланың негізгі өнеркәсіптік кәсіпорны – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (Karachaganak Petroleum Operating B.V.), ол Қарашығанақ жобасын жүзеге асыру үшін компаниялардың консорциумы ретінде құрылған.

Ақсайдың өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Соңғы 5 жылда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсіп, 2023 жылы 3 трлн теңгеге жетті. Қаланың экономикасының негізін тау-кен өнеркәсібі құрайды, оның үлесіне өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінің 98%-ы тиесілі.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 310,6 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 23,5%-ға артық.

Қаланың халқының саны аздап өсіп, 2023 жылы 42,9 мың адамды құрады. Халықтың жас құрылымы болашақ демографиялық және әлеуметтік даму мүмкіндіктерін көрсетеді: 15 жасқа дейінгі жастардың үлесі 26,9%, ал 15–63 жас аралығындағы тұрғындар – 66,7%, 63 жастан асқандар – 7%.

Экономикалық белсенді халық саны 2019 жылғы 29,5 мың адамнан 2023 жылы 30,3 мың адамға дейін 2,8%-ға өсті. 2023 жылы орташа айлық номиналды жалақы 563 мың теңгені құрады.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында қала өнеркәсібінде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 2022 жылдың желтоқсанында «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС жобасы іске қосылды, ол клапандар мен бекіту арматураларын өндіру және сервистік қызмет көрсетуге маманданған. Оның жобалық қуаты жылына 3 500 клапанды құрайды, инвестиция көлемі – 3 млрд теңге.

Ақсайда іргелі жобаларды іске асыру аясында бірнеше маңызды нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Ақсай индустриялық паркі» (жылдық қуаты 15 000 тонна) және «Конденсат» АҚ (К5 экологиялық класындағы мотор отынын өндіру).

2024 жылдың қазан айында қуаттылығы жылына 5 000 тоннаны құрайтын тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу цехы – «Digitalisation and Recycling» ЖШС іске қосылды.

Айгерим Аманжолова
Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші сарапшысы




Қарау саны: 42
Сақталған: 06.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!