Бакудегі климаттық келіссөздердің қорытындылары

06.12.2024

2024 жылдың 11-22 қарашасы аралығында әлем назарын Бакуде (Әзірбайжан) өткен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша БҰҰ ұйымдастырған Тараптар конференциясы (COP29) аударды. Конференцияға 65 мың адам, соның ішінде 100-ге жуық елдің көшбасшылары қатысты.

Конференцияның басты тақырыбы климаттық іс-қимылдарды қаржыландыру болды. Шешуші мәселе ретінде Жаңа Ұжымдық Қаржыландыру Мақсаты (NCQG - new collective quantified goal) қарастырылды. 2009 жылы Копенгагенде өткен COP15 конференциясында дамыған елдер дамушы елдердегі климат өзгерісіне қарсы іс-шараларды қолдау үшін 2020 жылға қарай жыл сайын 100 миллиард доллар тартуға келіскен еді. 2015 жылы Париж келісімі шеңберінде бұл мақсат 2025 жылға дейін ұзартылып, кейінгі кезеңге 100 миллиард доллардан басталатын жаңа қаржылық мақсаттар белгіленетін болды. 

Бакуде қабылданған маңызды шешім бойынша жыл сайынғы климаттық қаржыландыру көлемі 100 миллиардтан 300 миллиард долларға ұлғайтылып, 2035 жылға қарай бұл сома 1,3 триллион долларға дейін артуы мүмкін. Бұл қаражат дамыған елдерден кедей мемлекеттерге бағытталмақ. NCQG-дің негізгі донорлары – Франция, Германия, АҚШ, ЕО және Ұлыбритания. Алайда, климат нарығындағы ірі ойыншылардың бірі Қытай бұл механизмге қатыспайтынын мәлімдеді. Қытай екіжақты жобаларды жөн санайтынын айтып, Глобалдық Оңтүстік елдеріне миллиардтаған юань бөлуге уәде берді. 

Жыл сайын бөлінетін 300 миллиард доллар дамушы елдерге климат өзгерісінің салдарын еңсеруге, жасыл энергетикаға көшуге және ғаламшардағы температураның 1,5–2 °C шегінде өсуін ұстауға көмектеседі. 

Дегенмен, бұл шешім сынға ұшырады. Төмен табысты елдер жыл сайын 1,3 триллион доллар көлемінде мемлекеттік грант түріндегі қаржыландыруды талап еткен еді. Ал қабылданған келісім мұны нақтылап көрсетпейді. Сондықтан кедей елдердің климат мәселелерін шешудің орнына қарыздық циклге түсіп қалу қаупі айтылды. 

Көмірсутекті отыннан біртіндеп бас тарту мәселесінде айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Сауд Арабиясы дипломаттары мұнай мен газдан бас тарту туралы тұжырымдаманы финалдық құжатқа енгізуге тосқауыл қойды. Бұл формулировка бұрынғы COP28 қорытындысында нақты жазылған еді. 

Дегенмен, Бакуде көміртек нарықтарына арналған халықаралық ережелер бойынша 10 жылда алғаш рет консенсусқа қол жеткізілді. Бұл шешім конференцияның ең маңызды нәтижелерінің бірі деп саналады. Қабылданған ережелер дамыған елдердің дамушы елдердегі ластануды азайту жобаларына елеулі инвестиция салуына негіз болады. 

Париж келісімінің 6.4-бабы шеңберінде қабылданған орталықтандырылған механизм БҰҰ аясында көміртек квоталарын халықаралық сауданы реттейді. Жалпы көміртек нарығы елдерге өздерінің климаттық мақсаттарына шығарындыларды азайту жобалары арқылы алынған көміртек кредиттерін сатып алу есебінен қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Конференцияның маңызды жетістіктерінің бірі – шығындарды өтеу және зиянды қалпына келтіру қорының институционализациясын аяқтау болды. Бұл бастама 2022 жылы ұсынылған еді. Қор 2025 жылы жұмысын бастайды деп жоспарлануда. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда сөз сөйлеп, еліміздің климаттық күн тәртібіне бейілділігін растады. Ол көміртек бейтараптығына 2060 жылға дейін қол жеткізу мақсатын атап өтті және Орталық Азия сияқты осал аймақтарға тұрақты қаржыландыру мен технологиялардың қажеттілігін баса айтты. 

Келесі COP30 келіссөздері Бразилияда өтеді. Онда елдер қазба отынынан бас тарту жолдары мен мерзімдерін анықтап, 2035 жылға дейін СО2 шығарындыларын азайту бойынша ерікті жоспарларын ұсынады.

Айдын Бакдолотов

Климаттың өзгеруі орталығының директоры




Қарау саны: 47
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!