ҰБО: нақты жағдайлар. Батыс Вирджиния тұрғындарының Rockwool компаниясымен қақтығысы
11.12.2024
«Батыс Вирджиния тұрғындары тұрақты даму үшін» ұйымы – аймақтың экологиялық және әлеуметтік әл-ауқаты үшін күресетін еріктілер тобы. Олар зауыт құрылысы қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын бұзып, ақпаратты жасырғанын және жергілікті халықтың пікірін елемегенін мәлімдеді. Белсенділер компания тәуекелдерді толық талдамай, әсіресе жақын жерде тұратын және оқитын балалардың денсаулығына әсер етуі мүмкін салдарды ескермегеніне сенімді болды. Құрылыс саласындағы инновацияларымен танымал Rockwool International
компаниясы бұл айыптаулармен келіспеді. Компания жобаның барлық жергілікті
экологиялық стандарттарға сай екенін және зауыттың жауапты көзқарастың үлгісіне
айналатынын мәлімдеді. Дегенмен, компания құрылыс жұмыстарының бастапқы
кезеңінде жергілікті қауымдастықпен жақсы қарым-қатынас орната алмағанын
мойындады. Бірақ неге шағым Данияға бағытталды? Себебі, ҰБО ЭЫДҰ-ның жауапты
іскерлік тәжірибесі жөніндегі Нұсқаулықтарының сақталуын қадағалайды. Ал
Rockwool компаниясы Данияда тіркелгендіктен, бұл мәселені шешу Данияның ҰБО құзыретіне
кірді. Алдымен Дания ҰБО тараптарды бір шешімге келтіру үшін диалог
ұйымдастыруға тырысты. Алайда, бұл нәтиже бермеген соң, медиация жүргізу
ұсынылды. Бірақ Rockwool медиациядан бас тартты. Содан кейін Дания ҰБО тәуелсіз тергеу жүргізіп, жобаның бастапқы
кезеңінде компания жергілікті тұрғындар мен экологияға төнуі мүмкін
тәуекелдерді жеткілікті деңгейде ескермегенін анықтады. Бұдан бөлек,
тұрғындармен қарым-қатынас формалды және біржақты сипатта болған – компания
таратқан баспасөз хабарламалары мен буклеттер адамдармен тікелей кеңесудің
орнын алмастыра алмады. ҰБО Rockwool компаниясына өз жобаларын жоспарлау тәсілдерін қайта
қарауды, тәуекелдерді бағалау процестерін жетілдіруді және жергілікті
қауымдастықпен диалог орнатуды ұсынды. Сонымен қатар, компания өз әрекеттері
мен қол жеткізген нәтижелері туралы үнемі есеп беріп, қоғамның сенімін
қайтаруға тиіс болды. Бұл оқиға ірі корпорациялардың да халықаралық стандарттарды сақтауда
қателіктер жіберуі мүмкін екенін көрсетті. Дания ҰБО тек бұзушылықтарды анықтап
қана қоймай, оларды жою жолдарын ұсынды. Бұл бизнеске қоғам пікірі формалдылық
қана емес, тұрақты дамудың маңызды бөлігі екенін еске салды.
Қарау саны: 36 |
|
|