Өңірлік дифференциация: халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі

13.12.2024

Халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен денсаулық сақтау жүйесімен қамтылуын анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі. Бұл көрсеткіш әлем елдері мен ел ішіндегі өңірлер бойынша айтарлықтай өзгереді.

Әлемде халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету бойынша көшбасшы елдер – Куба, Монако және Швеция.
2023 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда барлық мамандықтағы дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 10 000 адамға 40,6 дәрігерді құрады. Бұл көрсеткіш Орталық Азия елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Елдер

Халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі (10 000 адамға шаққанда)

Куба

94,3

Монако

88,9

Швеция

71,5

Орталық Азия елдері

Қазақстан

40,6

Өзбекстан

28,1

Қырғызстан

21,5

Түрікменстан

21,4

Тәжікстан

21,3

Еліміздің өңірлері бойынша бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгереді. Халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі (10 000 адамға шаққанда) салыстырмалы түрде төмен өңірлерге Алматы облысы (23,4), Жетісу облысы (26,1) және Ақмола облысы (26,3) жатады.
Ең жоғары қамтамасыз ету деңгейі Астана қаласында (71,8), Алматы қаласында (64,0), Қарағанды облысында (50,5) және Ақтөбе облысында (48,4) тіркелген.

Ауылдық жерлерде дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі қалалық жерлерге қарағанда едәуір төмен. Қалалық жерде бұл көрсеткіш 54,3 болса, ауылдық жерде – небәрі 18,1 дәрігерді құрайды. Өңірлердің қалалық жерлерінде (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) бұл көрсеткіш Ұлытау облысында 33,8-ден бастап, Абай және Түркістан облыстарында 59,9-ға дейін өзгереді. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында 12,9-дан, Қызылорда облысында 24,5-ке дейін өзгереді.

Өңірлер, ауылдық және қалалық жерлер арасындағы дәрігерлер теңсіздігі елдегі көші-қон процестерінің ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Ел ішіндегі миграция негізінен халықтың шағын қалалар мен ауылдық жерлерден ірі қалаларға, облыс орталықтарына көшуімен сипатталады. Мигранттардың қатарында денсаулық сақтау қызметкерлері де бар. Сонымен қатар, медициналық жоғары оқу орындарының түлектері де жұмыс іздеп, мүмкіндіктері мол әрі табысы жоғары ірі қалаларға ұмтылады.

Кадрлар құрамының қартаюы өңірлерде медицина қызметкерлерінің тапшылығын күшейтеді.

Бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Мысалы, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын тиісті медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.

Шынар Төлешова
Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші сарапшысы.




Қарау саны: 36
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!