ШОБ сандармен: Қаржы және сақтандыру қызметі
23.12.2024
Бүгін «ШОБ сандармен» айдарында Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен кәсіпкерлікті дамытуда маңызды рөл атқаратын «Қаржы және сақтандыру қызметі» секторына тоқталамыз. Қазақстанның қаржы және сақтандыру секторы қаржылық
инфрақұрылымның жақсаруы және жаңа технологияларды енгізудің арқасында тұрақты
өсуін жалғастыруда. Сектордың дамуындағы маңызды факторлардың бірі – халық пен
бизнеске қаржылық қызметтердің, оның ішінде цифрлық шешімдердің қолжетімділігін
арттыру болып табылады. 2024 жылдың желтоқсан айының басында Қазақстанда қаржы және сақтандыру
саласында жұмыс істейтін 7,2 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.
Олардың 69,3%-ы белсенді жұмыс істеп жатыр, бұл республика бойынша жұмыс істеп
тұрған ШОБ жалпы санының небәрі 0,2%-ын құрайды. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Қаржы және сақтандыру қызметі»
секторындағы бір жұмысшы 17,6 млн теңге көлемінде өнім шығарды. Бұл сектор ел
экономикасындағы ең өнімді салалардың бірі болып табылады, оның жалпы жұмыспен
қамтылғандар санындағы үлесі салыстырмалы түрде аз болғанымен. ҚР СЖРА Ұлттық
статистика бюросының деректері бойынша, қаржы секторы 464 млрд теңгеге жуық
өнім шығаруды қамтамасыз етіп, 26 мыңнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтыды.
Қазақстан финтех индустриясын дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.
RISE Research, Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы, Mastercard және Tarlan
Payments бірлесіп жүргізген зерттеуге сәйкес, соңғы бес жылда елдегі
финтех-стартаптардың саны төрт есе өсті, ал 2024 жылдың мамырында қолма-қол
емес төлемдер үлесі рекордтық 89%-ға жетті. Сонымен қатар, Қазақстан цифрлық сервистердің қаржылық қолжетімділігі
бойынша әлемдегі топ-10 елдің қатарына кіреді. 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы
деректер бойынша, онлайн банкингтің белсенді пайдаланушыларының саны 24,8
миллионға жетті. Бұл жетістіктер Қазақстанның финтех секторындағы қарқынды
дамуын және оның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Позитивті үрдістерге қарамастан, сектор бірқатар сын-қатерлерге тап болуда.
Олардың қатарында халық пен кәсіпкерлер арасындағы қаржылық сауаттылықтың
төмендігі, сақтандыру өнімдеріне сенімнің аздығы және қаржы технологиялары
саласында білікті мамандардың тапшылығы бар. Қаржы секторы халықаралық нарықтармен барған сайын интеграцияланып,
жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қаржы және сақтандыру
қызметі экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы
саланы дамыту, заманауи технологияларды енгізу және қаржылық қызметтерге
қолжетімділікті жақсарту Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге
қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Еркежан Қалмақбаева, бәсекелес ортаны зерттеу орталығының
жетекші сарапшысы
Қарау саны: 17 |
|
|