ЕДБ экономикаға берген кредиттерінің көлемін талдау

24.12.2024

2024 жылғы қазан айының нәтижелері бойынша, екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 31,9 трлн теңгені құрады.


Жыл басынан бері несиелеу көлемінің өсуі 14,6%-ды құрады.

Бұл ретте, халыққа берілген кредиттердің өсу қарқыны (қазан айында өсім 24,7% ж/ж) бизнеске берілетін кредиттердің өсу қарқынынан асып түседі (қазан айында өсім 16,5% ж/ж).

Қаңтар-қазан айлары аралығында халыққа берілетін кредиттердің ұлғаюы 17,4%-ды құрады, ал бизнеске берілген кредиттердің көлемі 10,3%-ға артты.

Халықтың несиеге деген сұранысы жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл үрдіс ипотека көлемінің ұлғаюымен байланысты. Биыл жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алусыз тұрғын үйді жалға алу, өңірлік ипотека, "Жас отбасы" жеңілдікті ипотекасы, "Отау" ипотекасы және басқа да бағдарламалар қолжетімді болды.


Сонымен қатар, тұтынушылық мақсаттарға берілетін кредит көлемінің өсуі бөліп төлеу бағдарламаларының белсенді жарнамасымен ынталандырылуда. 

Бұл әсіресе халықтың инфляцияға қатысты алаңдаушылығы артып отырған жағдайда өзекті болып табылады.
Банк саласына цифрлық шешімдердің кеңінен енгізілуі де маңызды рөл атқаруда, бұл несиелерді мақұлдау мен беру процесін жеңілдетеді.

Ірі және орта компаниялар үшін баға шарттарын жеңілдету, сондай-ақ ауқымды инвестициялық бастамаларды іске асыру нәтижесінде ірі корпорациялар тарапынан кредиттерге сұраныстың артуы байқалуда. Бұл бизнесті кредиттеу жүйесінде оң үрдістердің сақталуына ықпал етуде.

Маман пікір:

Тұтынушылық және ипотекалық несиелеудің жедел дамуы ішкі сұраныстың белсенді өсуін көрсетеді. Бұл, бір жағынан, экономикалық белсенділікті қолдайды, алайда екінші жағынан инфляциялық тәуекелдерді күшейтуі мүмкін. Осыған байланысты банктер мен реттеуші органдар халықтың борыштық жүктемесін және кредиттік портфельдердің сапасын мұқият қадағалап отыруы маңызды.

Бизнесті несиелендіру динамикасы ірі компаниялардың сенімді қызығушылығын көрсетеді. Алайда, бөлшек сауда секторымен салыстырғанда төмен өсу қарқыны бизнес тарапынан сыртқы немесе ішкі экономикалық факторларға байланысты сақтық танытуы мүмкін екенін аңғартады. Корпоративтік сегменттегі несиелендіруді ынталандыру үшін қарыз алу құнын төмендету және шағын және орта бизнеске қаржының қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Қазақстанда банк секторын одан әрі дамыту үшін тұтынушылық және корпоративтік кредиттеуді қолдау арасындағы теңгерімді сақтай отырып, теңгерімсіздіктерді болдырмау және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету маңызды.

Айна Тасмағамбетова
Жетекші сарапшы
Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығы



Қарау саны: 10
Сақталған: 24.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!