Түркістан қаласының демографиялық дамуы

27.12.2024

Әрбір қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – демографиялық жағдай. 

Түркістан қаласындағы демографиялық жағдайдың негізгі ерекшеліктері: халық санының өсуі, туу көрсеткішінің жоғары болуы, жас құрылым және көші-қонның оң сальдосы.

2024 жылдың басында Түркістан қаласының халық саны 228 030 адамды немесе Түркістан облысы халқының (2 142 172 адам) 10,6%-ын құрады. 2018 жылдың басынан бері Түркістан қаласының тұрғындары 66 490 адамға көбейді (161 540 адамнан 228 030 адамға дейін). Халықтың этникалық құрылымында қазақтар (66,5%) және өзбектер (30,7%) басым.

Қала халқының жас құрылымы жас: жалпы халықтың 38,2%-ын (87 164 адам) балалар (0-14 жас), 57,0%-ын жұмысқа қабілетті жастағы халық (15-64 жас), 4,8%-ын егде адамдар (10 916 адам) құрайды.

Қала халқы санының өсуінде туу көрсеткіші маңызды рөл атқарады. 2023 жылғы жағдай бойынша қала халқының табиғи өсім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 24,01-ді құрады, бұл облыстық көрсеткіштен (1000 адамға 21,45) жоғары. Қалада туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 28,16, ал өлім-жітім коэффициенті 4,15 болды.

2019 жылдың басынан бастап, облысқа қарағанда, қалада көші-қон сальдосы оң болып келеді. Осы жылдар ішінде қалаға келгендер саны кеткендерден 13 196 адамға көп болды. Халықтың сыртқы көші-қон сальдосы да оң болып отыр. 2019-2023 жылдар аралығында қалаға шет елдерден 208 адам келіп, 72 адам кеткен, сальдо 136 адамды құрады.

Аймақаралық көші-қон процестерінде де оң сальдо байқалады. 2023 жылғы жағдай бойынша басқа өңірлерден қалаға 5 124 адам келіп, 4 308 адам кеткен, аймақаралық көші-қон сальдосы 816 адамды құрады. Шымкент қаласынан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан қалаға халық ағыны байқалса, Астана мен Алматы қалаларына көші-қон ағымы тіркелді.

Аймақішілік көші-қонда Түркістан қаласы облыс халқы үшін тартылыс орны болып табылады. 2023 жылы аймақішілік көші-қон сальдосы қала пайдасына 1 640 адамды құрады.

Жалпы, Түркістан қаласында қолайлы демографиялық жағдай байқалады. Халық саны тек туу есебінен ғана емес, сонымен бірге көші-қон арқылы да өсіп келеді. Балалар үлесінің айтарлықтай жоғары болуы қаладағы болашақ еңбек ресурстарының резервін көрсетеді және экономиканың одан әрі өсуі мен әртараптандырылуына кешенді шараларды қажет етеді.

Айта кетейік, жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі пленарлық отырыста «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңын қабылдады.


Түлешова Шынар
Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығның жетекші сарапшысы



Қарау саны: 70
Сақталған: 29.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!