«Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?» айдары

30.12.2024

Халықаралық рейтингтер көрсеткіштерін, оның ішінде заңдардың сақталуы мен орындалу маңыздылығын көрсететін деректерді талдауды жалғастырамыз.

Құқық үстемдігі индексіндегі (ҚҮИ) маңызды факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлықтың болмауы.

Бұл фактор сарапшылар мен үй шаруашылықтары арасында жүргізілген сауалнамалар негізінде бағаланады. Әр фактор бойынша алынған деректер негізінде ел үшін жалпы балл есептеледі. Бұл балл 0-ден 1-ге дейінгі шкалада беріледі, мұнда 1 – құқық үстемдігі принципінің жоғары деңгейде сақталуын, ал 0 – төмен деңгейін білдіреді.

«Сыбайлас жемқорлықтың болмауы» факторы 4 шағын факторға бөлінеді:

1. Атқарушы билік өкілдері мемлекеттік лауазымдарды жеке пайда табу үшін пайдаланбайды.
Бұл шағын фактор мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызметтерді көрсету, денсаулық сақтау, экологиялық реттеу және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану сияқты мемлекеттік процестер мен қызметтердегі жемқорлықтың қаншалықты жиі кездесетінін өлшейді.

2. Сот билігінің өкілдері мемлекеттік лауазымдарды жеке пайда табу үшін пайдаланбайды.
Бұл шағын фактор сот жүйесіндегі жемқорлық пен заңсыз ықпал ету деңгейін анықтайды. Оған судьялар, сот қызметкерлері мен прокурорлар арасындағы парақорлық жиілігі, сондай-ақ сот шешімдеріне қылмыстық ұйымдар немесе мемлекеттік құрылымдардың ықпалы қаншалықты әсер ететіні жатады.

3. Полиция мен қарулы күштердің қызметкерлері лауазымдарын жеке пайда табу үшін пайдаланбайды.
Бұл шағын фактор полиция мен қарулы күштердегі билікті теріс пайдалану мен жемқорлық деңгейін өлшейді. Сұрақтар полиция қызметкерлері арасындағы парақорлық, қылмыстық ұйымдардың полиция мен армияға ықпалы, сондай-ақ қылмыскерлерді тергеу және қудалау процестеріндегі жемқорлық мәселелерін қамтиды.

4. Заң шығарушы билік өкілдері мемлекеттік лауазымдарды жеке пайда табу үшін пайдаланбайды.
Бұл шағын фактор заң шығарушы билік органдары қызметкерлері арасындағы жемқорлық деңгейін, соның ішінде депутаттардың пара алу немесе заңсыз төлемдер жасау ықтималдығын өлшейді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Сыбайлас жемқорлықтың болмауы» факторы бойынша Қазақстан 63-орыннан 59-орынға көтеріліп, көрсеткіші 0,48-ден 0,50-ге жақсарды.

Дереккөз: Құқық үстемдігі индексі 2020-2024

Көш басында Дания (0,95), Норвегия (0,94) және Сингапур (0,92). Ең төменгі көрсеткіштер Камбоджада (0,23), Боливияда (0,23) және Конгода (0,17) тіркелген.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша елдегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны біртіндеп азайып келеді. 2019 жылмен салыстырғанда тергеуі аяқталған қылмыстық істер саны 1 706-дан 2023 жылы 1 298-ге дейін қысқарды.

Кесте 1 – Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша құқықтық статистика көрсеткіштері

Көрсеткіш
2019
2020
2021
2022
2023
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары саны*
1 706
1 707
1 185
1 382
1 298
Қылмыс жасаған тұлғалар саны**
1 195
1 038
921
1 017
985

* Тергеуі аяқталған қылмыстық істер саны

** Қылмыс жасаған тұлғалар анықталған саны

Жалпы, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін құқықтық жүйені жақсарту, мемлекеттік процестердің ашықтығын арттыру және азаматтық бақылауды күшейту бағытында түрлі шаралар қабылдануда.

Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру басым бағыт ретінде белгіленген. Мақсат – сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту, оның алдын алу және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, адал бизнес пен мемлекеттік аппаратты дамыту көзделген.

2029 жылға қарай Transparency International ұйымының сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан көрсеткіші 40-49 балл деңгейіне жетеді деп күтілуде.



Қарау саны: 48
Сақталған: 31.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!