Моноқалалар: Хромтау

31.12.2024

Хромтау – Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімшілік орталығы. Қала 1935 жылы Дон тау-кен байыту комбинатының жұмысшылар поселкесі ретінде негізі қаланып, 1967 жылы қала мәртебесін алды. 

Ақтөбе қаласынан бар-жоғы 90 шақырым қашықтықта орналасқан Хромтау стратегиялық тұрғыдан тиімді географиялық жағдайға ие. Қала аумағы арқылы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бір бөлігі – М-32 «Самара-Шымкент» трассасы өтеді. Мұндай орналасу Хромтауды көлік желісінің маңызды торабына айналдырып, өңірдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. 

Хромтау моноқаласының экономикасының жүрегі – Дон тау-кен байыту комбинаты (ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы). Бұл кәсіпорын хром рудаларын өндіру және хром концентратын шығару бойынша Қазақстанның жетекші кәсіпорындарының бірі болып табылады, әрі оның өнімі халықаралық нарықта жоғары бағаланады.  

1938 жылы құрылған кәсіпорын әлемдегі ең ірі хром рудалары кен орындарының бірін (қор көлемі бойынша әлемде екінші орында) игеруде. Кен орнының ұзындығы шамамен 22 шақырымды, ені 7 шақырымды құрайды. Бүгінде Дон тау-кен байыту комбинаты 7,5 мың адамды жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда.  

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Хромтау қаласының халқы 30 419 адамды құрады. Соңғы жылдары қала тұрғындарының жас құрылымында елеулі өзгерістер байқалды. 2020-2023 жылдар аралығында балалар саны 0,7%-ға өсіп (8 990-нан 9 053 адамға дейін), зейнеткерлік жастағы халықтың үлесі 14,6%-ға артты (2 783-тен 3 190 адамға дейін). Сонымен қатар, жұмысқа қабілетті жастағы халықтың (15-63 жас) саны 10,1%-ға ұлғайды.  

2023 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8 648 млн теңгеге жетіп, қаланың облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 2021 жылғы 0,2%-дан 2023 жылы 0,3%-ға дейін артты.  

2020-2023 жылдары Хромтауда шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің саны едәуір өсті – олардың саны 1 557-ден 2 021 бірлікке дейін артты. 2023 жылы кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі ынталандыру және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасында тұрақты ШОК желісін қалыптастыру мақсатында «Өркен» өңірлік бағдарламасы іске қосылды.  

Бағдарламаның негізгі механизмі – төмендетілген 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну, бұл бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасайды. 2024 жылдың басына қарай бағдарлама аясында 1 089 млн теңге сомасына 53 жобаға қаржыландыру мақұлданды.  

Хромтау даму үшін зор әлеуетке ие. Құны 400 млрд теңге болатын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған Индустриялық аймақ құру жұмыстары өңір экономикасының өсуіне жаңа серпін береді.


Айгерім Аманжолова

Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші сарапшысы



Қарау саны: 55
Сақталған: 31.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!