Әлемдік метеорологиялық ұйым (ӘМҰ) мәліметінше, 2024 тарихтағы ең ыстық жыл болып тіркелді. Глобалдық орташа температура индустриалды дәуірге дейінгі (1850–1900 жж.) деңгейден 1,54°C жоғары болғаны байқалды, бұл жаһандық жылынудың жылдам қарқын алып жатқанын көрсетеді.
Климаттық
өзгерістерге байланысты экстремалды ауа-райы құбылыстары барған сайын қауіпті
және жойқын болуда. 2024 жылы байқалған рекордтық жоғары температура,
күшейтілген су тасқындары, құрғақшылықты ұзаққа созып, урагандар экожүйелер мен адамдарға
айтарлықтай зиян келтірді.
2024
жылдың 30 желтоқсанында ӘМҰ климаттық өзгерістер экстремалды ауа-райы
құбылыстарының көпшілігіне себеп болғанын мәлімдеді. Ғалымдар парниктік газдардың шығарындылары рекордтық
көрсеткіштерге жетіп, «жылу тұтқасы» эффектісін күшейтіп, атмосферада жылуды
ұстап, температураның көтерілуіне ықпал етіп жатқанын айтты. Бұл шығарындылар,
мамандардың айтуынша, су тасқындары, құрғақшылықтар және жойқын урагандар
сияқты экстремалды оқиғалардың жиілігі мен қарқындылығын арттырады.
Бұл жылы ӘМҰ «Климат жағдайы 2024» есебін ұсынды, онда 2023 жылмен
салыстырғанда (1,45°C) орташа температураның жер бетінде қаңтар–қыркүйек
аралығында 0,09°C жоғары болғаны айтылды. Бұл аз көрінгенімен, оның климатқа
әсері өте үлкен, өйткені әр ондықтың бөлшегі табиғи жүйелер мен адамдар өміріне
апаттық әсер етуі мүмкін. ӘМҰ осы трендтің жалғасуы мүмкін екенін ескертті, ал 2024
жылы тіркелген рекордтық жоғары температура, 2025 жылы да сақталуы ықтимал.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасы (UNEP) есебіне сәйкес, әлем
үлкен жылыну траекториясында. Егер шығарындыларды қысқарту бойынша жедел
шаралар қабылданбаса, ғаламдық орташа температура 2100 жылға қарай 3,1°C-ке
дейін артады, бұл Париж келісімінің шектеулерінен асып түседі (1,5–2°C). Мұның
салдары жойқын апаттарға
әкелуі мүмкін: табиғи апаттардың жиілеуі мен қарқындылығы,
биоалуантүрліліктің жойылуы, экожүйелердің қайтымсыз өзгеруі және әлемдік мұхит
деңгейінің көтерілуі.
Климаттық өзгерістердің 2024 жылғы ауа-райына әсері де айтарлықтай болды. World
Weather Attribution және Climate Central ұйымдарының есебіне сәйкес, климаттық
өзгерістер 29 зерттелген экстремалды ауа-райы оқиғасының 26-сына әсер етті. Бұл
оқиғалар кемінде 3700 адамның қазасына және миллиондаған адамның өз үйлерінен
көшуіне себеп болды. 2024 жылы климаттық өзгерістерге байланысты қауіпті жоғары
температураның 41 күн қосылуы адамдардың денсаулығына, экожүйелерге теріс әсер
етті. Бұл күндер қатты ыстық соққы қаупін арттырды, созылмалы ауруларды
ушықтырды және өсімдіктер мен жануарлар үшін қосымша стрессті тудырды.
Әлемнің барлық аймақтары экстремалды ауа-райы құбылыстарынан зардап шекті. Ең
жойқын оқиғалардың бірі АҚШ штатында Флоридаға соққан Хелен ураганы болды, бұл
су тасқыны мен урагандық дауылдарға алып келді. Оңтүстік Америкадағы нөсерлі
жаңбырлар ірі су тасқыны мен көшкінге себеп болды, мыңдаған адам эвакуацияланды.
Еуропада Испаниядағы күтпеген су тасқындары үлкен залал мен адам өліміне
әкелді. Батыс және Орталық Африка тарихтағы су тасқынына ұшырап, 1500-ден астам
адамның өмірін алып кетті және мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Әлемнің
әртүрлі аймақтарында орман өрті болып, үлкен аумақтар жойылды, ал
құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарда аштық пен гуманитарлық дағдарыстар
туындады.
Әлемдік климаттың жалпы суреті бойынша Қазақстанның да деректері ерекше. 2023
жылғы бюллетенін жариялаған «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2024 ел үшін ең жылы
жыл болғанын атап өтті. Қазақстандағы жылдық орташа ауа температурасы рекордтық
деңгейге көтеріліп, 1961–1990 жылдардағы климаттық нормадан 2,58°C жоғары
болды. Кейбір өңірлерде температура +40°C-ден асып, аптап ыстық толқыны 30
күннен, кей жерлерде 60 күннен астам уақытқа созылды. Каратобе станциясында ең
жоғары температура +46,0°C тіркелді (Батыс Қазақстан облысы).
Жоғары температурамен қатар, Қазақстанда жауын-шашын мөлшері бойынша да
рекордтар тіркелді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы Каменка
метеостанциясында шілдеде 203 мм жауын-шашын түсті, бұл 1959 жылғы рекордтан (133,1 мм) асып
түсті. Бұл климаттық өзгерістер өңірлер арасында әртүрлі байқалып, бұл жаңа мүмкіндіктер мен
қауіптер туғызып отыр. Солтүстіктегі ұзақ вегетациялық кезең ауыл шаруашылығына пайда
әкелсе, ал оңтүстік және батыс аймақтарда аптап ыстық халықтың денсаулығына
қауіп тудырып, энергетикалық жүйеге салмақ түсіреді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өзінің жаңа жылдық үндеуінде 2024 жыл
тарихтағы ең жылы онжылдықты аяқтағанын атап өтті. Ол климаттық өзгерістерге
қарсы іс-қимыл жедел іске
аспаса, салдары одан да жойқын болатынын атап өтті. ӘМҰ 2024 жылғы
ғаламдық климат жайлы толық есепті келесі жылдың наурызында жариялауды
жоспарлап отыр, бірақ қазірдің өзінде бұл деректер халықаралық деңгейде
белсенді әрекеттерді талап етеді.
Айдан Бакдолотов
Климаттың өзгеруі орталығының директоры