Түркістан облысы: әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен перспективалары

10.01.2025

Түркістан облысы – елдің оңтүстік бөлігінде орналасқан стратегиялық маңызды аймақ. Өңірдің аумағы 116,3 мың шаршы км, халық саны 2,15 миллионнан астам, халық тығыздығы – 1 шаршы км-ге 17 адам.

Облыс орталығы – Түркістан қаласы, өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Өңірдің табиғи ресурстары, экономикалық және мәдени әлеуеті айтарлықтай.

Жалпы, облыстың даму қарқыны тұрақты. 

2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы бағамен 1,757 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артты.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсті. Тау-кен өндірісінде өсім 5,8%-ды, өңдеу өнеркәсібінде – 12,6%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдері 4,5%-ға артты. Бөлшек тауар айналымы 9,6%-ға, көтерме сауда көлемі 50,8%-ға өсті.

2024 жылдың қаңтар-қазан айларында ЕАЭО елдерімен өзара сауда 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,8%-ға өсті. 

Әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерге қарамастан, өңір соңғы жылдары стратегиялық шешімді талап ететін бірқатар мәселелерге тап болып отыр.

Мысалы, жергілікті маңызы бар жолдардың 2%-ы қанағаттанарлықсыз күйде. Кейбір ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту қажет. Ауылдық аудандарды газдандыру жұмыстары да жеделдетуді талап етеді. 

Кейбір негізгі көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалады: 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында жүк айналымы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95%-ды, ал жолаушылар айналымы – 86,7%-ды құрады.

Қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу мәселесі өзекті күйде: полигондардың 68%-ы санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Кейбір аудандарда атмосфераға ластайтын заттардың шығарындылары рұқсат етілген нормадан асып түседі, бұл экологиялық таза технологияларды енгізуді қажет етеді. 

Аграрлық сектордың өсуіне қарамастан, су ресурстарына қолжетімділік және шағын шаруашылықтарға заманауи технологияларды енгізу мәселелері сақталуда. Су жүйелерінің 70%-дан астамы тозған, бұл судың жоғалуына әкеледі.

Халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға – мектептерге, ауруханаларға және мәдениет мекемелеріне қосымша жүктеме түсіруде. Жаңа білім беру нысандарының құрылысына қарамастан, мектептерде орын тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. 

Көші-қон сальдосы теріс және 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 24 338 адамды құрады (2023 жылдың осы кезеңінде – 17 999 адам). 

Түркістан арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтар инвестиция тартуда сәтті мысалдар көрсетуде, бірақ өңір инвестиция көздерін әртараптандыруда және шетелдік инвестицияларды тартуда әлі де шектеулерге тап болып отыр. 

Даму перспективалары

Жолдарды жаңғырту, сумен жабдықтау жүйесін кеңейту және газдандыруды жеделдету өмір сүру сапасын арттырудың негізгі бағыттары бола алады. Туристік ағынды арттыру үшін жаңа көлік тораптарын салу жоспарлануда. 

Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ экологиялық таза энергияға көшу қоршаған ортаға кері әсерді төмендетеді. Жаңа экологиялық бастамаларды жүзеге асыру экономикалық өсу мен табиғат қорғау қызметі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. 

Агроөнеркәсіптік әлеуеті зор аймақ ретінде су үнемдеу технологияларын дамыту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және жылыжай шаруашылықтарын кеңейту ауыл шаруашылығының тиімділігін айтарлықтай арттырады. Шағын фермерлерді субсидиялау және оқыту арқылы мемлекеттік қолдау сектордың тұрақты өсуіне ықпал етеді. 

Мектептер, медициналық мекемелер және мәдениет орталықтары құрылысының жаңа жобалары демографиялық қысымды жеңілдетеді. Жас мамандарды қолдаудың қосымша шаралары өңірдің кадрлық әлеуетін арттырады. 

Түркістан арнайы экономикалық аймағын кеңейту және индустриялық аймақтарды дамыту қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және бизнеске қолайлы жағдай жасау өңірдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтады. 

Облыстың тұрақты даму үшін әлеуеті зор. Ағымдағы мәселелерді шешу және жаңғырту стратегиясын нақты жүзеге асыру арқылы өңір елдің жетекші экономикалық орталықтарының біріне айналуға мүмкіндік алады. Жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің мәдени, экономикалық және туристік орталық ретіндегі орнын нығайтады.

Матаев Габит Мустафаевич

Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми сарапшысы



Қарау саны: 44
Сақталған: 18.01.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!