Қазақстан мен Түркістан облысындағы инвестициялық белсенділік
17.01.2025
2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға инвестициялардың оң серпіні байқалады. Капитал салымдарының номиналды көлемі 15,7 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өсті.
Сонымен қатар, инвестициялардың нақты көлем индексі (НКИ) 3,1%-ды құрады. НКИ-дің өткен жылдың сәйкес кезеңіне қатысты пайыздық өзгерісін қарастырғанда, инвестиция жинақтау қарқынының төмендегені байқалады. Инвестициялардың негізгі бағыты пайдалы қазбаларды өндіру саласы болып қала
береді (үлесі – 20,3%). Одан кейінгі орындарда – көлік және қоймалау (17,8%),
жылжымайтын мүлікпен операциялар (19,3%), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (10,5%). Инвестициялар құрылымында негізгі үлесті өз қаражаттары құрайды – жалпы
көлемнің 65,7%-ы немесе 10 345,5 млрд теңге. Мемлекеттік қаражаттың үлесі
20,2%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,5%-ға артты.
Банктердің несиелері жалпы көлемнің 4%-ын, оның ішінде шетелдік банктердің
несиелері 0,9%-ды құрады. Аймақтық тұрғыда инвестициялардың ең үлкен көлемі өнеркәсіптік аймақтарға
тиесілі. Қарағанды облысы инвестициялардың НКИ бойынша 50,5%-ға өсу көрсеткішін
көрсетті. Сондай-ақ, Түркістан облысы да инвестициялардың нақты көрсеткішін
25,5%-ға арттыру арқасында ТОП-5 аймақ қатарына кірді. Бұған қоса, Түркістан облысы Инвестициялық тартымдылық рейтингі бойынша
алдын ала көшбасшы болып танылды. Экономикалық зерттеулер институтының
бекітілген әдістемесі негізінде есептелген бұл рейтинг бойынша облыстың
нәтижесі – 16,31 балл. Инвестициялық рейтингті есептеу барысында статистикалық деректер мен
көрсеткіштерге сүйене отырып, Қазақстан аймақтарының инвестициялық белсенділігі
бағаланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында инвестициялық климат туралы
пікірлерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы инвестициялық тартымдылық
бойынша 2-орынды иеленді. Бұл нәтижеге келесі негізгі факторлар әсер етті: Экспорттың жоғары өсуі (33,8%), ШОБ-тың жалпы қосылған құнының едәуір артуы (64,4%-ға), Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының 2,3 есе өсуі, Сапалы және қолжетімді инфрақұрылым (жол желісі және телекоммуникациялық
қызметтерді қоса алғанда), Нысаналы индикаторлардың 21,9%-ға артық орындалуы. 2024 жылы Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша рекордтық
көрсеткіштерге қол жеткізді. Аймақ экономикасына 11 айда 1,06 трлн теңге
салынды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға артық.
2024 жылы 134,1 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру
жоспарланған болатын. 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны құрылды.
99,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Аймақта жалпы сомасы 2,5 трлн теңгені құрайтын 145 инвестициялық жобадан
тұратын пул қалыптастырылған. Бұл жобалар өнеркәсіп, энергетика,
агроөнеркәсіптік кешен және туризм салаларын дамытуға бағытталған. 20 мың жаңа
жұмыс орнын құру және жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді 100 млрд теңгеге
арттыру күтілуде.
Қарау саны: 12 |
|
|