Әлемдік экономиканың дамуының жаһандық трендтері

22.01.2025

Жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) қазіргі әлемнің келбетін қарқынды түрде өзгертіп, біздің заманымыздың ең маңызды технологиялық жетістіктерінің біріне айналуда. Соңғы жылдары ЖИ тек ғылыми зерттеу нысаны немесе зертханалық тәжірибелерден шығып, күнделікті өмірімізге еніп үлгерді – ақылды көмекшілер мен ұсынымдық жүйелерден бастап автономды көлік құралдары мен генеративті модельдерге дейін. Компаниялар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар ЖИ-ды дамытуға триллиондаған доллар инвестициялап, оның экономикалық өсім мен инновациялардың басты қозғаушы күші ретіндегі әлеуетін мойындап отыр.

ЖИ индустриясының кеңеюі және Big Tech рөлі

Ірі технологиялық корпорациялар ЖИ-ға құйған инвестициялары арқылы саладағы негізгі көрсеткіштерді айқындап отыр. Microsoft, Meta, Alphabet және Amazon компаниялары миллиардтаған табыс әкелетін генеративті ЖИ өнімдерін әзірлеу үшін 2025 жылы да белсенді түрде инвестицияларын арттырады.

Big Tech – IT саласындағы ірі компаниялар, олардың қызметі дерлік барлық саланы қамтиды. Ірі технологиялық корпорациялар ЖИ-ға 150 млрд АҚШ долларынан астам қаражат салды, ал 2024 жылы ЖИ нарығының жалпы көлемі 184 млрд АҚШ долларынан асты. IDC болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ-дың жиынтық экономикалық әсері шамамен 20 трлн АҚШ долларына жетеді. Бұл ЖИ-ды бизнес-операцияларда кеңінен қолдану және клиенттерге сапалы өнімдер мен қызметтер ұсыну арқылы жүзеге асады.

Мысалы, Microsoft компаниясы соңғы жылы графикалық және орталық процессорлары бар серверлерге шамамен 10 млрд АҚШ долларын жұмсады. Бұл ең алдымен бұлттық есептеулерге деген сұранысты қанағаттандыру үшін қажет болды.

ЖИ-дың ғаламдық экономикалық әсері
ЖИ-ды енгізу еңбек өнімділігін арттырып, әлемдік экономикалық әлеуетті айтарлықтай кеңейтеді. 2030 жылға қарай Қытай мен Солтүстік Америка ЖИ-дың экономикалық әсерінің 70%-ын қамтамасыз етеді деп күтілуде, бұл олардың ЖІӨ-сін сәйкесінше 26% және 14,5%-ға арттырады.

Сонымен қатар, ЖИ-дың оң әсерлерімен бірге, жұмыссыздықтың өсуіне ықпал ететін теріс салдары да байқалуда. Мысалы, British Telecom (BT) компаниясы келесі жеті жылда персоналын 10 000 адамға қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл ЖИ мен автоматтандырудың басқа стратегияларын, соның ішінде чат-боттарды енгізуге байланысты.

Қазақстан экономикасындағы ЖИ-дың рөлі
Қазақстан экономикасы да жаңа сын-қатерлер мен жаһандық трендтерге, соның ішінде барлық салаларда ЖИ-ды белсенді енгізуге бейімделуді жалғастыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада халықаралық ЖИ орталығын құру туралы бастамасы бұған айқын дәлел бола алады.

ЖИ-ды қолданудың қарқынды өсуін ескере отырып, Қазақстан жұмысшылар мен қоғам қажеттіліктерін үйлестіретін, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді теңестіретін жағдайларды жасауға бағытталған белсенді саясат жүргізуі қажет. Бұл ретте, ЖИ-ды пайдаланудың барлық артықшылықтары мен тәуекелдерін ескере отырып, басқа елдердің тәжірибесін қолдану арқылы теріс салдарларды, соның ішінде жұмыссыздықтың өсуін болдырмау маңызды.



Қарау саны: 57
Сақталған: 05.02.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!