Экономикалық құлдырау

05.02.2025

2025 жылғы экономикалық құлдырау елеулі әлеуметтік және саяси салдарға әкелуі мүмкін басты жаһандық қауіптердің бірі болып қала береді. Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі – ДЭФ) «2025 жылғы жаһандық тәуекелдер туралы есебіне» сәйкес, сарапшылардың 5%-ы оны алдағы жылдардағы ең маңызды қауіптердің бірі деп атады, ал респонденттердің 60%-ы оның әлемдік экономикаға ықтимал әсеріне алаңдаушылық білдірді.

Анықтама үшін: ДЭФ есебі – бұл әлемнің 900-ден астам сарапшыларының пікірлерін қамтитын басылым. Есепте жаһандық тәуекелдер үш уақыттық кезеңде талданып, шешім қабылдаушыларға қазіргі дағдарыстар мен ұзақ мерзімді басымдықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

БҰҰ болжамдарына сәйкес, 2025 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2,8% деңгейінде болады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштермен бірдей. Өз кезегінде, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, инфляция 2025 жылы 4,2%-ға, ал 2026 жылы 3,5%-ға дейін төмендейді.

Геосаяси тұрақсыздық та экономикалық мәселелерді күшейте түсуде. ДЭФ есебіне сәйкес, респонденттердің 23%-ы 2025 жылы мемлекетаралық қарулы қақтығыстар ең үлкен қауіп болады деп есептейді. Бұл жағдай жеткізу тізбегінің бұзылуына, энергия ресурстарының бағасының өсуіне және инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне әкеледі. Таяу Шығыстағы және Украинадағы әскери қимылдарға байланысты мұнай бағасы 75–90 АҚШ доллары диапазонында құбылып, жаһандық экономика үшін белгісіздік тудырады. Сонымен қатар, Қытай экономикасының баяулауы да әсер етуде – елдің 2025 жылға арналған болжамды ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрайды, бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден айтарлықтай төмен. Бұл шикізат пен тауарларға сұранысты төмендетіп, әсіресе Африка мен Латын Америкасы сияқты экспортқа тәуелді өңірлерде қиындықтар туғызуда.

Экономикалық құлдырау еңбек нарығына да әсер етуде. 2024 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрады. Автоматтандыру мен цифрландыру үдерісі дәстүрлі салалардағы жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп, әлеуметтік теңсіздікті арттырады және наразылық көңіл-күйінің күшеюіне себепші болады.

Экономикалық құлдыраудың алдын алу үшін елдерге инвестицияларды тартуды және инновацияларды дамытуды ынталандыру, тұтынушылық белсенділікті арттыру үшін салықтық ауыртпалықты азайту, экономиканы әртараптандырып, жекелеген салалар мен сауда серіктестеріне тәуелділікті төмендету, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) тарту арқылы энергетикалық қауіпсіздікті нығайту қажет.

2025 жылғы экономикалық құлдырау – бұл кешенді қауіп, және жаһандық көшбасшылардың үйлестірілген әрекеттерінсіз ол ұзаққа созылған рецессияға, әлеуметтік тұрақсыздықтың өсуіне және әлемдік экономикалық теңгерімсіздіктердің күшеюіне әкелуі мүмкін.

 



Қарау саны: 13
Сақталған: 05.02.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!