«Өңірлер: апта оқиғалары» (2025 ж. 17-23 ақпан)

24.02.2025

Ақтөбе облысы. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы экономикалық өңірлер бөлінісінде басым қызмет түрлерінің тізбесіне толықтыру дайындады. Тізімге жаңа "Ақтөбе" АЭА қосылды.

Облыста АЭА құру инвестициялар тартуға және қосымша жұмыс орындарын құруға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, аралас салаларды дамытуға, жергілікті тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

АЭА артықшылығы өңірдің тиімді географиялық жағдайымен қамтамасыз етіледі. Кең салалық спецификациясы бар АЭА құру қосылған құн тізбегін және салааралық байланыстарды қалыптастыруға оң әсер етеді, бұл өнімнің кең спектрін өндіруді тиімді жолға қоюға мүмкіндік береді.

АЭА жұмыс істеуінен күтілетін әсерлер қатарында - 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын құру, оның 543-і аралас салаларға тартылатын болады, 154,5 млрд. теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тарту. АЭА объектілерінің экономикаға күтілетін жиынтық үлесі 4,2 трлн. теңгеге бағаланады.

 


Қарағанды облысы. ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 14 ақпандағы Қаулысымен Қарағанды агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі Кешенді жоспары бекітілді. Құжат өңірдің одан әрі теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Агломерация орталығы болып Қарағанды қаласы анықталды. Агломерация құрамына жалпы ауданы 7,7 мың шаршы км 33 елді мекен кірді: іргелес кенттермен Теміртау және Шахтинск қалалары, сондай-ақ Абай, Бұқар Жырау және Осакаров аудандарының 23 ауылдық округтері. Агломерация халқының жалпы саны - 870 мыңға жуық адам.

Агломерация өзінің географиялық орналасуына байланысты тұтастай алғанда Орталық Қазақстанның дамуы үшін үлкен маңызға ие. Оның дамуы ірі қалаларға қысымды төмендетуге, қоныстанудың тірек қаңқасын қалыптастыруға, қала мен ауыл арасындағы өмір сүру деңгейінің теңгерімсіздігін азайтуға мүмкіндік береді.

Алдағы бес жылда өңірде жаңа өндірістер ашу есебінен 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 71%-ға дейін ұлғайып, 2,5 трлн теңгеге дейін өседі. Күтілетін нәтижелердің қатарында ШОБ өсуі және осы саладағы жұмыспен қамтудың ұлғаюы да бар.

 

Астана. Елордада тамақ өнеркәсібін, логистиканы және сауданы дамытатын кәсіпорындар ашылуда.

Олардың қатарында "RnR Group" ЖШС ("Сарайшық" ауданы) кәсіпорындар кешені бар. Бұл тәулігіне 25 тонна өнім шығаратын нан зауыты және көкөніс қоймасы (6 мың тонна). 2026 жылы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін сүт зауытын ашу жоспарлануда. Осы жобаға жеке инвестициялар сомасы 8,1 млрд. теңгені құрады, 250 жұмыс орны құрылды.


Сондай-ақ, бұл "SAIANUR VIP-SERVIS" ЖШС ("Байқоңыр" ауданы) заманауи көкөніс қоймасы. Инвестиция сомасы - 1,8 млрд. теңге, 200 жұмыс орны құрылды. 8 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.


Ағымдағы жылы Сарайшық ауданында "Технодом" дүкендер желісінің орталық қоймасын ашу жоспарлануда. Инвестициялар 11,1 млрд. теңгені құрайды, 200 жұмыс орны құрылады.


Өткен жылы қалада 49 инвестициялық жоба іске қосылды, 301 млрд теңге көлемінде жеке қаражат тартылды, 4,1 мың жұмыс орны құрылды.


Биыл тағы 55 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

 


Жетісу облысы. Бүгінде өңірдегі газдандыру деңгейі 56,5%-ды құрайды, 63 елді мекен газдандырылды. Жыл қорытындысы бойынша тағы 63 жобаны іске асырудың арқасында газдандыру деңгейі 71,4%-ды құрайды. Осылайша, газға 500 мыңнан астам тұрғын тұратын 126 елді мекен қол жеткізе алады.

Өткен жылдан бастап "Талдықорған - Үшарал" магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр, ол жыл соңына дейін аяқталады. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенді газдандыру бойынша ЖСҚ әзірленуде. Магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталғаннан кейін облыс ауылдарды газдандыруға кіріседі. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 192 елді мекен газдандырылады, 624 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 91%-ы газға қол жеткізе алады.

Газға қосылу құны мәселесін шешу үшін өңірде бәсекелестік орта құрылды. Қосылу бағасы қазандық пен компоненттердің құнын есептемегенде, 170-175 мың теңгеге дейін төмендетілді. Бюджеттен халық үшін 1600 газ қазандығын сатып алуға 500 млн. теңге бөлінді. Бұл ретте, тұрғындар үшін 10 айға бөліп төлеу қарастырылған.

 

Жамбыл облысы. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен өңірдің елді мекендерінің көшелерін жөндеуге 23,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 146 жоба іске асырылатын болады.

Атап айтқанда, 17,7 км жол салынады, 8 км жол қайта жаңартылады, 391,4 км жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Барлығы 3,4 млрд теңге елді мекендердің жолдары мен көшелерін ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға бағытталатын болады.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99,5%-ға (2024 жылы - 99%), елді мекендер көшелерінің үлесін 89%-ға (2024 жылы - 87%) жеткізу жоспарлануда.

 

Абай облысы. Бесқарағай ауданында балық шаруашылығы жұмыс істейді, оның құны 250 млн. теңгені құрайды. Жеке кәсіпкер Н.Маклаков өз қаражаты есебінен 6 жасанды тоған құрып, балықтың 4 түрін өсіруді жолға қойды. Бұл жоба балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуға бағытталған, бұл аудан экономикасын нығайтуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Жасанды тоғандарда 30 тонна кемпірқосақ алабалық, 3,5 тонна сібірлік бекіре, 15 тонна тұқы және 15 тонна сазан өсіріледі. Бұл балықтардың уылдырығына Алматыда арнайы тапсырыс берілген.

Өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және қосымша тоғандар салу, экотуризмді дамыту мақсатында, туристік қызметтерді одан әрі жетілдіру есебінен жобаны кеңейту жоспарлары бар.


 

Ақмола облысы. ҚР Үкіметінің қаулысымен Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Қаланың жалпы ауданы 60,2 шаршы км құрайды. Болжамға сәйкес, халық саны 2030 жылы 107 мың адамға және 2038 жылы 150 мың адамға дейін өседі. Жұмыссыздық деңгейін 3%-ға дейін төмендету, орташа жалақыны арттыру және экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша мақсаттар қойылды.

900 га ауданда жеке тұрғын үй, 360 га ауданда көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы тұрғын үй қоры 1,28 млн. шаршы метрді құрайды. 2038 жылға қарай қосымша 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үй алаңын салу жоспарлануда.

31 балабақша (13,5 мың орын), 16 мектеп (23,8 мың орын), облыстық аурухана (900 төсек) және 7 емхана, көпфункционалды мәдени орталықтар, кітапханалар, театрлар салу көзделген.

Жаңа автомобиль жолдары мен жол өткелдерін салу жоспары қарастырылған, қоғамдық көлік маршруттарының жалпы ұзындығы 81 км жетеді. Сондай ақ қоғамдық көлікке арналған жаңа автобус паркі мен автотұрақтардың құрылысы қарастырылған.

Су құбырлары мен кәріз желілерін кеңейту, сондай-ақ қаланы толық газдандыру және нөсер жүйесін дамыту жоспарлануда.

Қалада ауданы 264 га өнеркәсіптік аймақ құрылатын болады, көліктік-логистикалық кешендер мен қоймалар салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын, сауда-сервистік орталықтарды дамыту жоспарланып отыр.

Жобаны сәтті іске асыру Қосшыны Астананың заманауи серіктес қаласына айналдыруға мүмкіндік береді.


 

Маңғыстау облысы. "Кендірлі" курорттық демалыс аймағын дамыту мәселелері - өңір әкімдігінің бақылауында. Кендірлі ауылының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен интеграцияланған Бас жоспарды түзету жұмыстары биылғы II-тоқсанда аяқталады.

Жалпы ұзындығы 156 км "Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түркіменстан шекарасы" бағыты бойынша автожолды қайта жаңарту басталды. Жаңа әуежайдың құрылысына 599 га жер бөлінді, жоба әзірлену үстінде. Болашақ әуежайдың өткізу қабілеті жылына 30 мыңнан 60 мыңға дейін жолаушыны құрайды.

Кендірлідегі тағы бір маңызды жоба - қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр тұзсыздандыру зауытын салу. Кешенді іске қосу 2025 жылғы мамырда жоспарланған.

Кендірліден өңірдің тарихи-мәдени орындарына жаңа туристік бағыт әзірленуде.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жылына 600 мыңнан астам отандық және шетелдік туристерді тарту жоспарлануда. Бастама 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Түркістан облысы. Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды, сондай-ақ болашақ инвестициялық бастамалар талқыланды. Мәселелер айтылды, әкімдерге, басқарма басшыларына және инвесторларға нақты тапсырмалар берілді.

 "Катко" ЖШС - Қазақстан-Француз БК инвестициялық жобалары, уранды қайта өңдеу кешенінің құрылысы және күкірт қышқылын өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Осы үш жоба аяқталғаннан кейін 1000 нан астам жұмыс орны құрылады.

Кентауда металлургия өндірісінің түсті кендері мен өнеркәсіптік қалдықтарын қайта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде, оның ашылуы 2026 жылға жоспарланған, бұл 1500 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ордабасы ауданында алюминий өнімдерін шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр, онда 100 адам жұмысқа орналасады.

Сондай-ақ Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек, Төлеби және Арыс қалаларында жүзеге асырылатын жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Өткен жылы Түркістан облысындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,334 трлн. теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе көп. 145 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды.

 

Жетісу облысы. Өңірде қант саласын дамытуға ниетті. Үшінші қант зауытын салу жоспарлануда, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жоба іске асырылған жағдайда, өңірде қантты қайта өңдеу көлемі 1 млн. тоннаға дейін жеткізілетін болады.

Көксу қант зауытын жаңғырту басталады. Бұл мақсаттарға 60 млн. еуро көлемінде инвестициялар тартылуда.

Бұл ретте, сонымен қатар айналымға енгізілетін суармалы жерлердің көлемі, оның ішінде ирригациялық желілерді реконструкциялау есебінен ұлғайтылатын болады.


Өткен жылы облыста қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналды - 13 мың гектардан 630 мың тонна. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жақсы нәтиже, орташа өнімділік 450-500 ц/га құрады. Шикізатты қабылдауда қиындықтар болды, олар Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты туындады. Осы өңірден Ақсу қант зауытында өңдеу үшін 100 мың тонна қант қызылшасы қабылданды.


Облыста қант қызылшасы, жүгері, бидай, ет, сүт және басқаларын қоса алғанда, өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 65%-ы өңделеді. Ауыл шаруашылығындағы өсім 3% құрады.


 

Абай облысы. Су құбыры желілерін салу бойынша жаңа жобалар іске асырылған жағдайда, өңірді сумен жабдықтау 100%-ға дейін жеткізілетін болады. Ағымдағы жылы 26 жоба, оның ішінде 15 ауыспалы және 11 жаңа нысан іске асырылатын болады. Бұл мақсаттарға республикалық және жергілікті бюджеттерден 2,7 млрд. теңге бөлінді, қосымша 4,4 млрд. теңге қажет. Тиісті бюджеттік өтінімдер берілді.

Қажетті жұмыс қолданыстағы су құбырларын жаңғырту желісі бойынша да жүргізілуде. 14 жоба іске асырылуда және 22 жоба әзірленді. 4 жобаны іске асыруға 8,6 млрд теңге бөлінді және жаңа жобаларды іске асыруға шамамен 23 млрд теңге қажет, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ақпараттық сайты.

 

Қарағанды облысы. Өңірде 2025 жылы 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда, оның 90%-ға жуығы жеке инвестициялар. Облыс әкімдігі "Qarmet" АҚ-мен бірлесіп металлургиялық кластерді дамытуға, оның ішінде қалдықтарды қайталама қайта өңдеуге ерекше назар аударады. Компаниямен бірге мәселелерді жедел шешу үшін жобалық кеңсе құру жоспарлануда.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңа салалар үшін кадрлар белсенді дайындалуда. Қарағанды техникалық университетінің базасында өңірлік инновациялық-индустриялық хаб құрылуда.

Облыс әкімдігі 20 мың шаршы метр дайын үй-жайларға шағын өнеркәсіптік аймақ құруды жоспарлап отыр. Qarmet тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерге офтейк келісімшарттары мен ұзақ мерзімді келісімшарттар ұсынады. Жаңа жұмыс орындары құрылады, өндірістік тізбектер нығаяды және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділік азаяды.

Өнеркәсіптік кластердің дамуы өндірістің өсуін ғана емес, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуді, өнімнің өзіндік құнын төмендетуді және бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын оңтайландыруды көздейді.

Qarmet қатысатын басқа қалаларда да шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жоспарлануда.

 

Қостанай облысы. Рудный қаласы облыстың стратегиялық индустриялық орталығы болып қала береді. Заманауи технологияларды енгізбей және жаңа өндірістер құрмай қаланы дамыту мүмкін емес.

Ірі инвестициялық жобалардың бірі ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу болады. Жобаның құны - 920 млрд теңге, ал жоспарланған қуаттылығы - жылына 4 млн тонна. 1 мыңнан астам жұмыс орнын құру күтілуде, ал жыл сайынғы салық түсімдері 32,0 млрд. теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы өңірдегі шикізатты қайта өңдеу көлемін 2,2 есеге арттырады.

2025 жылы сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттың құрылысы басталады. Жобаның құны - 14 млрд. теңге. Облыста бес жаңа электр станциясының құрылысы іске асырылуда, нәтижесінде облыста электр энергиясын өндіру 10 есеге ұлғаяды.

Көлік саласындағы жобалар қатарында - ұзындығы 31 км Қостанай - Рудный автожолын қайта жаңарту 2025 жылы басталады, 6,6 млрд теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 28 км болатын 47 көшені күрделі жөндеу жоспарланған. Биыл қалаға 37 жаңа автобус келіп түседі, жобаны іске асыруға 860 млн. теңге бөлінді.

2025 жылы мемлекеттік тілде оқытатын 900 және 1200 орынға арналған екі жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Оқушылар сарайын құру жобасы да қарастырылуда.

Техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша мамандар даярлау үшін Рудный индустриалды институты университет мәртебесіне ие болды, бұл студенттер санының 6%-ға өсуіне әкелді. Сондай-ақ оқу зертханалары мен Жастар ресурстық орталығын орналастыру үшін аяқталмаған университет ғимаратын қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылуда.

 



Қарау саны: 37
Сақталған: 26.02.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!