Моноқалалар: Балқаш

27.02.2025

Балқаш – Қарағанды облысында орналасқан моноқала. Қаладан облыс орталығына (Қарағанды қ.) дейінгі қашықтық 377 км, жақын маңдағы республикалық маңызы бар қалаға (Астана қ.) дейінгі қашықтық 603 км құрайды.

Қаланың орналасуы және оның кейінгі дамуы мыс кенінің, сондай-ақ молибденнің үлкен қорын табудың нәтижесі болды (Коунрад кен орны қаладан 15 км қашықтықта орналасқан). Біртіндеп қала елдің түсті металлургиясының маңызды орталығына айналды.

Балқаш автомобиль және теміржол қатынасын, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына авиарейстерді қамтитын дамыған көлік инфрақұрылымына ие. Алайда, бұған қарамастан, ол шалғайдағы моноқала ретінде жіктеледі. Оның бірегей табиғи объект – Балқаш көлі маңында стратегиялық орналасуы рекреациялық және туристік секторды дамыту үшін елеулі әлеуетті қалыптастырады. Тұщы су мен тұзды бөліктерді біріктіретін көл биосаналуандықтың жоғары деңгейіне ие, бұл экологиялық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Өңірдің негізгі туристік орындары Бертіс шығанағы, сондай-ақ 2023 жылы қалалық аумақтың құрамына енгізілген Торанғалық және Шұбартұбек кенттері болып табылады (8 744 га).

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша моноқаланың халық саны 77 309 адамды құрады және соңғы төрт жылда 2,2%-ға қысқарды. Қалада облыстық көрсеткіштен (374 937 теңге) асатын орташа жалақы деңгейіне (466 500 теңге) қарамастан, көші-қонның тұрақты теріс сальдосы байқалады.

Қаланың қала құраушы кәсіпорны "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС мыс балқыту зауыты болып табылады. Коунрад кен орнынан мыс кенін байыту 1,5-2 млн. тонна кенді 0,32% мыс құрамымен өңдеумен жүзеге асырылады.    
   

2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 852 089,2 млн. теңгені құрады, негізгі үлесін өңдеу өнеркәсібі алады (92,7%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 58 622,4 млн. теңгені құрады.


Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 2022 жылғы 5 486-дан 2024 жылы 5 991 бірлікке дейін өсті.


Қала экономикасын әртараптандыру мақсатында екі ірі инвестициялық жоба іске асырылуда:


  • "Коунрад мыс компаниясы" ЖШС катодты мыс өндіру зауыты пайдалануға берілді;
  • Iске асыру сатысында SX-EW әдісімен мысты үймелі шаймалау үшін металлургия зауытын салу жобасы тұр («Эдванс Майнинг Технолоджи» ЖШС).


Тұжырымдаманы әзірлеуді және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қажетті инвестициялар көлемін айқындауды қоса алғанда, индустриялық аймақты құру бойынша қосымша жұмыс жүргізілуде. Индустриялық аймақты толтыру үшін зәкірлік жобалар мен әлеуетті инвесторларды іздеу жүргізілуде. Балқаштағы экологиялық жағдай өнеркәсіптік өндірістің ерекшелігіне байланысты негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Өңірдің мыс кен орындарында негізінен күкірт қосылыстары бар, бұл қайта өңдеу кезінде атмосфераға күкірт диоксидінің (SO₂) айтарлықтай шығарылуына әкеледі.


Қалдықтармен жұмыс істеу саласында инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы байқалады: қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу деңгейі 2023 жылы небәрі 22%-ды құрады, бұл ретте, ҚТҚ полигоны 2015 жылы өз сыйымдылығын таусылды. Рұқсат етілмеген полигондардың өсуі санитарлық-эпидемиологиялық қауіп тудырады. Инженерлік желілердің тозуының жоғары дәрежесі және қалаішілік жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы қалалық ортаны жаңғыртуды қиындатады.


Осылайша, Балқашты одан әрі дамыту қалалық ортаны дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды, өнеркәсіптік секторды жаңғыртуды, экологиялық жағдайды жақсартуды, сондай-ақ туризмді стратегиялық бағыт ретінде белсенді дамытуды қамтитын теңгерімді тәсілге негізделуге тиіс.

 

ӨЗӨСО жетекші сарапшысы

Аманжолова Әйгерім



Қарау саны: 141
Сақталған: 27.02.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!