Әлемдік экономиканы дамытудың жаһандық трендтері
06.03.2025
Соңғы жылдары пайдалы қазбаларды, әсіресе сирек жер металдарын (бұдан әрі – СЖМ) өндіру және қайта өңдеу әлемдік экономиканың негізгі факторларына айналды. Бұл ресурстар жартылай өткізгіш материалдарды, катализаторларды, тұрақты магниттерді және т.б. өндіру үшін қажет.
СЖМ барланған қорлары жаһандық қажеттіліктер үшін жеткілікті болса да, оларды игеру, өндіру және өңдеу бар сұраныстан едәуір артта қалып, жаһандық жеткізу тізбегінде теңгерімсіздік тудырады және осы ресурстарға қол жеткізу үшін бәсекелестікті күшейтеді. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметтері бойынша 2024 жылы сирек жер
металдарының әлемдік қоры 90 млн
тоннаға бағаланды, ал жылдық өндіріс 390 мың тоннаны ғана құрады. Сирек жер металдарының қоры
бойынша Топ-10 елге мынадай елдер кіреді: Қытай (44 млн тонна), Бразилия (21
млн тонна), Үндістан (6,9 млн тонна), Аустралия (5,7 млн тонна), Ресей (3,8 млн
тонна), Вьетнам (3,5 млн тонна), АҚШ (1,9 млн тонна), Гренландия (1,5 млн
тонна), Танзания (890 мың тонна), Оңтүстік Африка (860 мың тонна). Қытай әлемдік өндірістің 60%-дан
астамын қамтамасыз ете отырып, тау-кен өндірісі бойынша көшбасшы болып қала
береді. Бұдан басқа, ел СЖМ қайта өңдеу қуаттылығының шамамен 90%-ын бақылайды,
бұл оны нарықта басым ойыншы етеді.
Сонымен бірге Ресей СЖМ
саласындағы АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, кен орындарын
бірлесіп игеруді ұсынады, бұл осы стратегиялық маңызды ресурстарды бөлу
мәселесіне геосаяси шиеленісті қосады. Президент Владимир Путин кен орындарын,
соның ішінде Украинаның жаңадан қосылған аумақтарындағы кен орындарын игеру
үшін шетелдік инвестицияларды тартудың маңызын атап өтті. Қазақстанның аумағында 2024 жылы
перспективалы СЖМ кен орындары, оның ішінде қорлары шамамен 800 мың тоннаға
бағаланатын Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі анықталды. Геологиялық
барлау жұмыстары 12 учаскеде жалғасуда, бұл елдің сирек жер элементтерін
әлемдік өндіру мен өңдеудегі өз ұстанымын нығайту жөніндегі стратегиялық ниетін
растайды. Жоғары технологиялық өнімдерге
сұраныстың тез өсуі және "жасыл" энергетикаға көшу жағдайында сирек
жер металдары стратегиялық маңызға ие болады. СЖМ едәуір қорлары бар және
оларды қайта өңдеуді қамтамасыз ете алатын елдер экономикалық қана емес, сондай-ақ
геосаяси артықшылыққа ие болады. IEA (International Energy Agency) бағалауы
бойынша СЖM-на сұраныс артып, өсе береді, сондықтан олар соңғы кездері ең
алдымен Қытай мен АҚШ арасында геосаяси бәсекелестік пен қарама-қайшылықтың
тақырыбына айналуда. Сондықтан кен орындарын игеруге,
қайта өңдеу технологияларына және стратегиялық әріптестіктер құруға белсенді
инвестиция салатын мемлекеттердің әлемдік экономикада жетекші орынға ие болу
мүмкіндігі жоғары.
Қарау саны: 155 |
|
|