ЭЫДҰ стандарттары: Білім алушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA)
11.03.2025
Білім экономиканың дамуында шешуші рөл атқарады, өйткені жас ұрпақтың дайындық деңгейі елдің жаһандық ауқымдағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Білім алушылардың білімі мен дағдыларының жоғары деңгейі инновацияларға, еңбек өнімділігін арттыруға және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осыған байланысты, 2000 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) Білім алушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламаны (PISA) құруға бастамашы болды.
PISA бағдарламасы 15 жастағы білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық деңгейін бағалауға бағытталған ауқымды зерттеу болып табылады. Бұл зерттеудің негізгі мақсаты - білім алушылардың нақты өмірде тәжірибелік мәселелерді шешу үшін алған білімі мен дағдыларын қолдануға дайындық дәрежесін анықтау. Зерттеу басталғаннан бері үш жыл сайын жүргізіліп келеді және көптеген
елдер мен аумақтарды қамтиды. Қазақстан 2009 жылдан бері PISA зерттеуіне
қатысып, нәтижелердің оң динамикасын көрсетіп келеді. PISA-2022 соңғы цикліне 81 ел қатысты, соның ішінде Өзбекстан, Моңғолия, Камбоджа, Сальвадор, Гватемала, Ямайка, Палестина және Парагвай сияқты жаңа мүше мемлекеттер. 2022 жылы қатысушылардың жалпы саны шамамен 690 000 білім алушыны құрады, бұл бүкіл әлем бойынша 29 миллион 15 жастағы білім алушыға тең. Қазақстанда бұл зерттеуге 571 білім беру ұйымынан 19 769 білім алушы қатысты. PISA зерттеуінің нәтижелері елдерге ұлттық білім беру стратегияларын түзетуге мүмкіндік беретін құнды сандық деректерді ұсынады. Сонымен, PISA-2022 циклінде рейтингте жетекші орындарды Сингапур, Жапония, Эстония және Финляндия иеленді, бұл олардың білім беру жүйелерінің жоғары сапасы мен қолданылатын тәсілдердің тұрақтылығын растады.
Сонымен қатар, Вьетнам мен Польша сияқты едәуір ілгеріліске қол жеткізген
елдер білім беру бағдарламаларын оңтайландыру үшін PISA нәтижелерін пайдаланды.
Польшада оқу жоспары қайта қаралды, тәжірибелік сабақтар саны ұлғайтылды және
оқытудың заманауи цифрлық құралдары енгізілді. Вьетнам, өз кезегінде, мектеп
оқушыларының сыни ойлауын дамытуға назар аударды, бұл елдің рейтингтегі
позициясын жақсартуға ықпал етті. PISA-2022 аясында қазақстандық білім алушылар келесі жетістіктерді көрсетті:
Жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтың алдыңғы циклмен салыстырғанда 26 баллға
өсуі ерекше назар аударады, бұл қатысушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш
болып табылады. Қазақстанның PISA зерттеуіне қатысуы ұлттық білім беру бағдарламалары мен
саясатының дамуына едәуір әсер етті. Зерттеу нәтижелерін талдау білім беру
жүйесінің күшті және мәселелік аспектілерін анықтауға мүмкіндік берді, бұл
оқыту сапасын арттыруға бағытталған реформаларды енгізуге ықпал етті. Атап
айтқанда, қалалық және ауылдық білім алушылар арасындағы білім деңгейіндегі
алшақтық азайды, бұл әртүрлі әлеуметтік топтар үшін сапалы білімнің
қолжетімділігінің артқанын көрсетеді. Қорытындылай келе, PISA халықаралық зерттеуіне қатысу елдерге олардың білім
беру жүйелерінің жай-күйі туралы объективті деректер беретінін атап өткен жөн.
Бұл деректер білім беру сапасын арттыруға бағытталған стратегияларды әзірлеу
және іске асыру үшін негіз болады, бұл өз кезегінде, білім алушылардың қазіргі
қоғам мен жаһандық экономикаға табысты енуіне ықпал етеді.
Қарау саны: 58 |
|
|