Моноқалалар: Саран

04.04.2025

Көптеген моноқалалардың ерекшелігі - олардың көбінесе пайдалы қазбаларды өндірумен және оларды бастапқы өңдеумен байланысты қала құраушы кәсіпорындарға тәуелділігі. Мұндай тәуелділік - осы қалалардың экономикасының "тар" жері. Өндірілетін қазбаларға әлемдік бағалардың төмендеуі мен құбылмалылығы және кен орындарының сарқылуы қала құраушы кәсіпорындардың қаржылық жағдайына және жұмыспен қамтылуына елеулі әсер етеді.

Алайда, экономиканы мақсатты әртараптандыру және инвестицияларды жүйелі түрде тарту мұндай қалаларды қарқынды дамып келе жатқан индустриялық орталықтарға айналдыруға қабілетті екенін дәлелдейтін Саран сияқты сәтті мысалдар бар.

Қарағанды қаласынан 16 км және Астана қаласынан 222 км қашықтықта орналасқан Саран қаласы экономиканы әртараптандыру тәжірибесін көрсете отырып, 2024 жылдан бері моноқалалар тізбесінен шығарылды.

Дамыған өндірістік инфрақұрылымның және білікті кадрлардың болуы, географиялық орналасуы: Саран қаласының табысты дамуының негізгі факторлары - қала Қарағанды агломерациялық аймағында орналасқан, отандық тауар өндірушілер мен жергілікті инвесторларды тарту, сондай-ақ "Saran" индустриялық аймағын құру.

Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 410 млрд. теңгеден асты, ал индустриялық аймақтың жалпы ауданы 207 га құрады, бұл ретте, 2000-нан астам жұмыс орны құрылды.

Қазіргі уақытта қалада 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл "Tengry Tyres" ЖШС автомобиль шиналары (2024 жылы 190,9 мың шина шығарылды), "QazTehna" ЖШС автобустары (Yutong бренді, 2024 жылы 1616 бірлік шығарылды), "Silk Road Electronics" ЖШС тұрмыстық техникасы (2024 жылы "Artel" брендімен 164,5 мың бірлік тұрмыстық техника шығарылды) өндірісі, "Техно-Қарағанды зауыты" ЖШС жылу оқшаулағыш материалдарын өндіру, "OptimTech" ЖШС тұрмыстық техникаға арналған электр компоненттерін өндіру зауыты.

"Саран" аумағындағы "КарЗТФ" ЖШС полиэтилен құбырларының өндірісі іске қосылды (құны 2,5 млрд. теңге, 126 жұмыс орны құрылды).

 "Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты" ЖШС металл бұйымдарын ыстық мырыштау (құны 6,3 млрд теңге, 115 жұмыс орны) және "ТЭМПО - Қазақстан" ЖШС болат түзу тігісті электр дәнекерлеу құбырларын өндіру зауытының құрылысы жүріп жатыр (жобаның жалпы құны 20 млрд теңге, 400-ден астам жұмыс орны қарастырылған).

«Saran Machinery» ЖШС - HOWO жүк көлігі өндірісі (жобаның жалпы құны 25,5 млрд. теңге, 1000-нан астам жұмыс орны қарастырылған).

«Silk Road Electronics» ЖШС "Samsung Electronics" компаниясымен бірлесіп теледидарлар мен автоматты кір жуғыш машиналар өндірісін іске қосады.

Бұған қоса, OptimTech базасында тұрмыстық техника өндірісін оқшаулауға бағытталған Шағын өнеркәсіптік аймақ құрылып жатыр. Жоба шағын және орта бизнес пен жергілікті тауар өндірушілер үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатын 10,5 млрд теңге инвестициямен ауданы 30 000 ш.м. индустриялық орталық салуды көздейді.

Қаланың экономикалық трансформациясы еңбек нарығы, өнеркәсіптік өндіріс және әлеуметтік инфрақұрылымды қоса алғанда, барлық негізгі секторлардағы оң өзгерістерге ықпал етеді.

2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 194 614,5 млн. теңгені құрады (2023 жылы 186 183,5 млн. теңге), жұмыссыздық деңгейі 4,1%-дан 3,4%-ға дейін төмендеді, жалақының 14,6%-ға өсуі байқалды.

Қала бюджетіне салық аударымдары 2021 жылдан бастап 5 есе өсті (1,5 млрд. теңгеден 7,5 млрд. теңгеге дейін), көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр (12 көпқабатты үй – 455 пәтер қалпына келтірілді, 31 үй – 980 пәтер қалпына келтіріліп жатыр).

Саран мысалы индустриялық инфрақұрылымға инвестициялар моноқалалардың өсуі мен тұрақты дамуының катализаторы бола алатындығын көрсетеді.

 

ӨЗӨСО жетекші сарапшысы

Аманжолова Әйгерім



Қарау саны: 179
Сақталған: 04.04.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!