2025 жылғы 9 сәуірде Экономикалық зерттеулер институтында «Қазақстанның экономикалық жаңғыруы және өңірлік даму» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 15 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында мәлімдеген басым міндеттерін талқылауға арналды.
"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Басқарма
Төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов іс-шараның модераторы болды.
Талқылауға Институт қызметкерлері қатысып, Институттың
бас ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов
пен Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев мәлімдеме жасады. Одан
бөлек арнайы шақыртылған қонақтар – ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Экономика
институтының профессоры Наиля Нұрланова,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты
директорының орынбасары Нұрлан Сакуов
аталған тақырып аясында пікірін білдірді.
Талқылау аясында өңірлік дербестікті нығайту,
әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруға қоғамның қатысу тетіктерін
дамыту, жергілікті жерлерде бюджеттік жоспарлауды жетілдіру, сондай-ақ
мемлекеттік басқаруға цифрлық құралдарды енгізу мәселелеріне ерекше назар
аударылды. Сарапшылар Ұлттық құрылтайда белгіленген бастамалар теңгерімді
аумақтық дамуға бағытталған реформалар үшін тәжірибелік негізге айналып
жүргенін атап өтті.
Азамат Нұрсейітов стратегиялық
жоспарлауға деген көзқарастарды қайта қарастыру қажеттігін атап өтті. Мықты
және бәсекеге қабілетті мемлекет құру үшін болашаққа оң көзқарас пен айқын
ұлттық миссия қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның айтуынша, халықтың
реформаларды қабылдауын бағалау үшін әлеуметтік зерттеулерді қолдану маңызды
қадам болмақ.
Талқылау барысында Ұлттық құрылтай бастамаларының тәжірибелік
маңызына баса назар аударылды. Ғабит
Матаев: «Ұлттық құрылтай ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастырудағы
маңызды кезең болды. Ол мемлекеттік саясаттың векторын белгілеп қана қоймай,
өңірлерді қолдаудың нақты тетіктерін ұсынады. Президент атап өткендей,
өңірлерді нығайту арқылы ғана ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз
етуге болады. Бастамаларды тиімді іске асыру барлық мүдделі тараптың –
мемлекеттік органдардың, жергілікті биліктің, бизнестің және азаматтық қоғамның
үйлесімді жұмысын талап етеді», - деп атап өтті.
Панельдік талқылау сараптамалық пікір алмасуға және
өңірлік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған тәжірибелік ұсынымдар
әзірлеуге арналған ашық алаңға айналды. Қатысушылар Қазақстан экономикасын
тұрақты дамыту мен жаңғыртуға қол жеткізу үшін ғылым, мемлекеттік құрылымдар
мен қоғам арасындағы одан әрі ынтымақтастық қажеттігін атап өтті.
