Қазақстанда некелілікте қандай үрдістер байқалады?

10.04.2025

Отбасылық-некелік қатынастардың сипаты - халық көбеюінің негізгі факторы. Некеге тұру үлесінің төмендеуі, некеге тұру жасының ұлғаюы, бірге тұрудың және еркін қарым-қатынастың таралуы Еуропа елдерінде туу көрсеткіші төмендеуінің негізгі алғышарттары болды.

Қазақстанда некелілік үрдістерінде кейбір өзгерістер байқалды.

Бірінші некеге тұрғандардың үлесі азайып, ажырасқандар арасында қайта некеге тұру үлесі артты. Соңғы бес жылда (2020-2024жж.) бірінші некеге тұрған күйеу жігіттердің үлесі 83,5%-дан 78,1%-ға, қалыңдықтардың үлесі 85%-дан 79,1%-ға дейін төмендеді. Қайта үйленетін ажырасқан күйеу жігіттердің үлес салмағы 15,4%-дан 20,8%-ға дейін, қалыңдықтардың үлес салмағы 13,5%-дан 19,4%-ға дейін өсті.

Бұл үрдіс егде жастағы некеге тұру үлесінің өсуіне әсер етуі мүмкін. Жалпы алғанда, елде егде жаста некеге тұратындардың үлесі артты. Соңғы бес жылдық кезеңде 35-44 жасында некеге тұрған күйеу жігіттердің үлесі 10,9%-дан 14,7%-ға дейін, 45-54 жасында - 3,6%-дан 5,4%-ға дейін өсті. Қалыңдықтар арасында үлесі 35-44 жаста — 8,5%-дан 12,3%-ға дейін, 45-54 жаста - 2,5%-дан 4,4%-ға дейін өсті.

Бірінші некеге тұратындардың орташа жасы артады. Бірінші некеге тұрған күйеу жігіттердің орташа жасы 2020 жылғы 27,5 жастан 2024 жылғы 27,9 жасқа дейін, қалыңдықтардың - 24,8 жастан 25,2 жасқа дейін өсті. Қалалық күйеу жігіттердің орташа жасы 27,5-тен 28,1-ге дейін, ауылдық жерлерде - 27,3-тен 27,5 жасқа дейін өсті. Қалыңдықтардың орташа жасы 24,8-ден 25,2-ге дейін, қалалық жерлерде - 25,2-ден 25,7-ге дейін, ауылдық жерлерде - 24-тен 24,3-ке дейін өсті.

Өңірлік бөліністе солтүстік өңірлердің еркектері, Шығыс Қазақстан облысы мен мегаполистердің әйелдері кеш үйленеді. 2024 жылғы жағдай бойынша бірінші некеге тұратын күйеу жігіттердің орташа жасы Шығыс Қазақстан облысында 29,5, Солтүстік Қазақстан облысында 29,1, Қостанай облысында 28,9 жасты құрады. Қалыңдықтар арасында -Шығыс Қазақстан облысында 27, Алматы қаласында 26,5, Астана қаласында 26,4 жасты құрады.

Оңтүстік және батыс өңірлерде жастар алғашқы некеге салыстырмалы түрде ерте тұрады. Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарының ерлері орта есеппен 27 жасқа дейін, Түркістан облысының әйелдері 23 жасқа дейін, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының және Шымкент қаласының әйелдері 24 жасқа дейін отбасын құруға тырысады.

2021 жылғы халық санағының нәтижелері бойынша 4 067 682 ер некеде тұрғанын, оның 9,7%-ы (392 989 адам) тіркелмеген некеде тұрғанын көрсетті. 4 180 934 әйел некеде тұрғанын көрсетті, оның 11%-ы (460 177 адам) некесін тіркемеген.

Отбасылық-некелік қатынастардың өзгеруі туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Демек, халықтың некелік мінез-құлқын жүйелі түрде зерттеу - елдегі туу көрсеткішін болжаудың маңызды компоненттерінің бірі.

 

Жетекші сарапшы

Шынар Тулешова



Қарау саны: 109
Сақталған: 24.04.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!