Англияның оңтүстік жағалауында теңіз суынан көмірқышқыл газын (CO₂) алу арқылы климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған инновациялық SeaCURE жобасы жұмысын бастады. Әзірлемені Ұлыбритания Үкіметі қаржыландырады және ол - парниктік газдарды ұстау және сақтау технологияларын құру бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі.
Ауадан немесе
өнеркәсіптік шығарындылар көздерінен CO₂ алуға бағытталған дәстүрлі әдістерге
қарағанда, SeaCURE құрамында атмосферадан 150 есе көп көміртегі бар теңіз
суын пайдаланады. Алдымен су қышқылданады, бұл CO₂ газ түрінде бөлінуіне
ықпал етеді, содан соң газ арнайы сорбенттермен ұсталады және сүзіледі —
мысалы, күйдірілген кокос қабығынан. Өңдеуден кейін су теңізге қайта құйылып,
ауадан көмірқышқыл газын қайта сіңіре бастайды.
Ағымдағы
кезеңде қондырғы жылына 100 тоннаға дейін CO₂ кетіре алады, бұл
100 трансатлантикалық рейстің шығарындыларына тең. Дегенмен, әзірлеушілер
технологияны ауқымдау кезінде дүниежүзілік мұхит бетінің 1%-ына дейін өңдеуге
және жыл сайын 14 миллиард тоннаға дейін CO₂ алуға болатынына сенімді.
Жоба теңіз экожүйесіне ықтимал әсерді
зерттеумен сүйемелденеді. Ғалымдардың мәлімдеуінше, судағы көміртегі концентрациясының
төмендеуі фотосинтез және қабыршақ түзу процесінде көміртекті пайдаланатын
фитопланктон және моллюскалар сияқты теңіз ағзаларына әсер етуі мүмкін.
Өңделген суды алдын-ала сұйылтуды қоса алғанда, осы салдарды азайту шаралары
әзірленіп жатыр.
Ұлыбританияның
Энергетика министрі Керри Маккартидің айтуынша, мұндай жобалар нөлдік
шығарындылар мақсатына қол жеткізу процесінде шешуші рөл атқарады және сондай-ақ
жаңа жұмыс орындарын құруға және экономиканы дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан Каспий— климаттың өзгеруінен, ластанудан және су деңгейінің
төмендеуінен зардап шегетін ішкі теңіз жағалауының едәуір бөлігіне ие. Каспий
теңізінің тұзды суларына бейімделген ұқсас технологияларды енгізу көміртегі теңгерімін
реттеуге және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Сонымен
қатар, елде ірі су қоймалары, көлдер мен өзендер де бар. Тұщы судан немесе
тіпті ағынды сулардан CO₂ алу әлеуетін зерттеу экологиялық технологиялар мен
суды тазартудың жаңа бағытын ашуы мүмкін. SeaCURE шабыттандырған көміртекті ұстау
технологиялары шығарындыларды азайтудың кешенді стратегиясының бір бөлігі бола
алады.