Маңғыстау облысы: мәселелер, шешу жолдары және даму перспективалары

18.04.2025

Маңғыстау облысы – елдің оңтүстік-батысында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қазақстанның стратегиялық маңызды өңірлерінің бірі. Өңірдің елеулі өнеркәсіптік, көліктік-логистикалық және туристік әлеуеті бар.

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша облыс халқының саны 807,5 мың адамды құрады, бұл ретте, басым бөлігін ауыл тұрғындары құрайды - 53,8%. Табиғи өсу байқалады, алайда, оның қарқыны төмендеп келеді: 2025 жылдың алғашқы екі айында 2814 адам дүниеге келді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға аз.

Өңір экономикасының негізгі салалары - өндіруші өнеркәсіп, көлік және құрылыс. 2025 жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 779,8 млрд. теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнім 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,65 трлн. теңгеге жетті, 3,7% өсім көрсетті.

Бұл ретте, ЖӨӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 55,7%, ал қызметтер үлесі 36,7% құрады. 2025 жылғы қаңтар-наурызда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 194,0 млрд. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-наурызға қатысты 110,3% құрады.

Өңірде жалпы оң әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптасса да (облыс қарқынды дамып келеді, ЖӨӨ 2021-2023 жылдары 50%-ға өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті), әлеуметтік-экономикалық көрініс екіұшты екенін атап өткен жөн. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінн 4,9% құрайды. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың саны 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 20 371 адамды немесе жұмыс күшінен 5,6% құрады. Өңірдегі орташа жалақы 607,9 мың теңгені құрады, сонымен бірге нақты жалақы индексі небәрі 99,3% ғана құрады, ал халықтың нақты табысы бір жыл ішінде 14,4%-ға қысқарды.

Оң макроэкономикалық көрсеткіштерге қарамастан, өңір бірқатар жүйелік мәселелерге тап болады. Олардың қатарында инфрақұрылымның тозуы, кейбір деректер бойынша, мысалы, Ақтау қаласындағы сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 82%-ға жетеді (жылыту маусымы басталғаннан бері жылу желілерінің 225 рет ажырау тіркелді, бұл халық тарапынан жиі ажыратулар мен шағымдарға әкеледі).

Әсіресе жазда ең өткір мәселелердің бірі - сумен жабдықтау мәселесі, халық пен кәсіпорындар ауыз су мен техникалық су тапшылығын сезінеді. Өңірде көлік байланысы тапшылығы, теміржол бағыттарының шектеулі саны және әуе қатынасы тапшылығы халықтың ұтқырлығын қиындатады және туризмнің дамуына кедергі келтіреді.

Облыс экономикасы әлі де өндіруші өнеркәсіпке тәуелді. Бір саланың басым болуы өңір экономикасын шикізаттың әлемдік бағасының өзгеруіне осал етеді.

Атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан күш-жігерге, экономикалық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қарамастан, халықтың нақты табыс деңгейі төмендейді, ал жаңа жұмыс орындарын құру қарқыны еңбекке қабілетті халық санының өсуінен артта қалып отыр.

ҚР Үкіметі мен өңір әкімдігі жоғарыда аталған мәселелерді жою үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Өңірдің көліктік-логистикалық және туристік әлеуетін ашуға, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге және инвестициялар тартуға басты назар аударылады. 2025 жылға дейінгі кезеңде өңірде 1,8 трлн теңге сомаға 259 іс-шараны іске асыру көзделген. Ел Үкіметі жобаларды іске асыру барысында жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударуды ұсынды.

Өңірде инфрақұрылымды кешенді жаңғырту бойынша шаралар қабылданды. МАЭК жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлінді, облыс орталығында, Жаңаөзенде, аудандарда орамішілік және магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланды. Көлік-логистикалық инфрақұрылым дамытылады, теміржол және авиациялық желі дәйекті түрде кеңейтіледі, Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы белсенді түрде жалғасып келеді, автожолдарды қайта жаңарту жүргізіледі (республикалық маңызы бар 680 км автожолды қайта жаңарту жоспарланды).

ТХКБ дәлізі бойынша тасымалдау көлемі артып келеді: 2024 жылдың 10 айында 68%-ға өсті, контейнерлік тасымалдар 2,7 есе ұлғайды, темір жол көлігімен 2,3 млн тонна жүк, теңіз жолымен 6,3 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.

Инвестициялар мен бизнесті қолдау бойынша шаралар нәтижелер көрсете бастады: 2024 жылы 14 жаңа жоба іске қосылды, қазіргі уақытта 1,5 трлн теңгеге 19 перспективалық бастама әзірленіп жатыр, бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. "Ақтау теңіз порты" АЭА кеңейту үшін инвестициялар тарту - маңызды аспект.

Облыстың өсу факторларының бірі ішкі туризм болуы керек, оның дамуының мультипликативті әсері елеулі перспективаларға ие болуы мүмкін. Бұл салада "Жылы жағажай" ауданында орналасқан көпфункционалды қонақ үй-туристік кешені, сауықтыру кешендері мен қонақүйлер құрылысының II-кезегі аяқталады, сондай-ақ Кендерлі курорттық аймағы дамытылады.

Өңірді дамыту перспективалары Облысты дамытудың кешенді жоспарына енгізілген, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оған 100-ге жуық жаңа іс-шара енгізілді: 17 өнеркәсіптік құрылыс (зауыттар, цехтар, ұңғымалар және т.б.) салу және жаңғырту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, қазіргі заманғы ойын-сауық паркін, аквапаркті, ойын аймағын ашу мәселелерін пысықтау (Қонаев қаласы мен Бурабай кентіне ұқсас), туристік көрікті жерлерге, қонақ үйлерге, демалыс аймақтарына және т.б. тиісті инфрақұрылым салу арқылы өңірдің туристік әлеуетін дамыту. Жоспарда жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге 259 іс-шара қамтылады. Сондай-ақ, білім деңгейін арттыру жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ облыс оқушыларының академиялық ұтқырлығын қамтитын "Қоғамдық даму" жаңа бөлімі қарастырылған.

Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және облыс халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған шұғыл шаралары жоспарында Ақтөбе облысындағы "Көкжиде" жерасты кен орнын бүкіл батыс өңірді, әсіресе Маңғыстау облысын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдалану мүмкіндігіне зерттеу жүргізу сияқты іс-шараларды іске асыру жоспарланды.

Өнеркәсіп саласында ішкі және сыртқы жабынмен болат құбырларды оқшаулау зауытын салу, көміртекті-аммоний тұздарын өндіру, Каспий теңізінің акваториясында кеме жасау верфін салу, Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу және т.б. жоспарланды.

Көлік инфрақұрылымы саласында - "МАЭК" су қабылдағышынан Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту (II-кезек), Ақтау-Форт-Шевченко автомобиль жолын қайта жаңарту және т.б. жоспарланды.

 

Жетекші ғылыми қызметкер

Матаев Г.М.



Қарау саны: 66
Сақталған: 24.04.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!