Қазақстандағы ЭЫДҰ стандарттары: METRO моделі (ЭЫДҰ әлемдік нарықтарды талдауға арналған құралы)

02.05.2025

METRO (Modelling the Economic Trade Relationships and Opportunities) моделін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) сауда саясатының экономикаға әсерін талдау құралы ретінде әзірледі1. Бұл саясаттағы, технологиядағы және басқа факторлардағы өзгерістердің әсерін жаһандық деңгейде бағалауға мүмкіндік беретін көп салалы, көп өңірлік жалпы тепе-теңдік моделі (CGE). METRO экономикалар арасындағы байланыстарды, өндіріс пен сауданың жаһандық құн тізбегі (GVCs) арқылы байланысуын және ресурстардың экономикалық қызметтің барлық түрлеріне анағұрлым жақсы бөлінуін бақылайды.

METRO моделі 65 секторды және 161 өңірді қамтитын Global Trade Analysis Project (GTAP) дерекқорына негізделген. Ол ЭЫДҰ-ның соңғы статистикасын, соның ішінде Trade in Value Added (TiVA) дерекқорын біріктіреді, бұл сауда саясатын талдау кезінде құрылымдық саяси мәселелерді ескеруге мүмкіндік береді.

ЭЫДҰ елдерінде METRO моделін қолдану әртүрлі саяси сценарийлердің экономикаға әсерін бағалауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, модель Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуының салдарын және Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан туындаған геосаяси өзгерістерді талдау үшін қолданылды.

ЭЫДҰ-ның 2020 жылғы есебінде ұсынылған нәтижелерге сәйкес, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуының салдары елдің бірыңғай нарықтағы гипотетикалық сақталуымен салыстырғанда, орта мерзімді перспективада Ұлыбритания экспортының 6,1%-ға және импорттың 7,8%-ға төмендеуіне әкеп соқтырады. Негізгі шығындар техникалық кедергілердің, саудадағы санитарлық-фитосанитарлық шаралардың ұлғаюына, сондай-ақ қызмет көрсету секторындағы транзакциялық шығындардың өсуіне байланысты. Жалпы алғанда, Еуропалық Одақ үшін өндіріс көлемінің 0,4-0,5% деңгейінде аз шығыны болжанды, бұл ретте, Ирландия үшін ең үлкен жағымсыз әсерлер күтілді2.

METRO моделі сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың экономикалық салдарын талдау үшін, соның ішінде Ресей мұнайының импортына тыйым салуды бағалау және басқа да санкциялар енгізу үшін қолданылды. Талдау нәтижелері сауда ағындарының, әсіресе энергетика секторында едәуір қайта бөлінуін көрсетті, бұл жекелеген елдер мен өңірлердің макроэкономикалық тұрақтылығына әсер етті.

Қазақстанда соңғы жылдары ЭЫДҰ-мен сауда және көлік байланысы саласындағы ынтымақтастық күшейе түсті. Бірлескен жобалар шеңберінде, Орталық Азия елдеріндегі сауданы жеңілдету және Орта дәліздің әлеуетін іске асыру бойынша шолулар ұсынылды3. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен ынтымақтастықта сауда рәсімдерін жеңілдету және Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастығын кеңейту бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр.

Анықтама үшін: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 22 қарашадағы №958 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға 1-қосымша болып табылатын 2022-2025 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде, жауапты мемлекеттік органдар тұрақты негізде ЭЫДҰ METRO сауда моделін қолдану саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған оқыту семинарларын өткізеді. 2023 жылғы наурызда Парижде "QazTrade" АҚ сарапшыларына арналған бес күндік оқыту семинары ұйымдастырылды, оның барысында қатысушылар METRO моделін қолдану жөніндегі тренингтен өтті, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның басқа да негізгі талдау құралдарымен, атап айтқанда, Қызметтер саудасының шектелу индексімен (Services Trade Restrictiveness Index, STRI), Сауданы жеңілдету индикаторларымен (OECD Trade Facilitation Indicators) және қосылған құн саудасы бойынша дерекқормен (Trade in Value Added, TiVA) танысты. 2024 жылы осындай оқыту семинары онлайн форматта өткізілді, онда "QazTrade" АҚ өкілдері де белсенді қатысып, кәсіби дағдыларды дамытудағы сабақтастықты және ЭЫДҰ-мен институционалдық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуды қамтамасыз етті.

ЭЫДҰ ұсынымдарын енгізу және қағазсыз саудаға көшу орта мерзімді перспективада тауар айналымының 30%-ға ұлғаюына әкелуі мүмкін, бұл - Қазақстан үшін басым көрсеткіш4.

Осылайша, METRO моделі елдерге әртүрлі саяси шешімдердің салдарын бағалауға және тұрақты экономикалық даму стратегияларын әзірлеуге мүмкіндік беретін сауда саясатын талдау мен қалыптастырудың маңызды құралы ретінде қызмет етеді. Қазақстан үшін қосылған құнды талдауға және жаһандық құн тізбегіне енуге негізделген тәсілдерді қолдану экономиканы дамыту және халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.



Қарау саны: 38
Сақталған: 04.05.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!