2025 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді

27.06.2025

Сапар аясында Мемлекет басшысы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Айбын-2025" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Осы іс-шара — салтанатты науқан ғана емес, ол сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын, қоғамның бірлігін, тарихи жадыны сақтауды және жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуды бейнелейді.

Сонымен қатар, Президенттің сапары орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдауды талап ететін жаңа экономикалық және инфрақұрылымдық қайта құрулар қарсаңында тұрған өңірді одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.

Ақтөбе облысы — елді индустриалдық дамыту тұрғысынан тірек өңірлерінің бірі. Бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша ол республикадағы ең ірі көрсеткіштердің қатарына кіреді. Облыста — 14 аудан, 1 облыстық маңызы бар қала, 7 аудандық маңызы бар қала және 312 ауылдық елді мекен. Өңір халқы 950 мың адамға жақындап келеді (2021 жылы — 894,3 мың). Өңір серпінді дамуды көрсетіп отыр: жалпы өңірлік өнімнің көлемі 2024 жылы 5,0 трлн теңгені құрады (2021 жылы - 3,6 трлн теңге), урбанизация деңгейі 75,6%-ға жетті (2021 жылы - 71,1%).

Облыс индустриалдық-аграрлық өңірлердің қатарына жатады. Экономика мұнай мен газды өндіруге және өңдеуге, металлургияға, химия өнеркәсібіне, машина жасауға және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған. Өнеркәсіп өңірлік ЖӨӨ-нің үштен бірін құрайды.

Өңірде пайдалы қазбалардың едәуір қоры бар: мұнай, газ, хром, никель, алтын, күміс, асбест, каолин, шыны және қаптау шикізаты, мұнай-битум жыныстары және т.б. Барланған қорлардың көлемі: газ — 144,9 млрд текше метр, мұнай — 243,6 млн тонна, мұнай-газ конденсаты — 32,7 млн тонна. Облыста хромит кендерінің (әлемде 2-орын), никель-кобальт кендерінің, фосфориттердің және калий тұздарының ірі кен орындары орналасқан.

Облыстың көліктік-логистикалық әлеуеті де жоғары болып қала береді. Оның аумағы арқылы "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" халықаралық дәлізі, "Бұхара — Орал" газ құбыры және Қазақстан — Қытай мұнай құбыры өтеді. 900 км радиуста Қазақстан мен Ресейдің жеті ірі қаласы орналасқан олардың жиынтық халқы 12 млн адамнан асады.

Өңір аумағында "Қазхром" ТҰК" АҚ, "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ және т.б. қоса алғанда, елдің стратегиялық маңызды кәсіпорындары жұмыс істейді.

Дегенмен, елеулі өнеркәсіптік және ресурстық әлеуетке қарамастан, өңір бірқатар әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тап болды. ЖӨӨ өсуді жалғастырғанымен, республиканың жалпы өңірлік өнімінің жалпы көлеміндегі оның үлесі: 2021 жылғы 4,3%-дан 2024 жылы 3,7%-ға дейін төмендеді. 2024 жылы орташа айлық атаулы жалақы 329,0 мың теңгені құрады — республикалық орташа деңгейден төмен (361,4 мың теңге). Халықтың номиналды ақшалай табысы 2024 жылдың IV-тоқсанында 205,0 мың теңгені, ал ел бойынша орташа есеппен 230,6 мың теңгені құрады.

Инфрақұрылымдық мәселелер да сақталды: автомобиль жолдарының 48%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда, инженерлік коммуникациялардың 60%-дан астамы тозған. Жұмыспен қамту мәселелері шешілмеген күйінде қалып отыр: бейресми сектордың үлесі жоғары, жұмыссыздық деңгейі сақталады. Әлеуметтік салада — мектеп орындарының тапшылығы, апатты және үш ауысымды мектептердің болуы. Облыстың ауылдық елді мекендерін газдандыру да аяқталмады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету 61,9% (республика бойынша орташа көрсеткіш — 64,1%), оның ішінде: қалалар бойынша — 79,2% (ҚР бойынша орташа көрсеткіш — 86,76%), ауылдар бойынша — 61,5% (ҚР бойынша орташа көрсеткіш — 63,8%) құрады.

Сондай-ақ, нәресте өлімінің жоғары деңгейі байқалады - 1000 туылғанға шаққанда 9,64 жағдай, орташа республикалық деңгейде - 6,80 (2024 жыл).

2024 жылғы облыс бойынша көші-қон сальдосы — теріс: минус 1 957 адам.

Осылайша, өңірдің даму үшін елеулі әлеуеті бар, бірақ ол жүйелік қиындықтарға тап болады. Оларды шешу кешенді және ведомствоаралық тәсілді талап етеді. Президенттің сапары - бұл облыс үшін өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ең жоғары деңгейде белгілеу мүмкіндігі.

Дәстүр бойынша Мемлекет басшысының өңірлерге жұмыс сапарлары нақты шешімдер қабылдаумен қатар жүрді. Өткен жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев өңір экономикасын әртараптандыру, өнеркәсіптік кластерлерді қолдау және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелерін көтерді. Бүгінде облыс осы саясатты жалғастыруға — стратегиялық салаларды қосымша қолдауға, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуге және негізгі әлеуметтік бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуге сенім артуға құқылы.

Ақтөбе облысы — орасан зор ресурстық, демографиялық және географиялық әлеуеті бар өңір. Президенттің кезекті сапары оның алдына жаңа мүмкіндіктер терезесін ашады және орнықты дамуға серпін береді.


Матаев Г.М.

жетекші ғылыми қызметкер



Қарау саны: 69
Сақталған: 01.07.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!