Басқарма Төрағасы Әсел Сәрсенбаева ҚР Конституциясы мен Бейжің декларациясының 30 жылдығына арналған конференцияға қатысты
26.08.2025
2025 жылғы 22 тамызда Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына арналған «Прогрестің 30 жылдығы: әйелдер мен ерлер құқығы мен мүмкіндігінің теңдігіне тұрақты жол» атты конференция өтті. «Әйелдердің жұмыспен қамтылуы және экономикалық әл-ауқаты» сессиясы аясында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Сәрсенбаева «Еңбек нарығындағы гендерлік теңдік – экономиканың тұрақты дамуының кілті» тақырыбында сөз сөйледі. Сессияның модераторы TechnoWomen коммерциялық емес ұйымының Басқарма төрағасы, «Цифрлық трансформация» ҚҚ негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева болды. Кездесуге мемлекеттік органдардың, ғылыми топтардың өкілдері, кәсіпкерлер, халықаралық ұйымдар және т. б. қатысты. Баяндамасында Әсел Сәрсенбаева Қазақстан кейінгі онжылдықта әйелдердің экономикалық және еңбек позицияларын нығайтуда айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін атап өтті, бұған мемлекеттің жүйелі амалдары сеп болып отыр. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде елде әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылға қарай 5,1%-ке дейін төмендеді. Еңбек нарығындағы тұрақтылық жолындағы оң үрдіс 2001 жылғы 9,2%-тен 2023 жылы 1,5%-ке дейін төмендеген ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі көрсеткіші бойынша қалыптасты. Алайда, өңірлер бөлінісінде жағдай айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, 2023 жылы Түркістан облысында әйелдер арасындағы ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі 4,0%, ұзақ мерзімді ерлер жұмыссыздығы 4,9%, Маңғыстау облысында 2,8% және тиісінше 0,6% құрады.
Жалпы,
қазақстандық еңбек нарығында әйелдердің
жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары және
білікті қызметкерлер көп. Алайда, ерлер
мен әйелдер арасында жалақы алшақтығы
бар. Ерлердің орташа айлық жалақысы
418,8 мың теңгені, ал әйелдердің орташа
жалақысы 311,2 мың теңгені (алшақтық –
25,7%) құрады, бұл ретте гендерлік алшақтық
әлі де елеулі және ЭЫДҰ елдеріне тән
деңгейден 2 еседен жоғары – 11,4%-ті
құрады.
Бұл көрсеткіш өңірлік бөліністе өзгеріп
отырады. Әйелдердің әлеуетін тарту – әділеттілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар тұрақты экономикалық өсуге қажет шарт. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, гендерлік алшақтықты жою ұзақ мерзімді перспективада дамушы елдердің ЖІӨ 23%-ке дейін арттыруы мүмкін. Бүгінде Үкімет бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін қажетті мемлекеттік қолдаудың ауқымды шараларын қабылдауда. 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде әйелдерге қатысты сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 33 мың жоба, кредиттерге кепілдік беру бойынша 23 мың жоба қолдау тапты. 2024 жылдан бастап «Даму» Қоры «Үміт» әйелдер кәсіпкерлігін несиелендірудің жаңа бағдарламасын іске қосты. Несиелер екінші деңгейдегі банктер арқылы нарықтық мөлшерлемелерден 7 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік институты белсенді дамып келеді – әлеуметтік кәсіпорындардың шамамен 80%-ін әйелдер басқарады. Ақысыз еңбек мәселесіне ерекше назар аударылды. Әйелдер үйдің жұмысына ерлерге қарағанда 3 есе көп уақыт жұмсайды, бұл олардың экономикалық белсенділігін шектейді. Сондай-ақ, демографиялық жүктеме мәселесі және жұмыс пен отбасылық өмірдің тепе-теңдігіне ықпал ететін әлеуметтік инфрақұрылымды құрудың маңызы талқыланды. Сөзін қорытындылай келе, Әсел Сәрсенбаева Қазақстанның 2029 жылға қарай ЖІӨ екі есеге арттыру бағыты әйелдерді экономикаға белсенді тартуды, кедергілерді жоюды және әйелдерді еңбек нарығында ілгерілетуді талап ететінін атап өтті. Конференция тәжірибе алмасу және теңдікті одан әрі ілгерілету мен әйелдердің Қазақстан экономикасындағы рөлін күшейту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу алаңына айналды.
Қарау саны: 30 |
|
|