Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші ретінде белгіледі

09.09.2025

Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші ретінде белгіледі. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде кәсіпкерліктің дамуында оң динамика бар екенін атап өтті. Елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің (бұдан әрі – ШОБ) үлесі 40%-ке жақындады, ШОБ секторындағы жұмыспен қамтылған халықтың саны экономикалық белсенді халықтың шамамен 50%-ін құрайды. 

ШОБ дамыту көрсеткіштерінің өсуі елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалғанын, сондай-ақ халықтың өз ісін жүргізуге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл оң динамиканың қалыптасуына бизнеске қатысты мемлекеттік саясаттың трансформациясы маңызды үлес қосты. 

2021 жылы ШОБ реттеу саласындағы мемлекеттік саясат неғұрлым қолайлы және әділ бизнес-ортаны құруға бағытталған жаңа реттеуші саясат шеңберінде сапалы өзгерістерге ұшырады. Негізгі назар әкімшілік жүктемені азайтуға, артық талаптардан бас тартуға, сондай-ақ бизнесті жазалаушы қадағалаудан алдын алу жұмыстарын жүргізуге және сүйемелдеуге көшу мәселесіне аударылды. 

2020 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде қабылданған шаралардың нәтижесінде елде кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуі байқалады. Тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 40,5%-ке өсті (1 610,5 мың бірліктен 2 262,4 мың бірлікке дейін). Тіркелген субъектілердің жалпы санында жұмыс істеп тұрған ШОБ үлесінің артуы байқалады. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 84,3%-ті құраса, 2024 жылы ол 7,3%-ке өсіп, 91,6%-ке жетті. Бұл жаңа кәсіпорындарды тіркеу үрдісінің өсуін ғана емес, сонымен қатар олардың тұрақтылығының, өміршеңдігінің және экономикалық қызметке қатысуының артуын көрсетеді. 

ШОБ субъектілерінің шамамен 70%-і – жеке кәсіпкерлер. Қаралып отырған бес жылдық кезеңде ШОБ-тың өнім шығаруы 70,1%-ке 33 627 мың теңгеден 57 188 мың теңгеге дейін ұлғайды. 

Алайда, оң тенденцияларға қарамастан, одан әрі шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесінің өсуіне қарамастан, бұл көрсеткіш әзірге Германия (53%), АҚШ (54%), Қытай (58%), Нидерланды (63%) және Оңтүстік Корея (50%) сияқты дамыған шет мемлекеттер деңгейінен төмен болып отыр. ШОБ өкілдері негізінен өнімділігі төмен секторларда – көтерме және бөлшек саудада – орналасқан. Өнеркәсіптік өндіріс саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ субъектілерінің үлесі 5,8%-ті құрайды. 

ШОБ-ты одан әрі дамыту мақсатында ел Президенті төмендегілерді қамтитын реттеушілік қысымды төмендету жөніндегі бағыттарды атап өтті: 
  • Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға терең тексеру жасау және жаңғырту жұмыстарын жүргізу
  • Реттеуші интеллект орталығын құру, оның міндеті – заңнамада тәртіп орнату, түсінікті және пәрменді шешімдер дайындау
  • Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін анықтау мақсатында нормативтерді қосымша тексере отырып, Міндетті талаптар тізілімінің толыққанды енгізілуін жылдамдату
Бұдан басқа, 2025 жылғы Жолдауда Мемлекет басшысы елді Еуразияның ірі көліктік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық міндетті белгіледі, бұл ШОБ үшін логистика, сауда, инфрақұрылымдық жобалар және ілеспе сервистерді дамыту салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға жүйелі және дәйекті көзқарас байқалатынын атап кеткен жөн. 2023 жылы экономикан ырықтандыруға және мемлекеттік сектордың рөлін төмендетуге баса назар аударылды, 2024 жылғы шаралар кәсіпкерлердің құқықтарын нығайтуға және әділ бизнес-орта құруға, ағымдағы жылы ШОБ-тың реттелуін жаңғырту үшін цифрлық және зияткерлік шешімдерді енгізуге бағытталды. Әкімшілік кедергілерді қысқартудан бастап Қазақстанның Еуразияның көліктік-логистикалық хабы ретінде стратегиялық позициялануына дейін қабылданатын шаралардың кешенділігі мемлекеттің ШОБ секторының ЖІӨ-ге қосқан үлесін арттыра отырып, оның сапалы өсуі мен орнықтылығын қамтамасыз етуге ұмтылысын байқатады.


Қарау саны: 138
Сақталған: 12.09.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!