Өңірлер: апта оқиғалары (2025 жылғы 8-14 қыркүйек)
15.09.2025
Астана. Елордада экономиканың өсуі тіркелді. Биыл 7 айда инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті (42% өсім), жеке салымдар 780 млрд теңгеге дейін ұлғайды (+25,4%), өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгені құрады (+10%), 2025 жылы жаңа өндірістерді іске қосу арқылы 2,6 трлн теңгеге дейін өседі деген болжам бар.
№ 1 индустриялық парк елорданың негізгі өндірістік алаңы мәртебесін растады: жалпы құны 336 млрд теңгеге 139 жоба іске асырылып, оның ішінде 82 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 2025 жылы 1,2 мың жұмыс орны бар тағы 21 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. №2 индустриялық парктің жобасы бойынша жұмыс басталды, оның ашылуы 100-ден астам жобаны іске асырып, 8 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жетекші кәсіпорындардың қатарында – броньді техника мен жауынгерлік модульдер шығаратын «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясы бар. Жоспарда – жүк техникасын шығару зауыты және артиллериялық оқ-дәрілерді өндіру бойынша «АСПАН» жобасын ашу. «Аромат» зауыты – Орталық Азиядағы парфюмерия шығаратын жалғыз толық циклді зауыт. 2025 жылдың көктемінде «VITTORIO» және «The Spirit of Kazakhstan» жаңа топтамалары іске қосылды. Мұндай өндірістерді дамыту елорданың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады және экономикалық өсу үшін ұзақ мерзімді базаны қалыптастырады.
Қарағанды облысы. Алдағы жылдары өңірде 120 инвестициялық жоба іске асырылады, оның 29-ы биылға жоспарланған. Негізгі бағыттары – тау-кен өнеркәсібі, машина жасау және қайта өңдеу. Облыста ыстық мырыштау зауыты жұмысын бастады, теледидарлар мен кір жуғыш машиналар өндірісі іске қосылды.
Жаңа жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашады. Негізгі даму драйверлері – машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, сондай-ақ қайта өңдеу. Жұмысқа «Сарыарқа» АЭА және Saran индустриялық аймағы белсенді тартылған, «бір терезе» қағидаты бойынша Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Алдағы жылдары Qarmet кәсіпорындарын жаңғыртуға 1,6 трлн теңге салу жоспарлануда. Туризмге ерекше назар аударылады – экономикаға қосымша серпін бере алатын негізгі орталықтар мен бағдарлар анықталды.
Алматы. Индустриялық аймақта, «Qazaq Prom Stroy» ЖШС зауытының құрылыс алаңында «TMT Group» ЖШС балық өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ, оңтүстік астана әкімдігі «Severpark», «Капстройгрупп-Т» және «ПромПарк» шағын өнеркәсіптік парктерінің жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте, жұмыстарды жылдамдату және заманауи сәулет шешімдерін сақтау қажеттілігіне баса назар аударылады. Жобаларды іске асыру өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Алматы қаласында инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы. Алматы облысы кейінгі жылдары капитал тартуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп отыр. 2024 жылы өңірге 1,0 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеден асуы мүмкін деген болжам бар. 2022-2024 жылдар аралығында облыста 724 млрд теңгеге жуық сомаға 98 жоба іске асырылды. Осының арқасында 11 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Биыл тағы 35 ірі жобаны, оның ішінде PepsiCo компаниясының зауытын және LC Waikiki логистикалық кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы жобалар облыстың дамуына жаңа серпін береді, инвестиция ретінде әрбір тартылған теңге – жаңа жұмыс орындары, заманауи өндірістер және тұрақты табыс көзі. Мұның бәрі – өңірдің жарқын болашағына сенімді қадам.
Қызылорда облысы. Облыс әкімдігінде басқарма басшыларының, қалалар мен аудан әкімдерінің, сондай-ақ өңірде іске асырылып жатқан жобалар мердігерлерінің қатысуымен коммуналдық мәселелер және жол құрылысы бойынша кеңес өтті. 2022 жылдан бастап өңірде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 55 жоба іске асырылды. 2023 жылы көрсеткіш 98,6%-ке жетті, биыл тағы 9 елдімекен орталықтандырылған сумен қамтылып, 100% көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Газдандыру деңгейі 83%-ті құрайды.
Кейінгі жылдары жол инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай қаражат жұмсалды. 1232 км жол мен көше, 19 көпір жөнделіп, салынды. 2024 жылы 329 км жол жаңартылып, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ке жетеді. Арал және Жаңақорған аудандарында жер үсті көпірлері іске қосылды. «Қызылорда – Жезқазған» тас жолында 216 км учаскеден 163 км жол салынды, жоба жыл соңына дейін толық аяқталады.
Ақтөбе облысы. Өңірде жүнді терең өңдеу және тоқыма емес материалдар өндіру бойынша «Kazfeltec» ЖШС зауыты бірегей жобасы іске асырылып жатыр. Оның құны – 5,3 млрд теңге, қуаты – жылына 2,1 мың тонна өнім. Кәсіпорын іске қосылған уақытта 40 тұрақты жұмыс орны құрылады. Жоба қой жүнін қайта өңдеуге және қылшық пен қатты жүннен жасалған экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдарды шығаруға бағытталған. Өнім құрылыста, өнеркәсіпте, жиһаз өндірісінде, сондай-ақ автомобиль жасауда кеңінен қолданылады. Цех италиялық Cormatex компаниясының заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынды пайдалануға беру жергілікті шаруалар үшін қой жүнін өткізудің тұрақты нарығын ашады, бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдегі мал шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, жобаның маңызды экологиялық артықшылығы бар: бұрын пайдаланылмаған қылшық жүн қайта өңделіп, жаңартылатын, табиғи және қауіпсіз материалға айналады.
Абай облысы. Облыс әкімі Б.Уәлидің «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қ. Мақсұтовпен кездесуі барысында Семей қаласында үшінші жылу электр орталығын салу жобасы қаралды.
Айта кету керек, қалада жылу энергиясының тапшылығы 147 Гкал/сағ құрайды. Бұл жаңа көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, жаз мезгілінде қала тұрғындары ыстық сусыз қалады.
Маңғыстау облысы. Облыс өңірінде инвестиция тарту және бизнес-ахуалды жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақын арада шетелдік әріптестермен бірлесіп көлік, машина жасау, цифрландыру және балық аулау салаларындағы жобаларды іске асыру көзделген. Ақтау қаласында құны 1 млрд доллар тұратын авиациялық және логистикалық хаб құрылысы басталады. Көлік-логистика саласында Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі іске қосылды, ал 2028 жылға қарай қуаты 11 млн тонна «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға беріледі. Туризм басым салалардың бірі болып қала береді: 2025-2029 жылдары 193,0 млрд теңге сомасына 19 жоба іске асырылады, оның ішінде экотуризмді және Бозжыра, Шерқала, Айрақты, Кеңдерлі және Жылы жағажай аймақтарын дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бейнеу – Сексеуіл автомобиль жолының құрылысы оңтүстік және батыс өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейтеді.
Ақтөбе облысы. Облыста «Ақтөбе» ӘКК» АҚ «Айс» ЖШС-мен бірлесіп құны 7,4 млрд теңге болатын сүт-тауар фермасын 1,6 мың бас жоғары өнімді мал санына кеңейту бойынша инвестициялық жобаны іске асырып жатыр.
Жоба өңірдегі сүт өнімдерінің тапшылығын азайтуға бағытталған. Келісім шеңберінде «Айс» ЖШС халыққа қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, өнімді ресми бөлшек сауда бағасының 90%-нен аспайтын бағамен сатуға міндеттеледі.
Алматы облысы. Облыс цифрлық трансформацияның негізгі өңірлерінің біріне айналады: мұнда Алатау-Сити жобасын іске асыру, жерді спутниктен мониторингтеуді енгізу, құрылыста және су ресурстарын басқаруда ЖИ пайдалану жоспарланып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп, логистика, туризм және ТКШ салалары да дамып жатыр. Негізгі басымдық – инвестиция тарту. Бірнеше ай ішінде 500 млрд теңгеден астам қаражат тартылды, жыл соңына қарай көрсеткіш 1,0 трлн теңгеге жақындайды. Инвесторлар үшін Alatau АЭА мен «Қонаев» ӘКК қамтамасыз ететін ынтымақтастық үшін ашық ережелер мен алаңдар маңызды. Жаңадан құрылған Алатау қаласы инновациялар орталығы және өңір мен ел үшін шешімдер сыналатын ерекше мәртебесі бар «цифрлық полигон» ретінде қарастырылады. Экономикалық іргетас энергетика және көлік арқылы күшейтіледі. Күн және жел станцияларын салу туралы меморандумдарға қол қойылды, «Жетіген – Қазыбек бек» филиалының құрылысы жүргізіліп, жаңа логистикалық парктер құрылып жатыр. Агросекторда нақты егіншілік және суарудың заманауи технологиялары енгізіліп, 2026 жылға дейін барлық қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына тартылады. Әлеуметтік сала да өзгереді: «болашақ мектептері», жаңа медициналық мекемелер салынып, ТКШ секторында да жаңа технологиялар енгізіліп отыр. Туризм экономика драйверіне айналды – тау-кен кластері дамып, «Ой-Қарағай» курортына газ құбыры салынып жатыр, электрмен жабдықтау және жол салу жобалары дайындалды. Осының бәрі туристер ағынын жылына 850 мың адамға дейін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жетісу облысы. Кеңес барысында облыс әкімдігінде 7 негізгі міндет анықталды: инвестицияларды тарту, өңдеу өнеркәсібі мен көлікті дамыту, ТКШ мен су инфрақұрылымын жаңғырту, АӨК-ті жаңа деңгейге шығару, кәсіпкерлікті қолдау және адами капиталды дамыту.
Өңдеу өнеркәсібінде мыс өңдеу бойынша Көксай КБК құрылысы басымдыққа ие болады. Ауыл шаруашылығында жыл басынан бері 54,3 млрд теңгеге өнім өндірілді (НКИ – 112,3 %), шикізатты қайта өңдеу үлесі 68%-ке жетті. Агрохабтар мен логистикалық орталықтар құру, мал шаруашылығын дамыту және экспортты ұлғайту тапсырылды. Көлік-логистика секторында ЖИ пайдалана отырып, тасымалдарды басқарудың цифрлық платформалары енгізіледі. ТКШ-ты жаңғыртуға, электр желілерінің тозуын азайтуға, ылғал үнемдейтін технологияларды енгізуге, елдімекендерді абаттандыруға және әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қордан жерді айналымға қайтару және әлеуметтік көмектің атаулы болуы қажеті атап өтілді.
Қарау саны: 32 |
|
|