Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 22,8%-ке төмендеді
22.09.2025
2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында АҚШ Қазақстанның сыртқы саудасында 2,4% үлесті иеленіп, сауда серіктестері арасында тоғызыншы орынға орналасты.
2025 жылғы қаңтар-шілде айларының деректері бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда 1,9 млрд АҚШ долларын көрсетті, бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен (2,45 млрд доллар) салыстырғанда 22,8%-ға аз болып отыр. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 641,9 млн АҚШ долларына дейін 42,7%-ке қысқарды. Экспорттың қысқаруы негізінен шикі мұнай (65%-ке), ферроқорытпалар (40%-ке) және күміс (10%-ке) жеткізілімдерінің азаюымен байланысты. Сонымен бірге уран (+41,5%), бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар және танталдан жасалған өнімдер (+87,3%) экспортының өскені байқалды. АҚШ-тан Қазақстанға импорт 6% төмендеп, 1,25 млрд АҚШ доллары болып қалды. Жеңіл автомобильдерді (-22,2%), авиациялық қозғалтқыштарды (-42%), телефон аппараттарын (-74,2%) және үй құсының етін (-60,1%) алып келу көлемі қысқарды. Алайда, дәрілік заттардың (4 еседен астам өсім) және ұшу аппараттарының (+88,7%) импорты айтарлықтай өсті.
Сауда
балансы
дәстүрлі түрде теріс мәнге ие болып
отыр және бір жыл бұрынғы -208,4
миллион АҚШ
долларымен салыстырғанда 2025 жылдың
қаңтар-шілде айларында -607,5 миллион АҚШ
долларына дейін төмендеді.
Кейінгі он жылда Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. 2015 жылы өзара сауда көлемі 1,9 млрд АҚШ долларын көрсетсе, 2024 жылға қарай ол екі есе өсіп, 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Өсім Қазақстанның АҚШ-қа экспорты кеңеюімен (2015 жылғы 0,43 млрд АҚШ долларынан 2024 жылы 1,97 млрд АҚШ долларына дейін), сондай-ақ америкалық тауарлар импортының ұлғаюымен (2015 жылғы 1,47 млрд АҚШ долларынан 2024 жылы 2,24 млрд АҚШ долларына дейін) қамтамасыз етілді.
2025 жылдың 2-тоқсанының басындағы жағдай бойынша Қазақстан АҚШ-қа қатысты нетто-инвестор мәртебесіне ие. Қазақстанның АҚШ-қа портфельдік инвестициялары 48,7 млрд АҚШ доллары болса, Қазақстанға америкалық салымдар тікелей инвестиция түрінде, 38,9 млрд АҚШ доллары көлемінде жасалған. Бұл соманың 96,4%-і тау-кен өнеркәсібіне және кен орындарын қазуға жұмсалды. Бұл ретте 2005 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта АҚШ-тан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 51,8 млрд АҚШ долларына жеткенін айта кеткен жөн. Бұл АҚШ Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі екенін дәлелдеп отыр.
Қарау саны: 95 |
|
|