Өңірлер: апта оқиғалары (2025 жылғы 15-21 қыркүйек)
23.09.2025
Ақмола облысы. Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының Бас жоспарының жобасымен танысты. Қала аумағы 7 мың гектарға кеңейіп, халық саны 500 мың адамға дейін өсуі мүмкін.
Қалада ЖЭО, көпсалалы аурухана, Азаматтық қорғаныс академиясы, спорт кешені салынып жатыр. 60 кәсіпорынға арналған индустриялық аймақ құрылады. Жаңартуды қоса алғанда, 10 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. 2029 жылға дейін 175 апатты жағдайдағы үй бұзылады, олардың орнына 35 заманауи үй салынады, аталған үйлерге 11 мың тұрғын көшіріледі. Елбасы жаңа үйлерді аралап, пәтер алған отбасымен кездесті.
Түркістан облысы. Облыс әкімі Н.Көшеровтың мақта-мата өнімінің ең ірі әлемдік өндірушісі Texhong Group басшылығымен кездесуі барысында мақтаның өңірдің дамуында қозғаушы күш болуға тиіс екендігі айтылды. Тараптар жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін заманауи зауыттардың құрылысын талқылады. Жобаның басты мақсаты – шикізатты өсіруден бастап, әлемдік нарыққа шығарылатын маталар мен дайын киімдерді өндіруге дейінгі толық циклды іске асыру. Texhong Group жыл сайын 900 мың тонна мақта өңдейді және Қытайда, Вьетнамда, Түркияда, Мексика мен Никарагуада өндірістік базаларға ие. Компания өзінің энергетикалық шешімдері мен су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы Түркістан мақта кластерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бүгін облыста 144,5 мың гектар жерде мақта өсіріледі, 470 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр. Өңірде 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді, тоқыма кластерлері құрылып жатыр: 2027 жылға қарай иірілген жіп пен мата өндіретін бес кешенді іске қосу күтіледі. 50 мың гектар жерде озық агротехнологиялар қолданылады. Texhong-тің өңірге келуі – инвестиция көзі ғана емес, сонымен қатар технологиялармен бөлісу, жұмыс орындарын құру және экологиялық таза стандарттарды енгізу. Жоба жеңіл өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беріп, Түркістан облысының индустриялық әлеуетін нығайтады.
Алматы. Бас жоспарды түзету және ірі қала құрылысы бастамаларын іске асыру жөніндегі кеңесте полиорталықтардың дамуына баса назар аударылды. Негізгі жобалар – жаңа тұрғын үй және іскерлік кластерлер құруға, орталықтың жүктемесін азайтуға және қаланы заманауи қоғамдық кеңістіктермен, жұмыс орындарымен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге арналған «Батыс қақпасы» және «Шығыс қақпасы» мастер-жоспарлары.
Жаңартылған Бас жоспардың маңызды бөлігі – Мемлекет басшысының Алматыға соңғы жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы бойынша таулы жерлерде құрылыс салуға мораторий. Бас жоспар мен полиорталықтардың мастер-жоспарларын іске асыру тұрғын үйлері, бизнес-орталықтары және саябақтары бар заманауи аудандарды қалыптастыруға, тарихи орталықты сақтауға және құрылыс пен әлеуметтік инфрақұрылым арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жетісу облысы. Биыл облыста 130 мың тонна мөлшерінде картоп жинау күтіледі. Орташа өнімділік 213,4 ц/га-ға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 ц-ге жоғары. Бүгінде егістік алқаптарының 65,5%-нен 87,5 мың тонна өнім жиналды. 1116 га алқапта картоп өсірілетін Ескелді ауданына ерекше назар аударылады. Мұнда екі картоп жинайтын комбайн мен 30-ға жуық маусымдық жұмысшылардың кұшімен «Нам» шаруа қожалығы да жұмыс істейді. Өнім Талғардағы чипсы шығаратын зауытқа да, Талдықорған нарығына да қайта өңдеуге жеткізіледі. Ауданда фермерлерді қолдау субсидиялаудан ғана емес, техниканы жаңартудан да көрінеді: биыл 56 бірлік ауыл шаруашылығы машинасы лизингке алынып, парктің жаңару деңгейі 7,5%-ке дейін артты. Ағымдағы жылдың 7 айында 17,2 млрд теңгеге өнім өндірілді (+5,7%). Жалпы облыста агросекторды қолдауға 68 млрд теңге, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы аясында 14,3 млрд теңге қарастырылған.
Қостанай облысы. Өңірдің елді мекендерін газдандырумен қамту рет-ретімен кеңейтілуде: 501 елді мекеннің 84-і газбен қамтылған, бұл газбен жабдықтаудың 16,8%-ін құрайды. Халықтың газбен қамтамасыз етілу деңгейі шамамен 60%-ті, қалаларда 77,1%-ті, ауылдарда 31,3%-ті құрайды.
Шаралар ауылдық жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға және қала мен ауыл арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға бағытталған.
Жамбыл облысы. 2023-2024 жылдар аралығында мұнда 289 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба іске асырылды, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Ірі объектілердің қатарында – Шатыркөл байыту фабрикасы, «KORCEM» цемент зауыты және «Karatau Chemicals» кәсіпорны. 2025 жылдың соңына дейін 175,2 млрд теңгеге тағы 30 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 301,8 млрд теңгені (+48,1%) құрады. Таразда шағын өнеркәсіп аймағы қалыптасып, «Jibek Joly» АЭА аумағы 1205 гектарға дейін кеңейтіліп, Орталық Азияның ірі хабтарының біріне айналып жатыр. Жаңа жобалардың ішінде жел генераторларын, өнеркәсіптік кремнийді, жүгеріні тереңдетілген өңдеу өндірісі, қуаты 3 млн тонна болат металлургия комбинаты, желатин және мототехника шығаратын зауыттар да бар. Қараша айында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын шығару өндірісі іске қосылады. Бұл бастамалар өңір экономикасына жаңа қарқын беруге бағытталған.
Батыс Қазақстан облысы. Облыстың Қаратөбе ауданында жергілікті елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 63,1 км магистральдық сумен жабдықтау жүйелері салынып жатыр.
Жобаның іске асырылуы Мемлекет басшысының елдің батыс өңірінде тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес келеді.
Қызылорда облысы. Облыс орталығында облыс басшылығы «Harvest Kazakhstan» компаниясының өкілдерімен кездесіп, агроөнеркәсіптік секторды дамыту мәселелерін талқылады. Өңірдің негізгі дақылы – күріш: ол 85 мың гектарға дейінгі аумақты алып, бүкіл ел өндірісінің 90%-тен астамын қамтамасыз етеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңір күріш отырғызуды біртіндеп азайтып, жүгері алқаптарын көбейтеді, бұл суды үнемдеуге және қайта өңдеуді дамытуға мүмкіндік береді. Инвесторлармен кептіру цехын (2025-2026) және жүгеріні тереңдетілген өңдеу зауытын (2026-2029) салу мәселелері талқыланды. Толыққанды жұмыс істеу үшін 20 мың гектар жерге жүгері егу қажет, жердің 10 мың гектарын әкімдік беретін болады. Бұл қадамдар агросекторды әртараптандыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және облыста жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы. Alatau City-де K Park мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды. Жоба Қазақстандағы корей қауымдастығының 90 жылдығына орай құрылған және достық пен мәдени өзара іс-қимылдың символына айналады. Кешен Golden District-те 10 гектар аумаққа ие болып, демалыс аймақтарын, этнокеңістіктерді, музейді, кітапхананы, мұз айдынын және Алғыс айту монументін қамтиды. Мұнда жылына 3,5 млн адамды қабылдау жоспарланы отыр. Жоба жеке инвестициялар есебінен іске асырылып, ашылуы 2027 жылдың күз мезгілінде күтіледі.
Түркістан облысы. Өңір өңдеу өнеркәсібін дамытуға және импортқа тәуелділікті төмендету үшін шетелдік инвесторларды тартуға назар аударып отыр.
Түркістан облысы географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан өңір: «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізі Орталық Азия мен ЕАЭО елдерінің нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, дайын инфрақұрылымы бар индустриялық парктер және экспортты қолдау көзделген. Жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдеседі.
Жамбыл облысы. 2025-2027 жылдар аралығында өңірде 300 млрд теңгеден астам сомаға 20 агрожоба іске асырылуда. Олардың ішінде – алғашқы рет соя (15 га) мен бұршақты (238 га) егу, сондай-ақ Байзақ ауданында қуаты 1 млн тонна қант зауытын салу. 2025 жылы АӨК дамытуға 48,2 млрд теңге (+26,8%) бөлінді. Ағымдағы жылдың 8 айында 214,2 млрд теңгеге өнім өндірілді. Егіс алқаптары 640 мың гектарға дейін ұлғайтылды, 3,8 млн тонна мөлшерінде егін жинау жоспарланып отыр. Бұл қадамдар аграрлық инновациялар орталығы ретінде Жамбыл облысының позицияларын нығайтуға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысы. Өңір әкімі А. Шахаров құрғақ магниттік сепарация фабрикасы пайдалануға берілген «Бенкала» АҚ-ға сапар жасады. Бұл кенеусіз кендерді сапалы кендер деңгейіне дейін өңдеуге мүмкіндік беріп, өндіріс тиімділігін едәуір арттырады. Кәсіпорынның қуаты жылына 2 млн тонна кен, инвестициялар көлемі 12,5 млрд теңгені құрайды. Өндірісте 186 адам жұмыс істейді, орташа жалақы – 350 мың теңге. Іске асырылып жатқан жоба өңірдің экономикасы үшін ғана емес, экологиялық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Шымкент. «Шымкент әуежайы» АҚ мен Гонконг әуежайы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар бірінші басшылар атынан бірқатар бағыттар бойынша екіжақты өзара іс-қимылды дамыту туралы уағдаласты.
Меморандум Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ болашақ жобалар мен инвестициялар үшін платформа құруға бағытталған.
Қарау саны: 34 |
|
|