Әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басымдықтары: Сарапшылар Президент Жолдауын талқылады
23.09.2025
![]() Іс-шараға сарапшылар, экономистер және мемлекеттік орган өкілдері қатысып, Президенттің жақында жарияланған Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды талқылады. Институт басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов кездесуді ашып, сарапшылар пікірінің маңызын атап өтті: «Бүгінгі басты міндетіміз – тек талқылау емес, нақты ұсыныстар әзірлеу. Сараптамалық талдау Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын іске асырудың негізіне айналуы тиіс», – деді ол. Дөңгелек үстелде Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ішкі саясат бойынша директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Институттың бұрынғы басқарма төрағасы, тәуелсіз сарапшы, Ұлттық корпоративтік басқару академиясының лекторы Мақсат Мұханов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Батжан Ақмолдина баяндама жасады.
Әлемдік
үрдістер мен ұлттық инвестициялық
басымдықтар тақырыбын Институттың
жетекші ғылыми қызметкері Азамат
Нұрсейітов ұсынды: «Жүк
авиациясын дамыту және ұшқышсыз
технологияларды енгізу жөніндегі
тапсырма логистика мен инновацияның
бірыңғай іскерлік экожүйе ретінде
қарастырылатынын көрсетеді. Оған, әрине,
инвестиция қажет. Халықаралық транзиттік
әлеуетті дамыту мемлекет экономикалық
саясатының маңызды стратегиялық бағыты
болып қала береді. Оның үстіне, Қазақстан
экспорттық бағыттардың географиясын
кеңейтуге ұмтылуда. Жолдауда көлік
инфрақұрылымын жүйелі басқарудың маңызы
атап өтілді, мұнда барлық инвестициялық
жобалар бірыңғай желі ретінде жұмыс
істеуі тиіс», – деп атап өтті сарапшы.
Саясаттану ғылымдарының докторы, Институттың Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев Президент Жолдауында айтылған Alatau City қаласына ерекше тоқталды. Сарапшының сөзінше цифрлық қала – урбанистикадағы жаңа термин. «Оның ерекшелігі – барлық басқару үдерістері заманауи технологиялардың арқасында барынша қолайлы, жылдам әрі ашық болмақ. Бүгінде цифрландыру көптеген салаларға енгізілген: мобильді қосымша арқылы жолақысын төлеуге, дәрігерге жазылуға, құжат тапсыруға немесе мемлекеттік қызмет алуға болады. Жаңа қалада мұндай сервистер бірыңғай жүйеге біріктіріледі. Қалалық қызметтер үлкен деректер негізінде жұмыс істейтін болады: бұл көлік қозғалысын реттеуге, экологиялық көрсеткіштерді қадағалауға, энергия тұтынуды бақылауға және коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Ғабит Матаев.
Экономикалық зерттеулер институтындағы дөңгелек үстел Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын талқылау және шешімдер әзірлеу үшін маңызды сараптамалық алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарау саны: 61 |
|
|