Италия – Қазақстанның стратегиялық серіктесі

29.09.2025

Қазақстан мен Италия – стратегиялық сипаттағы сауда серіктестер. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналым 24% өсіп, 20 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында Италия Қазақстан экспортының 21,6%-ын толықтырып, серіктестер арасында үшінші орынға шықты. Жекелеген көрсеткіштер төмендегеніне қарамастан, ынтымақтастық одан әрі нығайып келеді.

Бүгінде Қазақстан экспортты әртараптандыруды басты міндет етіп қойып отыр - 100-ден астам тауар түрінен 1 миллиард АҚШ долларынан астам табыс табу жоспарланған. Ерекше назар ауыл шаруашылығы, металлургия, химия өнеркәсібіне және қосылған құны жоғары өнімдерге, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру мен логистиканы дамытуға аударылып отыр. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Алматыда италиялық сауда үйінің ашылды. Бұл байланыстарды күшейтіп, серіктестікті жаңа деңгейге көтеретіні анық.

Италия Қазақстан мұнайын ірі импорттаушылар қатарында. 2023 жылы Қазақстаннан Италияға мұнай экспорты 14 484 077,3 мың АҚШ доллары болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 18 350 310,2 мың АҚШ долларына жетті. 2024 жылы Қазақстан мұнайының жалпы экспортындағы Италия үлесі 42,8%-ға тең болды. Еуропа біртіндеп ресейлік мұнайдан бас тартып жатқандықтан Қазақстан үшін, ең маңызды стратегиялық серіктес саналатын Италияға мұнай жеткізілімін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік туып отыр.

Экспорттың негізгі бағыты – Каспий құбыр консорциумы (CPC), ол арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы тасымалданады. Алайда Ресей ара-тұра шектеу қоятындықтан Қазақстан балама бағыттарды дамытып келеді. 2025 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан (BTC) құбыры арқылы жеткізілімдер қайта жанданып, көлемі ұлғайтылды. Бұл бағыт бойынша экспортты жылына 1,7 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде Қара теңіздегі ресейлік порттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, себебі 2025 жылы жаңа регламенттерге байланысты онда бірнеше рет іркілістер болған еді.

Ірі бірлескен жобалардың қатарында италиялық Eni компаниясының қатысуымен іске асып жатқан Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бар. Экологиялық айыппұлдарға қатысты дау-дамай мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын тоқтату мәселелеріне қарамастан, Италия Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып қала береді.

2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Италияға мұнай экспортын арттыруға дайын екенін атап өтті. Бұл екі елдің де мүдделеріне сай келеді. Еуропаның энергетикалық қайта бағдарлануы жағдайында алдағы жылдары Қазақстанның Италия және басқа да еуропалық нарықтардағы үлесі арта түседі деп күтіледі. Сонымен қатар, Ресей аумағын айналып өтетін көлік инфрақұрылымы да дамып жатыр.

Осылайша, Қазақстан мен Италия арасындағы мұнай-газ саласындағы серіктестік жеткізілім бағыттарын әртараптандыру, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін кеңейту және ірі кен орындарын игеруге италиялық компаниялардың қатысуы есебінен нығая түсуі ықтимал.

Фармацевтика саласы да Қазақстан үшін Италиядан келетін импорттағы басым бағыттардың бірі: дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар екіжақты сауданың елеулі бөлігін құрайды. 2023 жылы Қазақстанға Италиядан фармацевтикалық өнім импорты 129 199,9 мың АҚШ долларын құраса, 2024 жылы 156 899,7 мың АҚШ долларына дейін артты. Бұл Италияға қазақстандық нарықтағы фармөнімдерді ірі жеткізушілердің алғашқы төрттігіне енуге мүмкіндік берді. Жеткізілімдердің өсуі жоғары сұранысты ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанын көрсетеді.

Ынтымақтастық тек тікелей жеткізілімдермен шектелмей, бірлескен инвестициялық жобалар арқылы да дамып келеді. Алматы облысында 58,8 млн АҚШ долларынан астам инвестициямен дәрілік препараттарды қатты формада шығаратын фармацевтикалық зауыттың құрылысы қолға алынды (Invest.gov.kz). Бұдан бөлек, Италияның UCI ұйымымен бірлесіп, агрошикізатты фармацевтикалық өнімдер өндірісіне қайта өңдеу жобасы қарастырылған(Invest.gov.kz).

Италия технология трансферіне және GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарын енгізуге де қолдау көрсете алады. Бұл қазақстандық дәрілік препараттардың сапасын арттырып, олардың ішкі нарықтағы және экспорттағы бәсекеге қабілетін күшейтеді. Сараптамалық материалдарда фармацевтика екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетіліп жүр (Astana Times), ал Италия Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің қатарында, оның ішінде фармацевтикалық жеткізілімдер бойынша негізгі орындардың бірін алады (Agenzia Nova).

Қазақстан үшін мұндай серіктестік экономиканы әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және заманауи дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – кадр даярлау: италиялық университеттер мен медициналық орталықтар, қазақстандық салалық институттар арасында тәжірибе алмасу маңызды.

Осылайша, Италиямен фармацевтика саласындағы серіктестік Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың стратегиялық қозғаушы күшіне айнала алады. Италиялық инвестициялар мен технологиялар дұрыс интеграцияланған жағдайда жергілікті өндірістік база қалыптасып, медициналық қызмет сапасы артады және фармацевтика секторының экспорттық әлеуеті кеңейеді.



Қарау саны: 65
Сақталған: 08.10.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!