Әлеуметтік шығыстарға жаңаша көзқарас: Бюджет кодексі Қазақстандағы қаржы бөлу үлгісін өзгертеді
30.09.2025
![]() 2025 жылы қабылданған Қазақстанның Бюджет кодексі бюджеттік реформаның негізгі кезеңіне айналды. Оған енгізілген өзгерістер, ең алдымен, азаматтар үшін ең сезімтал және мемлекет үшін шығыны көп әлеуметтік шығыстар саласына әсер етті. Жаңа құжат өкілеттіктерді бөлу қағидаттарын бекітті және билік өкілдеріне қаражат жұмсаудың ашық түрін орнатып берді. Жаңа өкілеттік балансы Бюджет кодексі нақты ережені белгіледі: биліктің әр деңгейі тек өз құзыретіне жататын шығыстарға қаржы бөледі. Мұндай ереже бір қызметке бірнеше рет қаржы бөлінуін тоқтатады және түрлі міндеттемелердің ауысып кету қаупін жояды. Республикалық бюджет зейнетақы төлемдері, мемлекеттік және арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ көші-қон саясаты сияқты мемлекеттің жүйелі әлеуметтік міндеттемелеріне жауап береді. Республикалық маңызы бар қалалар мен астана азаматтарға атаулы көмекті, оның ішінде тұрғын үй субсидияларын, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды, қарттар мен мүгедек адамдарды қолдауды ұсынады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ерекше рөлге ие.
Аудандар мен ауылдар халықтың жағдайын жасауға арналған шараларды ұсынады: үй шаруасына көмектесу, мүгедек балаларды алып жүру, жеке көмекшілер мен тіл мамандарының қызметтері, сондай-ақ шұғыл әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету. Бұл тәсіл биліктің әр деңгейіне қандай жауапкершілік жүктелетінін бекітіп береді және әлеуметтік саладағы басқаруды күшейтеді. Өңірлердегі шығыстар: сандар мен қарама-қайшылық 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттердің әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға жұмсалған шығыстары 335,9 млрд теңге болды және өткен жылмен салыстырғанда 5,2% артық. Дегенмен, жүктеме көлемі әр өңірде әртүрлі.
![]() Шығыстар бойынша көш бастап тұрған – Түркістан облысы (барлық шығындардың 11,0%), шығыны ең аз – Ұлытау облысы (1,0%). Мегаполистер арасында Алматы мен Астана қаласын атап өтуге болады. Мұндай айырмашылыққа тек өңірлік бюджеттердің мүмкіндіктері ғана емес, халық саны, урбандалу деңгейі және әлеуметтік-экономикалық бейін сияқты демографиялық факторлар да әсер етеді. Әлеуметтік шығыстарды басқарудың жаңа тетіктері Бюджет кодексінің ең инновациялық бөліктерінің бірі – қаражатты пайдалану тиімділігі мен шешімдердің ашықтығын арттыруға арналған басқару тетіктері.
Нәтижеге
бағытталған бюджеттеу (НББ)
– басты өзгеріс шығыстардың тек игерілу
фактісі бойынша ғана емес, сонымен бірге
түпкілікті әлеуметтік әсер бойынша да
бағалануынан көрініс табады.
Алғаш рет мақсаттарға қол жеткізуді өлшеуге мүмкіндік беретін кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік қызметтермен қамту, қолдауы жоқ осал топтар санын қысқарту сияқты индикаторлар жүйесі енгізілді. Бюджеттік бағдарламалардың әуелі нәтижесі бағаланады: тиімсіз жобалар қайта қаралуы немесе қысқартылуы мүмкін. Бюджеттік орталықсыздандыру және дербес жауапкершілік – өңірлер салықтардың бір бөлігін бере отырып, кірісін көбейтуге мүмкіндік алады. Бұл олардың әлеуметтік саясатты жүргізудегі дербестігін күшейтеді. Жергілікті мәселелерді адамдар жақсы түсінсе, сол жерде көбірек ресурс қалады. Сонымен қатар, басшылардың жауапкершілігі артты – әкімдер мен әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары шығыстар туралы ғана емес, нәтижелер туралы да есеп беруі тиіс. Яни қаражатты тиімсіз пайдаланған басшыларға санкция қойылады, одан көпшілік алдында есеп беру талап етіліп, түрлі кадрлық ауыс-үйіс жасалуы мүмкін.
Бюджет кодексі әлеуметтік шығыстарды бөлу схемасын өзгертіп қана қоймай, қаржылық басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Жауапкершілік аймақтарын бекіту, нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын енгізу және өңірлердің кіріс базасын кеңейту қаражатты неғұрлым әділ және белгілі бір мақсатқа пайдалануға жағдай жасайды. Жаңа тетіктер өңірлер арасындағы әлеуметтік шығындар алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді: орталықсыздандыру жүктемесі жоғары аумақтарға көбірек ресурс алып, оны икемді пайдалануға мүмкіндік береді, ал индикаторлар мен жеке жауапкершілік жүйесі билікті нақты көрсеткіш көрсетуге мәжбүрлейді. Нәтижесінде мүмкіндіктері әртүрлі өңірлер жағдайды реттеу құралдарына ие болады, ал халық әлеуметтік бюджеттің әрбір теңгесі өмір сүру сапасын жақсарту үшін жұмыс істейтініне кепілдік алады.
Меруерт
Жұмахан Экономикалық зерттеулер
институтының Фискалдық саясат орталығының
аға сарапшысы
Қарау саны: 126 |
|
|