Қазақстан өңірлері қарқынды дамып келеді

20.10.2025

Шикізат бағасының өсуі, сыртқы экономикалық дағдарыс пен жеделдетілген технологиялық ауысу сияқты жаһандық дүрбелең дәуірінде өңірлердің тұрақтылығы елдің үдемелі дамуының негізгі факторларының бірі. Шикізатқа тәуелділікті төмендету және экономика өнімділігін арттыру бойынша тиімді шаралар қабылдай алатын облыстар ерекше назар аударуға лайық. ЖӨӨ, инфрақұрылым, инвестициялар, тұрғын үй құрылысы, индустрияландыру және әлеуметтік саладағы жетістіктеріне баса назар аудара отырып, осындай өңірлік «серпілістердің» мысалдарын қарастырайық.

Табысты даму өлшемшарттары әртүрлі болуы мүмкін. Біздің жағдайда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық прогресс деңгейін айқындайтын бірнеше негізгі көрсеткіштер қолданылады: жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны (республикадағы орташа көрсеткіштен едәуір асатын), жан басына шаққандағы ЖӨӨ қарқыны (жоғары деңгейлерге қарай жылжуды және өңірлер арасындағы алшақтықты қысқартуды көрсететін), тұрғын үй құрылысындағы белсенділік (инфрақұрылымды дамыту және өмір сүру сапасының маркері), инвестициялар ағыны және құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі (сенім дәлелі және жаңа жобалардың пайда болуы), экономиканы әртараптандыру және жаңа салаларды дамыту (өсудің шикізаттық емес моделіне көшу үрдісі).

Атырау облысы ресурстық базаны белсенді пайдалануды тиімді басқару шешімдерімен және технологиялық жаңартумен ұштастыратын өңір ретінде мысал бола алады. Облыс халықтың табыс деңгейі бойынша тұрақты көшбасшы: 2025 жылғы қаңтар-маусымда жан басына шаққандағы ЖӨӨ 10 508,1 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен үш есе астам (3 010,2 мың теңге). Мұндай көрсеткіштер кейбір талдаушыларға Атырау облысы халқының табысын Еуропа елдері халқының табысымен салыстыруға негіз береді. Жекелеген бағалаулар бойынша Атыраудағы жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткішін Франция халқының валютаға шаққандағы табыс деңгейімен салыстыруға болады. Әрине, мұндай салыстырулар белгілі бір нақтылауды қажет етеді, өйткені жан басына шаққандағы ЖӨӨ әрдайым дамудың біркелкілігін көрсете бермейді (кірістер көбінесе мұнай-газ кәсіпорындарының қызметіне байланысты). Дегенмен, өңір күшті «өңірлік» экономиканы көрсететін жоғарғы деңгейде позицияларды ұстап тұру қабілетін көрсетеді. Бұл, сөзсіз, оң фактор.

Алматы қаласы инновациялар, қызметтер және индустрияландыру орталығы бола отырып, ұлттық экономикаға тұрақты түрде елеулі үлес қосады. Елдің ЖӨӨ-дегі қаланың үлесі 2020 жылғы 18,9%-тен 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта 22,1%-ке дейін ұлғайды. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 5 871,4 мың теңгеге жетті, бұл 2020 жылғы деңгейден 73%-ке жоғары және республикадағы орташа көрсеткіштен асады. Тұрғын үй құрылысы белсенді дамып жатыр: 2025 жылғы қаңтар-тамызда 1 752,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ел бойынша пайдалануға берілген үйлер көлемінің 16%-не тең (10 935,3 мың шаршы метр). Алматы ірі қалалар капиталдың тиімді шоғырлануы, кәсіпкерлік белсенділік және инфрақұрылымдық жаңару кезінде өсу драйвері бола алатынын көрсете отырып, қаржы-экономикалық орталық мәртебесін растайды.

Ұлытау облысы – 2022 жылы құрылған, қарқынды өсіп келеді және «серпіліс бастауына» мысал ретінде қарастырылатын жаңа өңір. 2024-2025 жылдары негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 68%-ке артып, 290 млрд теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ деңгейі бойынша облыс Атырау облысы мен Алматы қаласынан кейін екінші орында тұр (4 572,5 мың теңге). Тұрғын үй құрылысының өсімі өткен жылға қарағанда 143,8%-ке жетті – бұл Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Құрылыс материалдары өндірісі, жол инфрақұрылымы және шағын бизнес дамып жатыр. Жаңа өңір үшін мұндай даму қарқынын үлкен жетістік деп санауға болады. Аталған көрсеткіштер өсім инфрақұрылымдық инвестициялармен және экономиканың дамуымен қамтамасыз етілген жағдайда облысты көшбасшы өңірлердің қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Бұл осындай жас әкімшілік бірлік үшін оң үрдіс екені анық.

Тұрғын үй құрылысының серпіні өңірлік дамудың маңызды индикаторы: тұрғын үй белсенді салынып жатқан жерде экономикалық өсу, халық ағыны және өмір сүру сапасының артуы байқалады. Салыстырмалы талдау көрсеткендей, 2025 жылдың қаңтар-тамызында 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тұрғын үйді іске қосудың ең жоғары қарқынын Ұлытау (+143,8 %), Жетісу (+124 %), Алматы (+120,3 %), Түркістан (+114,5 %) және Ақмола (+113,9 %) облыстары көрсетті. Республика бойынша орташа көрсеткіш +104,5%. Тұрғын үй құрылысы көлемі бойынша Астана (2 650,0 мың шаршы метр), Алматы қалалары (1 752,6 мың шаршы метр), Алматы (819,1 мың шаршы метр) және Түркістан (669,4 мың шаршы метр) облыстары көш бастап тұр.

Астана қаласы іскерлік белсенділік пен инвестициялардың негізгі орталығы ретінде елдің экономикалық өсуінің басты драйвері. 2025 жылғы қаңтар–шілдеде негізгі капиталға инвестициялар көлемі 1 305 млрд теңгеге жетті (2024 жылғы ұқсас кезеңге+25%), бұл астанамызды екінші орынға шығарады. Астананың Қазақстанның ЖӨӨ-дегі үлесі 10%-тен асады, ал жан басына шаққандағы ЖӨӨ бес жыл ішінде 3 400 теңгеден (+84%) ұлғайып, 6 258 теңгеге жетті. Құрылыс секторы да рекордтық көрсеткіштерді көрсетуде – биыл сегіз ай ішінде 2,65 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаржы секторын, IT-индустрияны және іскерлік қызметтерді дамыту Астананы Орталық Азияның инновациялық-инвестициялық хабына айналдырады.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы инфрақұрылымды жаңғырту, туризм мен тұрғын үй құрылысын дамыту есебінен тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылғы қаңтар-тамызда Түркістан облысында 669,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 2,3 есе артық. Инвестиция көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,6%-ке ұлғайды. Шымкент қаласы қалыпты қарқынды көрсетеді: қаланың ЖӨӨ бес жыл ішінде 60%-ке өсіп, 2,9 трлн теңгеден асты. 900 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (2024 жылға қарай+23%). Жолдар, мектептер мен медициналық нысандар белсенді түрде салынып, жұмыспен қамтудың өсуіне және қалалық ортаның жақсаруына ықпал етеді.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың орташа деңгейіне ие өңірлер – Алматы, Жетісу және Ақмола облыстары да тұрақты дамып, көшбасшылармен алшақтықты белсенді түрде қысқартып жатыр. Алматы облысы бес жылда ЖӨӨ-ні 51%-ке ұлғайтты, тұрғын үйді іске қосу 2020 жылғы 392 мың шаршы метрден 2025 жылы 819 мың шаршы метрге дейін өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция – 632 млрд теңге (+20%). Ақмола облысында инвестиция 64% өсіп, өнеркәсіптік өндіріс құрылымын және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысын жақсартты. Жетісу облысы тұрғын үй құрылысы қарқыны бойынша көшбасшылардың бестігіне кірді (2025 жылы+124%) және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамытып жатыр. Өңірлер тобы инвестициялар, инфрақұрылым және тиімді басқару есебінен ірі шикізат базасы болмаған кезде де үдемелі даму мүмкін екенін көрсетеді.

Қазақстанның өңірлік жетістіктері сандық көрсеткіштермен ғана емес, тұрақты даму үрдістерінен де көрінеді. Ресурстық облыстар (Атырау, Ұлытау) қайта өңдеуге және жаңа технологияларға назар аударып жатыр. Аграрлық-индустриялық облыстар (Ақмола, Жетісу) цифрлық өндіріске және терең өңдеуге көшеді. Урбанизацияланған ірі орталықтар (Алматы, Астана, Шымкент) қолайлы орта мен инвестициялық климат құруға шоғырланады. Осы бағыттар арасындағы теңгерім Қазақстанның ұзақ мерзімді және теңгерімді өсуінің негізін құрап, күшті өңірлер бүкіл елдің тұрақтылығының іргетасына айналады.

Ғабит Матаев

Өңірлерді дамыту және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері



Қарау саны: 56
Сақталған: 22.10.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!