Қазақстан – Финляндия: жасыл экономика мен инновациялар дәуіріндегі серіктестік
24.10.2025
Қазақстан мен Финляндия арасындағы саяси байланыс қазіргі кезде жасыл экономика, инновация және білім беру салаларындағы серіктестік бағытымен дамып келеді.
Екі елдің қатынасы 1992 жылы орнаған, ал кейінгі жылдары диалогтің мазмұны жаңа деңгейге көтерілді. Финляндия Қазақстанның саяси жаңғырту және тұрақты даму реформаларын қолдап отыр. Негізгі басым бағыттар − экологиялық саясат, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру және адам капиталын дамыту. Сондай-ақ парламентаралық қатынастар нығайып, 2025 жылы екі ел «Жасыл технологиялар және энергия тиімділігі» жөнінде меморандумға қол қойды. Білім беру саласында Финляндияның «KiVa» бағдарламасы қазақстандық мектептерде енгізіліп жатыр. Яғни, қазіргі кезеңде Қазақстан мен Финляндияның саяси байланысы тұрақты даму мен инновациялық серіктестікке бағытталған прагматикалық, заманауи дипломатия үлгісінде дамып келеді.
Алайда бұл құбылысты екі елдің әртүрлі саяси-экономикалық блоктарға мүше болуымен ғана байланыстыру біржақты көзқарас болар еді. Финляндия − Еуропалық Одақ мүшесі, ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіреді. Бұл әрине, сауда стандарттары мен техникалық реттеу жүйелерінің айырмашылығын тудырады, логистикалық және кедендік тосқауылдар қалыптастырады. Сонымен қатар, сауда айналымының төмендеуіне әлемдік экономикалық баяулау, шикізат бағасының құбылуы және көлік-логистикалық бағыттардың өзгеруі де әсер етті. Еуропа нарығына экспорттауда санкциялық шектеулер мен геосаяси факторлар да ықпал етеді. Дегенмен, екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті әлі де жоғары. Қазақстан Финляндия үшін жаңартылатын энергия, «жасыл» технологиялар мен сирек металдар саласында қызықты серіктес. Осы бағыттарды дамыту арқылы елдер тауар айналымындағы теңгерімді қалпына келтіру мен жаңа нарықтық мүмкіндіктер ашуға ұмтылуда.
Бұл таңдау кездейсоқ емес. Финляндия − Еуропадағы экологиялық инновациялар мен цифрлық шешімдердің көшбасшысы, ал Қазақстан − энергетикалық ресурстарға бай және «жасыл» реформалар арқылы экономиканы әртараптандыруға ұмтылып отырған мемлекет. Финляндия энергетика саласында жаңартылатын энергияның үлесін 50%-дан асырған ел ретінде «жасыл» технологияларды тиімді қолдануда тәжірибесі мол. Ал Қазақстан 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа жетуді мақсат етіп отыр және бұл бағытта Финляндияның технологиялық тәжірибесі Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Бұдан бөлек, екі елдің әлеуеті білім мен инновация саласында бір-бірін толықтырады. Финляндия − әлемдегі ең тиімді білім беру жүйелерімен танымал, ал Қазақстан Хельсинки университетімен серіктестік орнатуға және финдік «KiVa» бағдарламасын кеңінен енгізуге мүдделі. Бұл қадам адам капиталы мен ғылыми-инновациялық әлеуетті күшейтуге жол ашады.
Өнеркәсіптік
тұрғыда Қазақстан металлургия мен сирек
кездесетін элементтер өндірісінде, ал
Финляндия интеллектуалды өндіріс,
робототехника және цифрлық экожүйе
құруда тәжірибелі. Сондықтан алдағы
келіссөздерде екі ел осы бағыттарды
біріктіріп, технология трансферті мен
бірлескен кәсіпорындар құруға ден қоюы
мүмкін.
Финляндия үшін Қазақстан − Орталық Азиядағы ең тұрақты және инвестициялық тұрғыда тартымды нарық, ал Қазақстан үшін Финляндия − Еуропалық инновациялық кеңістікке шығудың сенімді серіктесі. Кейінгі жылдары Финляндия инвесторларының Қазақстан экономикасына деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бұған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсу қарқыны дәлел бола алады: 2023 жылы – 22,7 млн АҚШ доллары, 2024 жылы – 41,8 млн, ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 24,2 млн АҚШ долларына жетті. Осылайша, 2024 жылы Финляндиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 84,2% өскен. Бұл өсім екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің жанданып келе жатқанын және фин бизнесінің қазақстандық нарыққа сенімінің артқанын көрсетеді. Фин компанияларының басты қызығушылығы − жасыл энергетика, цифрлық технологиялар, білім мен инновация, металлургия және агроөнеркәсіптік кешен салаларына бағытталып отыр.
Энергетика
саласында Финляндия өкілдері Қазақстанның
2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа
қол жеткізу стратегиясына қатысуға
мүдделі. Бұл бағытта жаңартылатын
энергия көздерін дамыту және декарбонизация
жобалары ерекше назарда.
Агроөнеркәсіптік салада Финляндияның «ақылды фермерлік» пен экологиялық таза өндіріс тәжірибесі Қазақстанның ауыл шаруашылығын жаңғырту бағытындағы мақсаттарымен үндеседі. Қорытындылай айтқанда, фин инвесторлары үшін Қазақстан – жасыл экономика мен жоғары технологиялар негізінде орнықты даму бағытын ұстанған сенімді серіктес, ал Финляндия – инновациялық шешімдер мен тұрақты капитал көзі.
Қарау саны: 32 |
|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|