ЭЗИ өкілі ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару комитетінің 72-ші сессиясына қатысты

28.10.2025

2025 жылғы 21-22 қазанда Париж қаласында (Франция) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ, Ұйым) Мемлекеттік басқару комитетінің 72-ші сессиясы өтті. Іс-шара мемлекеттік секторды реформалаудың негізгі бағыттарын талқылау және азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер мен серіктестер өкілдерінің басын қосты. Қазақстан атынан «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Әлібек Райыпов қатысты.

Екі күндік отырыс барысында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғамдық сенімді нығайтуға қатысты стратегиялық мәселелер қаралды. Делегаттар ЭЫДҰ-ның мемлекеттік институттарға деген сенім туралы соңғы зерттеуінің нәтижелерін талқылап, қоғамдық сенім деңгейінің төмендеп жатқанын анықтады. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметтердің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін жасанды интеллектті (бұдан әрі – ЖИ) пайдалана отырып, ашықтықты арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инновацияларды енгізуге бағытталған басқарудың жаңа модельдері талқыланды.

Халықты реформаларды әзірлеу және іске асыру процесіне тартуға ерекше назар аударылды. ЭЫДҰ мәліметіне сәйкес, мемлекеттік шешім қабылдау кезінде пікірлері ескеріледі деп санайтын азаматтар саны 30% ғана. Талқылау шеңберінде стратегиялық азаматтық қатысуды дамыту және оның тиімділігін өлшеу, соның ішінде жаңа халықаралық зерттеу жүргізу жөніндегі бастамалар ұсынылды.

ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының директоры Эльза Пиличовски өз баяндамасында жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан, көптеген елде мемлекеттік басқару тетіктері бюрократиялық инерция, шамадан тыс реттеу, нәтиженің орнына процеске назар аудару және тәуекелдерді болдырмау мәдениеті сияқты ішкі кедергілерге тап болатынын атап өтті. Сыртқы сын-қатерлерге фискалдық қысым, саяси фрагменттеу және қоғам тарапынан өзгерістерді қолдаудың жеткіліксіздігі жатады.

Ол цифрландыру, ЖИ енгізу, азаматтарға бағытталған қызметтерді дамыту және тиімділікті өлшеу жүйелері сияқты қолданыстағы шаралар көп жағдайда біркелкі әрекет етпейтінін және жүйелі нәтиже бермейтінін атап өтті. Осыған байланысты ЭЫДҰ мемлекеттік басқарудың техникалық, адами және талдамалық аспектілерін біріктіретін реформалардың тұтас күн тәртібін құруға бағытталған «Government Unstuck» бастамасын ұсынды. Бастама елдердің үздік тәжірибелерін жинауды, 2026 жылға қарай «Government Unstuck» есебін әзірлеуді және үкіметтердің өзгеру қабілетін өлшеу үшін негіз құруды көздейді.

Пиличовски ханым Мемлекеттік басқару комитеті цифрлық басқару, мемлекеттік қызметтегі көшбасшылық, азаматтардың қатысуы, коммуникация, бюджеттік тәжірибелерді реформалау және тиімділікті өлшеу бойынша жұмыс бағыттарын біріктіре отырып, осы процесте негізгі үйлестіруші рөл атқаратынын атап өтті. Бастаманың мақсаты – үкіметтерге азаматтардың сенімін нығайтуға және мемлекеттік басқару сапасын арттыруға қабілетті реформаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу.

Екінші күннің жекелеген сессиялары мемлекеттік секторда жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне, атап айтқанда мемлекеттік қызметшілерде қажетті құзыреттерді қалыптастыруға және ЖИ-шешімдерді сатып алу рәсімдерін жетілдіруге арналды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және инфрақұрылымдық бастамаларды қоса алғанда, Украинадағы ЭЫДҰ жобаларын іске асыру барысы қаралды, ал 2027-2028 жылдарға арналған қызметті жоспарлау шеңберінде қатысушылар бірлескен жұмыстың басым бағыттарын талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша делегаттар ЭЫДҰ шеңберінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, цифрлық құзыреттерді дамытуға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын растады.

Қазақстандық тарап тәжірибемен алмасу және ашықтық, есептілік пен сенім қағидаттарына негізделген реформаларды таныстыру үшін осындай халықаралық алаңдарға қатысудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның ЭЫДҰ-мен мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығы – озық тәжірибелерді енгізуге және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететін басым бағыт.



Қарау саны: 29
Сақталған: 29.10.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!