«Институт - менің өмірлік мектебім»: Айгүл Токсанованың Институттағы жұмысы туралы естеліктері
05.12.2025
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының профессоры, Институттың Алматыдан Астанаға көшкен кезеңінде жаңа бастауын қалыптастыруға атсалысқан, бұрынғы вице-президент және Халықаралық ғылыми зерттеулер орталығының директоры Токсанова Айгүл Нұрланқызы – Институттың жаңаша кезеңінің куәгері әрі белсенді қатысушысы. Институттың 65 жылдығына арналған бұл сұхбатында ол 2008–2012 жылдардағы маңызды зерттеулер туралы, әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қабылданған шешімдерге Институттың қосқан үлесі жөнінде, алғашқы Астана экономикалық форумдарының ұйымдастырылу барысындағы қызықты жайттар туралы әңгімелейді. Сондай-ақ бүгінгі жас зерттеушілер үшін өзекті болып отырған кәсіби қағидалар мен Институтта жинаған тәжірибесін бөліседі. Бұл – Қазақстанның экономикалық саясатына ұзақ жылдар бойы ықпал еткен аналитикалық мектептің қалай қалыптасқанына іштен қарағандағы көзқарас. 1. Сіздің 2008-2012 жылғы жұмыс кезеңінізде Институттың қандай зерттеулері Қазақстанның экономикалық саясатына әсер етті? Сол жылдарда макроэкономикалық талдаудың дамуына қосылған негізгі үлес қандай деп ойлайсыз? Сәлеметсіз бе! 2007 жылдың наурыз айынан бастап Макроэкономика департаментінің директоры, кейін вице-президент - Халықаралық ғылыми зерттеулер орталығының директоры болып жұмыс істеген Экономикалық зерттеулер институтындағы жұмыс тәжірибем туралы сұхбат беру мен үшін үлкен мәртебе. Экономикалық зерттеулер институты Алматыдан Астанаға көшкеннен кейін елордада жаңа ұжым құрыла бастады. Біз Жәмиля Қадырқызы Бөпиевамен бірге Институттың сол кездегі Президенті Нөгербеков Серік Нөгербекұлы жұмысқа шақырған алғашқы қызметкерлері болдық. Сол кез біздің уақытқа қарамастан, өзімізге берілген жобалар мен тапсырмаларды орындауға толықтай берілетін қызықты сәттерге толы. Макроэкономикалық жобалардан бастап кәсіпкерлік жобаларға дейін өте көп жобалармен жұмыс жасадық. Барлық жобалардың ішінде «IMD әдістемесі бойынша Қазақстан Республикасының жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингін зерттеу» жобасы мен үшін ерекше. IMD World Competitiveness Ranking - елдердің тұрақты экономикалық өсу, іскерлік белсенділік және инновациялық даму үшін жағдайды қамтамасыз ету қабілетін бағалайтын ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Серік Нөгербекұлы бізге Қазақстанның осы рейтингке кіруін ұйымдастыру міндетін тапсырды. Мен Халықаралық ғылыми зерттеулер орталығының басшысы ретінде IMD рейтингіне кіру мәселелерін талқылау үшін Швейцарияда Лозанна қаласына бірнеше рет бардым. Біздің серіктесіміз - Швейцариядағы жоба үйлестірушісі Сюзанн Росселет та бізге келіп, тренингтер өткізетін. Нәтижесінде Қазақстанның IMD рейтингіне кіруі туралы Меморандум жасалды. 2008 жылы Қазақстан осы рейтингке алғаш рет қатысып, 39-шы орынға ие болды. Содан бері 17 жыл өтті, сол уақыт аралығында Қазақстанның осы рейтингтегі позициялары әртүрлі болды. 2025 жылы Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орында орналасты. Қазақстанның IMD World Competitiveness Ranking рейтингіне қатысуы маңызды стратегиялық мәнге ие, өйткені ол экономиканың халықаралық стандарттар бойынша бәсекеге қабілеттілігін объективті бағалауға, реформалар мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Рейтинг елдің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді, шетелдік инвесторлардың сенімін арттырады және іскерлік ахуалды қабылдауды жақсартады. IMD-дің тәуелсіз бағалауы инфрақұрылымды жаңғыртуды, адами капиталды және кәсіпкерлік ортаны дамытуды ынталандырып, Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді орнықтылығы мен әртараптандырылуын қолдайды. Ең басынан және осы уақытқа дейін Қазақстандағы IMD рейтингінің ұлттық операторы Экономикалық зерттеулер институты осы кезең ішінде деректерді дайындау сапасының, оларды талдаудың және IMD рейтингінің Швейцариядағы штаб-пәтеріне ұсынудың жоғары стандарттарын көрсетеді және және болашақта да көрсететін болады деп сенемін. 2. Сіз Институтта 2008 жылы Қазақстанға әсер еткен әлемдік қаржы дағдарысы орын алған қиын кезеңде жұмыс істедіңіз. Сол кезде Үкімет дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Ол шараларды әзірлеуге Институт қатысты. Институт ұсынған шаралардың қайсысы сол уақытта іс жүзінде іске асырылды? Дағдарысты жеңу қаншалықты сәтті болды? Қандай сабақ алуға болады? Иә, бұл уақытты ұмыту мүмкін емес. Институт сол кезде ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі (қазір – Ұлттық экономика министрлігі) үшін мықты көмекшіге айналды. Біз талдама мен материалдарды дайындап, Министрлікке жіберетінбіз, онда аталған материалдар негізінде шешім қабылданатын. Қазақстан Үкіметі 2008 жылғы дағдарыстың салдарын еңсеру үшін қабылдаған шаралар, оның ішінде банктерді капиталдандыру, ипотекалық және құрылыс секторларын қолдау, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру бағдарламалары, ішкі сұранысты ынталандыру үшін инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жұмыспен қамтуды сақтауға және экономиканы тұрақтандыруға көмектесті. Қазір Институттың нақты қосқан үлесін бөліп көрсету мүмкін емес, өйткені жұмыс, брейн-стормингтер, талқылау және шешім қабылдау бірлесіп жүріп жатты, нәтижесінде Қазақстан 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының аса ауыр зардаптарын болдырмады: жүйе құраушы банктер күйреуге жол бермеді, ипотекалық нарық үлескерлер арасында жаппай төлемеу мен әлеуметтік дағдарыстан құтылды, ШОБ-ты қолдау мен инфрақұрылымдық жобалардың арқасында жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай өскен жоқ. Экономика терең құлдырауға ұшырамады, ал өнеркәсіптік кәсіпорындар жаппай банкроттықтан және өндірісті тоқтатудан құтыла алды. 2008 жылғы қаржылық дағдарыс күшті және тұрақты банк жүйесінің, икемді мемлекеттік саясаттың және экономикалық күйзелістерге жылдам ден қоюдың маңыздылығын көрсетті. Дағдарыс кезеңінен алынған негізгі сабақ: экономиканы әртараптандыру қажеттілігі, жұмыс орындарын сақтау үшін шағын және орта бизнесті қолдау, ішкі сұранысты қолдау үшін әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салу. Сонымен қатар, халықаралық рейтингтер мен экономикалық көрсеткіштердің мониторингі әлсіз жақтарды уақтылы анықтауға және тиімді реформаларды жоспарлауға көмектесті. 3.Сіздің ойыңызша, Институт Алматыдан Астанаға көшіп, жұмыстың жаңа жағдайларына тез бейімделумен бірге Үкіметке дағдарысқа қарсы шараларды ұсыну, сондай-ақ Астана экономикалық форумын әлемдік деңгейдегі ой-талқы алаңы ретінде ұйымдастыру қажеттілігі кезінде ұжымның және жекелеген әріптестердің, оның ішінде басшылықтың қандай кәсіби қасиеттері Институтқа күрделі кезеңнен өтуге көмектесті? Сіз қандай сәттерді ерекше еске аласыз? Серік Нөгербекұлының басшылығымен құрылған ұжым қойылған міндеттерді шешуге бағытталды. Осындай қысқа мерзімде жасалған барлық жобалар мен бағдарламаларды атап шығу қиын. Тапсырмалар кешке беріліп, оларға келесі күні таңертенге егжей-тегжейлі талдамалық материалдар әзірлеу керек болатын, бәріміз күн-түн демей жұмыс жасайтынбыз. Кәсіби қасиеттердің ішінде - мерзімін сақтай отырып, басым міндеттерді дұрыс құра білу; практикалық шешімдерді тез қабылдау, міндеттерді дұрыс бөлу, әріптестерге сену және оларды оқыту. Мен осындай ұжымда жұмыс істегеніме ризамын. Сол уақытта Экономикалық зерттеулер институтының президенті - Серік Нөгербекұлы Нөгербеков. Ол бізді барлық тапсырмаларды сәтті орындауға шабыттандырған ұйымдастырушы, ынталандырушы болған. Институт бірнеше айдың ішінде елімізде таныла бастады, әсіресе, Астана экономикалық форумын ұйымдастыру және өткізу арқылы. Кейін біздің институтты басқарған Жәмиля Қадырқызы Бөпиеваға алғысым шексіз. Жәмила Қадырқызы өңірлік дамудан бастап, ұлттық ауқымдағы жобалармен аяқталатын жұмыстың ең күрделі бөліктерін әрқашан өзі орындайтын. Жәмила Қадырқызы мықты тұлға: бір жағынан, өте білімді, өз ісінің маманы, екінші жағынан, қол астындағы қызметкерлердің жағдайын ойлайтын керемет басшы. Ұзақ уақыт бойы Сайлау Байзақұлы Байзақов Институттың ғылыми жетекшісі лауазымын атқарды. Оның модельдері макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау үшін пайдаланылды. Біраз уақыттан кейін Макроэкономикалық зерттеулер орталығын Сара Нұрбекқызы Алпысбаева басқарып, көптеген жылдар бойы Институттың негізгі орталықтарының біріне жетекшілік етті. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге шығарып, Жобаларды бағалау орталығын басқарған Салтанат Бурақызы Ахметжанованың келгенін атап өткім келеді. Мен әріптестеріме алғысымды білдіремін: менің екі орынбасарым - Жақыпова Шахарбану Шорманқызына (ғылыми жұмыс бойынша) және Сарина Бақытгүл Сағандыққызына (ұйымдастырушылық жұмыс бойынша) әр уақытта көмектесіп, барлық міндеттерді білікті түрде шешіп, өз жұмыс бағыттарын басқарғаны үшін. Осы уақытқа дейін біз байланыстамыз және жұмысымызды жалғастырып келеміз. Экономикалық зерттеулер институтында жұмысын жалғастырып, біз бастап кеткен ұжымның бір бөлігін құрайтын әріптестерім Нығметов Қайсар Қайыркенұлына, Нұрсейітов Азамат Айтқалиұлына, Тұрлыбеков Бауыржан Төлеулінұлына, Хамбар Быхытгүлге, Ахметжанова Қымбат Тұрдыбекқызына, Құрметұлы Нұрболатқа, Өтебаева Алтынгүл Болатқызына, Болат Қарлығашқа, Нұржанова Мәдинаға, Новокшанова Натальяға, Қаймолдина Шолпанға, Тасбауова Әселге алғысымды білдіремін. Пердебаева Раушан Сарыбекқызы, Құлбатыров Нұрлан Найзабекұлы, Ақынбекова Динара Нұрғалиқызы, Тәтібеков Бауыржан Нұрланұлы, Жұматаева Айгүл Рахманиқызы, Айдарханова Бибігүл Балташқызы, Рабаева Сапаргүл, Бекбенбетова Ақбопе және тағы басқа да қызметкерлер, мен сияқты, басқа жұмыс бағыттарын таңдады, бірақ олардың Институт пайдасына жасаған ерең еңбегі әлі есімізде. 2008 жылдан бастап ұйымдастыруға және өткізуге өзім қатысқан Астана экономикалық форумы Институттың маңызды жобасы ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдарды тартуға және әлемдік ғылыми жүйеге кірігуге мүмкіндік берді. Ол сол кезде танымал ғалымдар мен экономистердің басын қосқан Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубын құрудан басталды. Осындай ауқымда форумдарды өткізу Институт ұжымының барлық күш-жігерін талап ететін.\ 4.Көбінесе негізгі шешімдер жиналыстарда емес, жұмыс барысында немесе даулар мен пікірталастардан туады. Күтпеген жерден пайда болған тың шешімдер жұмыста немесе зерттеу барысында туындаған маңызды мәселені шешуге көмектескен «көз ашылған» сәттер немесе ерекше жағдайлар туралы естеліктеріңізбен бөлісіңізші Мұндай сәттер көп болды. Барлық мәселелер ұжымдық жұмыспен шешілетін. Ашық пікірталастар жсалатын, әр жағдайға оңтайлы шешім табуға деген ұмтылыс болды. Іс жүзінде біз әрқашан шектеулі уақыт пен ресурс жағдайында жұмыс істедік. 5. Институт пен оның ұжымы несімен Сіздің есіңізде қалды? Институтты қайтадан қандай дәрежеде көргіңіз келеді? Институтта өзіңіз үшін қандай ерекшелікті байқадыңыз? Институт әлі де Қазақстанның талдамалық және қолданбалы экономикалық ғылымының флагманы болып қалуы үшін не нәрсеге назар аудару керек? Менің есімдегі Институтта жұмыс істеу кезеңі - бұл қажырлы еңбек қана емес, сонымен қатар алынған нәтижелер үшін қуану, оның елде және шетелде сұранысқа ие болуы. Мен институттың Астана кезеңінің бастауында қалыптасқан дәстүрлердің одан әрі жалғасқанын, оның елде де, одан тыс жерлерде де танымал болғанын қалаймын. Институт Қазақстанның талдамалық және қолданбалы экономикалық ғылымының флагманы болып қала беруі үшін өзекті мәселелерді шешуге батыл кірісу, өз зерттеулерінің көкжиегін кеңейту, озық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді сынақтан өткізуге арналған алаң болуы қажет. 6. Институттағы жұмыс сіздің кәсіби қызметіңізге қалай әсер етті? Институтта жұмыс істеген кезде алынған қандай қағидаттар немесе сабақтарды Институттың елдегі мықты ғылыми орталықтардың бірі болып қалуын қамтамасыз ету үшін қазіргі зерттеушілер буынына қалдыруға болады? Менің кәсіби қызметім академиялық ортада жалғасты: 2012 жылдан бастап Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде (Есіл Университеті) жұмыс істедім, ал 2021 жылдан бастап Алматы қаласына көшуге байланысты Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің «Экономика және бизнес» кафедрасының профессоры болып жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін Институт қабырғасында жинақталған баға жетпес тәжірибе маған оқытушылық және ғылыми жұмыстарда көмектеседі, мен осы тәжірибеммен өз студенттеріммен қуана бөлісемін. 7. Институттың 65-жылдығына орай оның басшылығына және барлық қызметкерлеріне тілек білдіргіңіз келе ме? Құрметті әріптестер! Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Институт ұжымы мен басшылығын осындай тамаша мерейтоймен құттықтап, ғылыми-зерттеу қызметінде жаңа шығармашылық жетістіктерге қол жеткізуге, бізге дейін қалыптасқан дәстүрлерді әрі қарай жалғастыруға, Институттың Қазақстанда ғана емес, шетелде де заманауи ой-талқы алаңы болып қалуына тілектеспін!!!
Қарау саны: 27 |
|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|