Агроэкспорт, инвестициялар және логистика: Қазақстан мен Иранның ынтымақтастығы қалай дамып жатыр

09.12.2025

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынас 1992 жылғы 29 қаңтарда басталды. Содан бері екі елдің ынтымақтастығы дипломатиялық өкілдіктердің ашылуы арқылы кезең-кезеңімен дамыды: Қазақстанның Ирандағы елшілігі 1993 жылдан бастап, ал Бас консулдықтар Горган (2007 жыл) және Бендер-Аббас (2018 жыл) қалаларында жұмыс істейді. Иранның Қазақстандағы елшілігі 1992 жылдан бастап жұмыс істейді, Бас консулдықтар Ақтауда (2009 жыл) және Алматыда (2012 жыл) ашылды.


Экономикалық өзара іс-қимыл сауданы, инвестициялық жобаларды, агроөнеркәсіптік секторды және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды қамтып, өзара тиімді әріптестікті нығайтуға және екіжақты тауар айналымының біртіндеп өсуіне ықпал етеді.

Консулдық салада да ынтымақтастық белсенді дамып келеді. 2022 жылы екі елдің азаматтары үшін 14 күнге дейінгі мерзімге визасыз режим енгізілді, ал консулдық консультациялардың тұрақты отырыстары азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылауға, сондай-ақ визалық және консулдық рәсімдерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бұл дипломатиялық және консулдық тетіктер Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық, инвестициялық және сауда ынтымақтастығын одан әрі кеңейту үшін, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде, көлікте және инфрақұрылымда бірлескен жобаларды іске асырудың негізін құрайды.

2025 жылы Ираннан Қазақстан Республикасына шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2024 жылғы 14,1 млн АҚШ долларына қарсы 17,8 млн АҚШ долларына жетіп, 3,7 млн АҚШ долларына немесе 26,24%-ке өсті. Бұл өсім Иранның Қазақстан ТШИ жалпы құрылымына қатысуының қалыпты ауқымын сақтай отырып, екі ел арасындағы инвестициялық өзара іс-қимылдың нығаюын көрсетеді. Салыстырмалы түрде төмен көлемге қарамастан, даму қарқыны экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты кеңеюін байқатады.

Сондай-ақ, 2025 жылғы ақпанда Қазақстан мен Иран 92,8 млн АҚШ доллары сомасына 10 коммерциялық келісімге қол қойып, екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуда маңызды қадам жасады. Келісімдер Тегерандағы 50-ден астам қазақстандық кәсіпкерлер мен 230-дан астам ирандық серіктестер қатысқан ірі бизнес-форум барысында жасалды. Іс-шарада Қазақстан 250 млн АҚШ доллары сомасына 75 өнім түрін ұсына отырып, Иран нарығына жеткізілімдерді кеңейтуге дайын екендігі атап өтілді.

2025 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 310,8 млн АҚШ долларына жетті (2024 жылдың ұқсас кезеңіне +44,9%), оның ішінде экспорт – 178,8 млн АҚШ доллары (+3,2 рет), импорт – 132,1 млн АҚШ доллары (-16,5%).

Қазақстанның Иранға экспорты құрылымында арпа басымдыққа ие, оның жеткізілімі 5,5 есе артты. Сонымен қатар, мақта талшығының, бидайдың, кептірілген бұршақ дақылдарының экспорты өсті.

Негізгі импорттық өнімдер – сары май, этилен полимерлері, ірімшіктер, сүзбе, пластмассадан жасалған тақталар және кептірілген жемістер.

Қазақстандық астықты ауыстырып тиеудің өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ететін Амирабад портындағы «Амирабад Грейн Терминал Киш» терминалы астық жеткізілімін арттыруда маңызды рөл атқарады. Келіссөздердің маңызды тақырыбы күнбағыс майының экспортын ұлғайту, ол үшін Құрық және Ақтау порттарында өткізу қуатын кеңейтуге және тасымалдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін май құю терминалдарын салу жоспарланып отыр.

Инвестициялық салада да ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қазақстан аумағында «Империя Фуд» және «Kaz-Ir Agro» бірлескен өндірістері жұмыс істейді, сондай-ақ Solico Group және Kourosh Food Industry қатысуымен ірі бастамаларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі жаңа жобалар талқыланып жатыр. Ирандық компаниялардың қазақстандық АӨК-ке деген қызығушылығы ұзақ мерзімді өндірістік және логистикалық тізбектерді кеңейтуде жоғары әлеуетті көрсетеді.

Жылына 25 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін импорттайтын Иран ынтымақтастық көлемін едәуір ұлғайтуға және өзінің инфрақұрылымын Қазақстанның үшінші елдердің нарықтарына шығуы үшін транзиттік хаб ретінде пайдалануға дайын екенін растайды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыс тобы шеңберінде жұмысын жалғастыра отырып, агроөнеркәсіптік кешенде әріптестікті жүйелі негізде дамыту ниетін растады.

Қазақстан мен Иран арасындағы белсенді өзара іс-қимыл нәтижесінде тауар айналымының едәуір ұлғаюына, экспорттық жеткізілімдердің кеңеюіне және агроөнеркәсіптік секторға инвестициялар тартуға қол жеткізілді. Бірлескен жобалар мен көліктік-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану елдер арасындағы ұзақ мерзімді және тұрақты экономикалық ынтымақтастықтың негізін құрайды.




Қарау саны: 153
Сақталған: 15.12.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!