Өңірлер: апта оқиғалары (2025 жылғы 8-14 желтоқсан)

17.12.2025

Өткен аптада өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканы әртараптандыру мәселелері басты назарда болды. Жаңа өндірістерді іске қосу, көлік және энергетика салаларын дамыту, агроөнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыру, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы бастамалар күн тәртібіне шықты.

Астана. 2025 жылы елордада 3,6 мың жұмыс орнын құру мүмкіндігімен жалпы қаржыландыру көлемі 300 млрд теңгеге жуық 55 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялар әлеуметтік нысандарды салуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін, көлік пен логистиканы дамытуға бағытталған.

Өңірлік инвестициялық штаб отырысында инвесторлардың акватермалдық кешен, көтерме-логистикалық орталық және ЖЭО ұшпа күлді өңдеу кәсіпорнын салу жөніндегі ұсыныстары қаралды. Осы жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 31,5 млрд теңге, 400-ден астам жұмыс орны құрылады.

Сонымен қатар, көпфункционалды спорттық - сауықтыру кешенін салу жобалары, сондай-ақ модульдік конструкциялар, қан алудың вакуумдық жүйелері, мыс кабелі, шыны талшықты бұйымдар және полимерлі-композиттік жабындар өндірістерін іске қосу талқыланды. Инвесторларға тұрақты негізде жан-жақты қолдау көрсетіледі.


Жамбыл облысы. Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде экономиканы әртараптандыру және қайта өңдеуді дамыту жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Негізгі міндет – шикізат экспортына бағдарланудан кету және қосылған құны жоғары, тұрақты жұмыспен қамтылған және экспорттық әлеуеті бар өндірістерді құру.

Өңірде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын шамамен 10,2 трлн теңге сомаға ірі индустриялық жобалардың портфелі қалыптасты. Олардың ішінде – минералды тыңайтқыштар, күкірт қышқылы, каустикалық сода, ПВХ, калий тыңайтқыштары және болат өнімдерін өндіруді қоса алғанда, химия және металлургия салаларындағы жобалар. Бірқатар жобаларды іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған.

Бұдан басқа, жаңа инвестициялық цикл шеңберінде материалдарды өңдеуге, металлургияға, химияға және өндіруге шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілді. 11 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қамтамасыз ететін шетелдік қатысумен шамамен 5,7 трлн теңге сомаға 20 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.


Атырау облысы. 2025 жылғы қаңтар-қазан қорытындылары бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 108,6%-ке жоғарылап, 116,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 52,7 млрд теңгеге, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 61,7 млрд теңгеге жетті.

Қазір өңірде 238 мың бас ірі қара, 590 мың қой мен ешкі, 150 мыңға жуық жылқы, 43 мың түйе және 243,8 мың бас құс бар. Есепті кезеңде 40 мың тонна ет, 27,6 мың тонна сүт және 43 млн жұмыртқа өндірілді.

Облыста егін жинау толығымен аяқталды. Егіс алқаптарынан көкөністер, бақша дақылдары, картоп және жемшөп дақылдарын қоса алғанда 144,3 мың тонна өнім жиналды. 2025-2027 жылдары өңірде 460 жаңа жұмыс орны құрылатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның алтауы 2025 жылы пайдалануға беріледі.


Түркістан облысы. Облыста мақта, ет және жүгері үш кластерлік бағыттың дамуы жалғасады. Өңірдің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, суды үнемдейтін технологияларды қолдана отырып, мақтаның элиталық сұрыптарын өсіруден бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейін барлық өндірістік циклды қамтитын мақта - тоқыма кластері іске асырылып жатыр. Бес жобаны іске асыру 7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және 201 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Мақта кластері шеңберінде өнімділікті 60 ц/га дейін 2-3 есе ұлғайту жоспарланып отыр, жылдық өндіріс көлемі 229 мың тонна мақтаға жетеді. Отырар ауданында пилоттық режимде жаңа әдістеме бойынша 32 мың гектар жерге мақта егіліп, өнімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Екі мақта өңдеу зауыты іске қосылып, иіру фабрикасының құрылысы аяқталып жатыр.

Сондай-ақ, өңірде жүгері және ет кластерлері іске асырылады. Шардара ауданында 251 жұмыс орны құрылған, жылына 150 мың тонна терең өңделген жүгері шығару қуатымен құны 35 млрд теңгеге «Қазқрахмал» зауытының құрылысы аяқталды. Ет кластері шеңберінде 802 жұмыс орнын құруды және бордақылау кешендері мен ет өнімдерінің терең өңделуін дамытуды көздейтін 50 млрд теңге сомасына жеті жоба іске асырылады.


Абай облысы. А.Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» республикалық науқанын іске асыру жөніндегі кеңес барысында Семей қаласының Бас жоспарын түзету және арнайы экономикалық аймақ құру мәселелері талқыланды.

АЭА құрамына ауданы 1,2 мың га жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, қазіргі заманғы тұрғын үй кешендері, сондай-ақ 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар кіреді. Бұдан басқа, қазандықты, жылу желілерін, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылымды салу жөніндегі міндеттер қаралды.


Қостанай облысы. Өңір дамудың негізгі бағыттары бойынша тұрақты оң даму қарқынын көрсетеді. Жалпы өңірлік өнім үш жыл ішінде 2022 жылғы 4,2 трлн теңгеден 2024 жылы 5 трлн теңгеге дейін 18,8%-ке өсіп, экономиканың нығаюы мен өңірдің өндірістік базасының кеңеюін байқатады.

Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім тіркелді: өндіріс көлемі 1,6 трлн теңгеден 2,1 трлн теңгеге дейін немесе 28%-ке ұлғайды. Шетелдік инвестициялар ағыны жалғасып жатыр – өңірге 1,5 млрд АҚШ доллары тікелей инвестициялар тартылды, бұл ретте 2025 жылы инвестициялар көлемін 667,5 млн долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Еңбек өнімділігі 28%-ке артты – бір қызметкерге 10,2 млн теңгеге дейін.

Өсудің негізгі драйверлерінің бірі – құны 63,8 млрд теңгеге халықаралық көліктік-логистикалық кешеннің құрылысы. Кешен жылына 400 мың контейнерге дейін өңдей алады, бұл 11 млн тоннадан астам жүкке баламалы және пайдалануға берілгеннен кейін өңірдегі жүк тасымалдау көлемін 20%-ке ұлғайтып, оның халықаралық көлік дәліздеріндегі орнын күшейтеді.


Жетісу облысы. Мұнда елді мекендерді газдандыру бойынша жобалар белсенді жүзеге асырылады. Өңір құрылғанға дейін газ тек
5 елді мекенге жеткізілді, осы жылдың соңына дейін олардың саны 126-ға, ал газдандыру деңгейі 72%-ке жетеді.

Осы жылы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталды. Халық саны 152 мыңнан асатын Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін газдандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2028 жылға қарай 210 елді мекенге газ жеткізу жоспарланады, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен «Алматы-Талдықорған» екінші магистральдық газ құбырының жобасы пысықталып жатыр.

Сонымен қатар, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. 2023 - 2024 жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтауға 4 ауыл қосылды, 25 елді мекенде судың сапасы жақсарды, осы жылы тағы 4 ауыл қамтамасыз етілді. Бүгін орталықтандырылған сумен 329 елді мекен қамтылған.


Алматы. 2026 жылы қаланың көлік жүйесін дамытуға қомақты қаражат бағытталады. Қаржыландыру қалалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша басымдықтар шеңберінде көзделген.

Қаражатты BRT және LRT желілерін дамытуға, сондай-ақ қоғамдық көліктің басқа түрлерін енгізуге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл шаралар көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру және мегаполисте көлік қолжетімділігін жақсарту үшін негізгі шаралар ретінда қарастырылады.

Ағымдағы шығындарды оңтайландыру есебінен ресурстарды даму пайдасына қайта бөлуге мүмкіндік туды. 2026 жылы экономикалық өсуге жергілікті бюджет шығыстарының үштен бірін құрайтын 850 млрд теңге қарастырылған.


Ақмола облысы. ҚР Энергетика вице-министрі С.Есімханов пен өңір басшылығы облыс орталығында жаңа ЖЭО құрылысының барысымен танысты. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымы «Көкшетау ЖЭО» ЖШС жүзеге асырады және жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие.

Құрылыс алаңында бірінші кезектегі жұмыстар кешені орындалды: геодезиялық ізденістер жүргізілді, негізгі жер жұмыстары аяқталды, ғимараттар мен инженерлік жүйелерді монтаждау басталды, электрмен жабдықтау ұйымдастырылды және күштік трансформаторлар орнатылды.

Жаңа ЖЭО-ны іске қосу қаланы тұрақты жылумен қамтамасыз етуге, электр қуатының тапшылығын азайтуға және энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Станция заманауи сүзу жүйелерін және қоршаған ортаға әсерді азайтуды көздейтін «таза көмір» технологияларын қолдана отырып салынады.


Алматы облысы. «Alatau Invest 2025» халықаралық бизнес-форумы аясында дисплей технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы BOE Technology Group Co., Ltd. компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өңірде LED-дисплейлер мен жаңа буын құранды бөліктерін шығаратын зауыт салуды көздейді.

Жобаны цифрлық хаб және инновациялық өндіріс орталығы ретінде дамып жатқан Алатау қаласында іске асыру жоспарланып отыр. Заманауи инфрақұрылым, тиімді орналасу және «ақылды қала» тұжырымдамасы Алатауды жоғары технологиялық өндірістерді орналастыру үшін перспективалы алаңға айналдырады.

Жобаны іске асыру облыстың жаңа индустриялық экожүйесін қалыптастырудағы маңызды кезең болады. Зауытты іске қосу жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірдің технологиялық базасын нығайтуға және аралас салаларға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.



Қарау саны: 41
Сақталған: 18.12.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!