Өңірлер: апта оқиғалары (2025 жылғы 15-21 желтоқсан)

22.12.2025

Қазақстан өңірлерінде 2025 жылғы 15-21 желтоқсан аралығында инвестиция, өнеркәсіп және инфрақұрылымдық салаларда тұрақты оң динамика тіркелді.

Алматы облысы. Өңірде Іле ауданында А санатты жоғары технологиялық қойма кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Жоба өңірдің логистикалық инфрақұрылымын дамытуға және бизнес пен электрондық коммерция үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын тауар айналымының заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жоспарланған 36 мың шаршы метрден бүгін 10 мың шаршы метр қойма алаңы пайдалануға берілді. Кешен қазір штаттық режимде жұмыс істейді, алғашқы резиденттер жұмысын бастады, ал логистикалық процестер тұрақты көрсеткіштерді көрсетіп отыр.

Логистикалық секторды дамыту – өңірдің экономикалық саясатының негізі басымдықтарының бірі. Құрылыстың келесі кезеңдерін аяқтау кешеннің қуатын кеңейтуге, жаңа резиденттерді тартуға және елдің негізгі логистикалық тораптарының бірі ретінде облыстың рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.


Шығыс Қазақстан облысы. Энергетика секторын дамыту бойынша өндіруші қуаттарды ұлғайтуға және жылу энергиясының тапшылығын жоюға бағытталған ұзақ мерзімді жоспарлар айтылды. Облыста жалпы белгіленген қуаты 1605,98 МВт болатын 7 СЭС және 3 ЖЭО жұмыс істейді.

2025 жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 5,4 млрд кВт·сағ тұтынумен 6,3 млрд кВт*сағ құрады, бұл 479 млн кВт·сағ артықшылықты қамтамасыз етті. Сонымен қатар, қысқы кезеңде тұтынудың өсуіне және жекелеген энергия көздерінің жұмысындағы шектеулерге байланысты 133,9 млн кВт·сағ көлемінде электр энергиясының тапшылығы тіркелді.

2030 жылға дейін өңірде жұмыс істеп тұрған объектілерді жаңғырту және тоғыз жаңа СЭС салу есебінен 670,55 МВт жаңа қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Негізгі жоба – іске қосу 2030 жылға жоспарланған, қуаты 360 мВт электр және 1000 Гкал/сағ жылу энергиясы бар Өскеменде ЖЭО-3 құрылысы.


Алматы. Ел Президенті айқындаған стратегиялық міндеттер негізінде қалыптастырылған 2026-2030 жылдарға арналған қаланы дамытудың жаңа жоспары дайындалды.

Негізгі басымдықтардың қатарында – көлік жүйесін кешенді дамыту, қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, экологиялық бастамаларды қолдау, цифрлық трансформацияны жеделдету және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру.

Алдағы бес жыл ішінде Алматының жалпы өңірлік өнімінің көлемін 70,0 трлн теңгеге дейін екі есе ұлғайту жоспарланып отыр, бұл жаңа даму жоспарын іске асыру тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің біріне айналады.


Ақмола облысы. Облыс ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен қатар инвестициялық белсенділікте де экономиканың тұрақты даму серпінін растай отырып, 52,3% көрсеткішімен экономикалық өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр.

11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына негізгі капиталға шамамен 750,0 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 1,5 есе артық. Өңірде астықты терең өңдеу, тау-кен өндіру және өнеркәсіп салаларында мыңдаған жұмыс орындарын құруды көздейтін халықаралық компаниялардың қатысуымен ірі жобалар іске асырылып жатыр.

Инвестицияларды тартудың негізгі құралдарының бірі – елорда өңірінде индустриалды аймақтарды дамыту. Республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы Аршалы ауданында 4 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 1,0 трлн теңгеден астам сомаға алты жобадан тұратын портфель қалыптастырды. Сонымен қатар Көкшетау мен Степногорск қалаларында өнеркәсіптік инфрақұрылым дамып жатыр.


Түркістан облысы. Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталды. Жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі бастамалардың бірі және өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру мен «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған.

КЭС құрылысына салынған инвестициялар көлемі шамамен 160,0 млрд теңге, жобаны іске асыру шеңберінде 500-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Станция пайдалануға берілгеннен кейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесі ұлғаяды, бұл облыстың энергетикалық қауіпсіздігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Жобаға ұлттық және халықаралық компаниялар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ құрылымдары мен ҚХР серіктестері қатысады. Күн электр станциясын іске асыру инвестицияларды тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және өңірдің тұрақты экологиялық бағдарланған дамуы үшін қосымша жағдай жасайды.


Алматы. Шағын және орта бизнес секторы мегаполистің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете отырып, оңтүстік астана экономикасының негізгі элементі болады.

2026 жылы жергілікті бюджеттен ШОБ-ты қолдауға ағымдағы жылмен салыстырғанда 30%-ке артық 66,0 млрд теңге көзделген. Арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4%-тен 3%-ке дейін төмендетілді, ал 2027 жылдың соңына дейін 4,8 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы ауданы 226 мың шаршы метрден асатын 39 шағын өнеркәсіп паркін іске қосу жоспарланып отыр.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық бере отырып, жаңа инвестициялық циклды іске асыру жоспарланған. 2026-2028 жылдары қалада 2,3 трлн сомаға 165 инвестициялық жобаны іске асыру, Индустриялық аймақ пен «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ны кеңейту, сондай-ақ 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортын 7,0 млрд долларға дейін 40%-ке ұлғайту көзделген.


Қарағанды облысы. Облыстың өнеркәсіптік секторы тұрақты өсуді көрсетеді. Өңірде 25 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, келесі жылы тағы 15 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Экономикалық және индустриялық аймақтар облыстың елдің негізгі өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтады, кәсіпорындар мен жұмыс орындарының саны артып келеді.

Оң қарқын металлургияда, құрылыс индустриясында, химиялық өндірісте, машина жасауда, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаруда байқалады. Осы жылдың 10 айында 2 мыңға жуық автобус пен арнайы техника, 500 мыңға жуық автомобиль шиналары және 250 мың тұрмыстық техника шығарылды. Өнеркәсіптік өсуде жүйе құраушы кәсіпорындар маңызды рөл атқарады.

Шағын өнеркәсіптік бизнес дамып жатыр: пилоттық режимде Қарағанды мен Саран қалаларында үш шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады. Жалпы, инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде шамамен 2,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өңірдің экспорттық белсенділігі де өседі – өнімдер Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ елдерін қоса алғанда, әлемнің 70 еліне жеткізіледі.


Жетісу облысы. Осы жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша облыстағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 106,9%. Оң өсім ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, саудада, құрылыста және тұрғын үй секторында тіркелді, тұрғын үйді енгізу 19,4%-ке өсті.

Өңір экономикасына 452,5 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ке артық. Жеке инвестициялар көлемі – 306,0 млрд теңге. Көлемі 208,5 млрд теңгеге жеткен көлік қызметтері, сондай-ақ байланыс қызметтері айтарлықтай өсуді көрсетті.

Өңірлік органдардың деректері бойынша жыл соңына дейін облыс барлық жоспарланған нысаналы индикаторларды орындайды. Негізгі салалардағы тұрақты қарқын өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инвестициялық тартымдылығын нығайтуға жағдай жасайды.


Түркістан облысы. Экономиканың негізгі драйверлері – инвестициялар, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы.

Жыл басынан бері өңір экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды, өсім 123%-ке жетті. «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық форумы шеңберінде мақта кластерін құру, индустриялық аймақтарды дамыту, металды және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі жобаларды қоса алғанда, 432,2 млрд теңге сомасына 9 меморандумға қол қойылды.

Облыс ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бойынша республикада 13% үлесімен бірінші орында тұр. Осы жылдың 11 айында 1,15 трлн теңгеге өнім өндірілді, жыл қорытындысы бойынша көрсеткішті 1,25 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және АӨК инфрақұрылымын дамыту жалғасады.


Қостанай облысы. Индустриялық әлеуетті дамыту және толық циклді машина жасау кластерін қалыптастыру жөніндегі шаралар рет-ретімен іске асырылып жатыр. Негізгі басымдықтар – инвестицияларды тарту, жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу және жаңа жұмыс орындарын құру.

2024 жылы өңірде инвестиция көлемі 78,2 млрд теңге және өндірістік қуаты жылына 45 мың тоннаға дейін құйма шығаратын «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауыты пайдалануға берілді. 2025 жылы қуаты жылына 70 мың автомобильге дейін Kia автомобиль зауытын іске қосуды қоса алғанда, 312,1 млрд теңге сомасына бес инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, бұл облыстың өңдеу өнеркәсібінің көлемін 46,5%-ке ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар компоненттік және көліктік-логистикалық инфрақұрылым дамиды. Жыл соңына дейін автобөлшектер мен жетекші көпірлер өндіретін зауыттарды іске қосу, сондай-ақ қуаты жылына 400 мың контейнер көлік-логистикалық кешен салу жоспарланып отыр. Жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждері инженерлік бағдарламаларды кеңейтті, жаңа өндірістердегі жастардың үлесі 55-70%-ке жетеді.


Шығыс Қазақстан облысы. Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және инженерлік инфрақұрылым салаларында 21 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізіледі.

Білім беру саласында негізгі жобалар – Риддер қаласында 35% дайындықпен 600 орындық мектеп және Жарсу ауылында 2025 жылдың желтоқсанында 98%-ке іске қосылатын мектептің спорт корпусын салу. Денсаулық сақтау саласында ірі нысандарды іске асыру жалғасады: Өскемендегі гематологиялық орталық 90%-ке, Риддердегі көпсалалы аурухана 98%-ке дайын. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы, Онкология орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту және перзентхана ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 36 нысанның 35-де жұмыстар аяқталды. Ауылдық елді мекендерде бес спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр, олардың екеуі 95%-ке дайын. Осы жылдың соңына дейін сегіз нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жобалар уақтылы және сапалы тапсыруды қамтамасыз ету үшін қатаң бақылауда.



Қарау саны: 73
Сақталған: 23.12.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!