Астанада елдің жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған сарапшылар кездесуі өтті

04.02.2026

2026 жылдың 03 ақпанында ҚР Президенттік орталығында «Әділетті Қазақстанның Конституциясы» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті.

Іс-шараның мақсаты – елдің қоғамдық-саяси және экономикалық дамуының өзекті мәселелері контекстінде елдің жаңа Негізгі заңы жобасының негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жүргізу.

Кездесуді ұйымдастырушылар – ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты және Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы.

ҚР Президенті орталығының директоры Бақытжан Темірболат жиынның алғысөзін айтып,«Ұлттық құрылтайдың V отырысы барысында Мемлекет басшысы институционалдық дамудың жаңа кезеңін айқындайтын, жаһандық тұрақсыздық пен жалпы белгісіздік жағдайында мемлекеттік институттарды нығайтуға, қоғамның қатысуын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін көтеруге бағытталған кешенді жолдауларды жария етті. Жаңа Конституция жобасында айқындалған мемлекеттің жаңа моделінің басты ерекшелігі – Парламенттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сондай-ақ адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісіндегі маңызды межелі кезең болып табылады және Президент Қ.К.Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағыттың логикалық жалғасы саналады», – деп атап өтті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елде жүзеге асырылып жатқан консенсус реформаларын бағалау кезінде соңғы онжылдықта әлемде болған ауқымды геосаяси өзгерістерді ескеру қажеттігін айтты. «Күрделі халықаралық ахуалда мемлекеттің біртұтас құрылымын және президенттік басқару формасын сақтау Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Орталықтандырылған және тиімді басқару жүйесі елдің тұрақтылығын және территориялық тұтастығын қамтамасыз етеді», — дейді ол.

Мәжілістің тағы бір депутаты Ажар Сағандықова Негізгі заң жобасында мемлекетті жүйенің орталығы ретінде қараудан адамды оның басты мәні ретінде айқындайтын түбегейлі бетбұрыс жасалғанын атап өтті.

Экономикалық зерттеулер институты атынан Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар. Хатшылық директоры өз сөзінде конституция жобасындағы ел бірлігі мәселелерінің ұлт аралық сипаттаған этника аралық және конфессия аралық сипатқа көшкенінен, мәдениет, білім, ғылым, инновация мәселелерінің, қоршаған ортаны қорғауға ден қойылғандығы жаңа Конституция жобасында тұрақты дамудың «Ешкімді назардан тыс қалдырмау» қағидасы ескерілген көрсетті. «Алайда тұрақты даму экономика, әлеуметтік саясат, экология деген 3 тағаннан тұрады. Осыны ескерген абзал» - деді.

Сондай-ақ, ол жұмыс тобына үлкен үміт артатынын айтып, осы қағида толық жүзеге асса, қоғам тиімді құқықтық негіздің қалыптасуына куә болатынын жеткізді.

«Демек, біз бүгінгі күнгі жұмыс істеп жатқан жұмыс тобына артатын үмітіміз зор. Ешкімді назардан тыс қалдырмау қағидасы жүзеге асырылса, онда біз өте тиімді заңдық негіз қалыптасқанына куә боламыз. Сол күнге жетеміз деп ойлаймын, – деді Бақытгүл Хамбар.

Сарапшылар кездесуінің қорытынды баяндамасын Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пүсірманов жасады. Институт директорының жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау үдерісіне азаматтардың белсенді қатысуын елдегі саяси жаңғыртудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастыруға болатынын айтты. Ол өз сөзін жалғастыра отырып, «Осы орайда азаматтық белсенділіктің артуы конституциялық реформаның қоғамдық легитимділігін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың саяси-құқықтық санасының өсуіне де әсер етеді. Әртүрлі қауымдастықтар мен кәсіби топтардың ұсыныстары Конституция жобасының сапасын арттыруға және оны қоғамның нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл үдеріс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді», – деді.

Сараптамалық кездесу барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық құқық және мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы Сабигүл Бекішева, Еуразиялық интеграция институты Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов сөз сөйледі.

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар, сондай-ақ Парламент депутаттары, V Ұлттық құрылтайдың қатысушылары қатарынан шамамен 70 адам қатысты.



Қарау саны: 25
Сақталған: 04.02.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!