Сыртқы экономикалық ортаның тұрақты құбылмалылығы, әлеуметтік міндеттемелердің өсуі және экономиканы құрылымдық қайта құру қажеттігі жағдайында фискалдық саясат макроэкономикалық тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаруды жалғастырады.
2025
жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның
мемлекеттік бюджетінің шығындары өткен
жылмен салыстырғанда 10,3%-ке ұлғайып,
33,4 трлн теңгеге (ЖІӨ-ге 21,0%) жетті. Шығындар
бойынша бюджеттің атқарылуы - 98,9%.

Ескертпе: Институционалдық блок жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерді; қорғанысты; қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметін; әлеуметтік блок білім беруді; денсаулық сақтауды; әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруды; мәдениетті, спортты, туризмді және ақпараттық кеңістікті; нақты сектор мен инфрақұрылым тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты; отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалануды; ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастарын; өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін; көлік және коммуникацияларды; қамтамасыз ету блогі борышқа қызмет көрсету және өзге де шығындарды қамтиды.
Мемлекеттік
бюджет дәстүрлі түрде әлеуметтік
бағдарланған: барлық шығындардың
жартысынан көбі әлеуметтік
блокқа бағытталған.
2025 жылы оның көлемі өткен жылмен
салыстырғанда 10,1%-ке ұлғайып, 17,9 трлн
теңгеге (барлық шығындардың 53,5%) жетті.
Әлеуметтік шығыстар құрылымында білім
беру шығындары ең көп үлеске ие – 5,9%
өсіммен 7,1 трлн теңге (барлық шығындардың
21,2%). Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі
бастауыш, негізгі және жалпы орта білім
беруге (65,0%) бағытталған, бұл жаппай
мектеп білімінің қолжетімділігін
қамтамасыз етуде және базалық білім
беру инфрақұрылымын қолдауда мемлекеттің
басымдығын көрсетеді. Мектепке дейінгі
тәрбие шығындары 13,1%-ке, жоғары және
жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру
шығындары 9,2%-ке жетті.
Әлеуметтік
шығыстардың едәуір үлесін әлеуметтік
көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға
жұмсалған шығындар да қамтиды, олар
2024 жылмен салыстырғанда 11,1%-ке ұлғайып,
6,7 трлн теңгеге (барлық шығындардың
20,0%-і) жетті. Бұл ретте осы қаражаттың
91,1%-і атаулы әлеуметтік көмекті, арнаулы
әлеуметтік қызмет көрсетуді, әлеуметтік
оңалтуды және т. б. қоса алғанда, тікелей
әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған.
Мұндай құрылым бюджетке әлеуметтік
міндеттемелердің жоғары жүктемесін
және халықтың осал топтарын қолдаудың
басымдығын көрсетеді.
Нақты
сектор мен инфрақұрылымды
қаржыландыруға 7,0 трлн теңге бағытталды
(барлық шығындардың 21,0%), бұл 2024 жылғы
деңгейден 12,3%-ке артық. Қаражаттың ең
көп көлемі келесі салаларда шоғырланған:
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта 2,7
трлн теңге (барлық шығындардың 8,1%), көлік
пен коммуникацияларда 2,4 трлн теңге
(барлық шығындардың 7,3%). Мұндай құрылым
елдің экономикалық моделіне шикізаттық
экспорттық мамандануы және дамып келе
жатқан көлік-логистикалық функциясы
бар аграрлық-индустриялық экономика
ретінде сәйкес келеді. Сонымен бірге
өнеркәсіпке, сәулет және құрылыс
қызметіне жұмсалатын шығындардың 113,9
млрд теңгеге дейін 2 есе қысқаруы (барлық
шығындардың 0,3%) осы бағыттың мемлекеттік
қаржыландырылуының шектеулігін
көрсетеді.
Институционалдық
блоктың
шығындарына 2025 жылдың қорытындысы
бойынша өткен жылмен салыстырғанда
8,3%-ке артып, Қазақстанның мемлекеттік
бюджетінен 5,0 трлн теңге (барлық
шығындардың 15,0%) мөлшерінде қаражат
бөлінді. Жалпы сипаттағы мемлекеттік
қызметтерге (5,4%), қоғамдық тәртіпке,
қауіпсіздікке, құқықтық, сот,
қылмыстық-атқару қызметіне (9,1%) және
қорғанысқа (11,3%) шығыстардың өсуі
мемлекеттің қауіпсіздікті, құқықтық
тәртіпті және базалық институттардың
жұмыс істеуін қамтамасыз етудегі рөлінің
күшеюін көрсетеді.
Мемлекеттік
бюджет шығындарының қамтамасыз ету
блогі
2025 жылы 3,5 трлн теңгеге (барлық шығындардың
10,6%) жетті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда
10,5%-ке артық. Бұл ретте бюджеттің міндетті
шығыстарының бірі ретінде мемлекеттік
борышқа қызмет көрсетуге арналған
шығындар 19,2%-ке өсті.
Жалпы,
Қазақстанның мемлекеттік бюджеті
шығындарының құрылымы 2025 жылы фискалдық
саясаттың айқын әлеуметтік бағдарының
сақталуын растайды. Сонымен қатар, нақты
сектор мен инфрақұрылымды, институционалдық
және қамтамасыз ету блоктары сияқты
қалған бағыттарды қаржыландыру олардың
қайталама басымдылығын куәландырады
және елдің қалыптасқан экономикалық
моделіне сәйкес келеді.
Міндетті
және қысқартылуы қиын шығыстардың өсуі
жағдайында бюджет саясатының негізгі
бағыты – бюджет шығыстарының, ең алдымен
әлеуметтік саладағы тиімділігі мен
нәтижелілігін арттыру. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда
Үкіметтің кеңейтілген отырысында
сөйлеген сөзінде шығындар мөлшерінен
арттырудан оларды сапалы оңтайландыруға
баса назар аудару қажеттігін, әлеуметтік
саланы цифрландыруды және қолданыстағы
бюджеттік бағдарламаларды жан-жақты
тексеруді жүргізудің маңыздылығын атап
өтті.
Осы
тәсілдерді іске асыру әлеуметтік
қолдаудың атаулылығын арттыруға,
қысқартылатын шығындардың өсуін тежеуге
және бюджет жүйесінің тұрақтылығын
нығайтуға мүмкіндік береді.
Жұмахан
Меруерт
Фискалдық
саясат орталығының аға
сарапшысы